Тілсіз жау. Елімізде 300-ден астам орман өрті тіркелді

995
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JCjvziBFiNKNyDF1qjtKoaMgv20cQwbvr5c1ftNL.webp

2024 жылдың басынан бері елімізде 320 орман өрті тіркелді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Қазақпаратқа сілтеп. 

Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Ринат Нұрғазин хабарлаған.

Маманның айтуынша, орман өрттерінің басым бөлігі — найзағайдың салдарынан, ал біраз бөлігі — адам әрекетінен шыққан.

«Өрт қаупі бес деңгейге бөлінеді. Ең жоғарғысы – бесінші сынып. Бұл, негізінен, жаз мезгілінде, аптап ыстықта тіркеледі. Биылғы 320 өрттің 217-сі найзағайдың әсерінен шыққан. Найзағай құрғақ шөпке түскен кезде бірнеше минутта өрт тұтанып, үлкен орман өртіне ұласуы мүмкін», – деді сарапшы.

Сонымен қатар, адам факторынан шыққан 12 орман өрті де анықталған. Көбінесе бұл — темекі тұқылын, шыны бөтелке немесе жанғыш заттарды тастап кетудің салдары.

«Қазіргі таңда осындай құқықбұзушылықтарға 52 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 12 миллионы өндіріліп алынды, ал кейбір істер сотқа жолданды», – деді Ринат Нұрғазин.

Комитет өкілі әрбір орман өрті бойынша қызметтік тексеріс жүргізілетінін атап өтті. Себептер арнайы комиссия арқылы анықталып, қажет жағдайда қылмыстық іс қозғалады.

Сонымен қатар, экология министрлігі мен жергілікті әкімдіктер орман шаруашылықтарын қорғауға арналған 2024–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарды қабылдаған. Бұл жоспар аясында 68 миллиард теңге бөлініп, техникалық жабдықтармен қамту көзделіп отыр.

Алайда сарапшының айтуынша, орманды сақтау тек мемлекеттік құрылымдардың емес, әр азаматтың да ортақ жауапкершілігіне байланысты.

«Әр адам орманда өзін дұрыс ұстауды, балаларын соған үйретуді, от жаққан соң міндетті түрде сөндіруді, жанғыш зат қалдырмауды білуі керек», – деп атап өтті Нұрғазин.

Қазір орманды жерлерге келетін туристердің саны артып келеді. Бұл жағдай өрт қауіпсіздігіне байланысты мәселелерді күрделендіріп отыр. Осыған байланысты орман қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, профилактикалық дәрістер оқып, хабарламалар таратуда.

댓글
기타 기사