500 рет сахналанса да «Гауһартасқа» халықтың ықыласы басылар емес

302
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/mVsCdzvZ2FqlaclLqANaKIAT8SOOekRyJ6OVUVTn.jpg

Дулат Исабековтің повесі негізінде сахналанған «Гауһартас» спектаклі қазақ театры тарихында рекорд жасады. 2023 жылдан бері үздіксіз қойылып келе жатса да көрерменнің ықыласы ерекше. Тіпті бұл спектакльге билет табудың өзі оңай емес. Ең қызығы, «Гауһартасқа» 1-2 рет емес, тіпті 6-7 рет барғандар да бар екен. Жасты да, жасамысты да театрға құштар еткен «Гауһартас» спектаклі халықты қалай баурап алды? Оның ұзақ уақыт сахналануының әрі үнемі аншлагпен өтуінің сыры неде? 


Фотода «Гауһартас» қойылымы

Қоңырқай тіршілікке енген жарық

Сахна шымылдығы ашылған сәтте қойылым көрерменді ә дегеннен ауыл тіршілігіне жетелейді. Құстардың үні мен төрт түліктің дауысы естіліп, көз алдымызда қырдағы жалғыз үйдің қоңырқай тіршілігі жанданады. Сахна басынан артық, ауыр жиһаз таппайсыз, себебі оқиға ұлттық нақыштың көмескіленіп, орнын кеңестік жұпынылық басқан өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында өрбіп жатыр.

«Гауһартастың» сырын шертіп, әңгімені баяндайтын – осы үйдің кенжесі Қайыркен. Бұл үйде әркім өз тірлігімен әуре. Бір-бірімен сырласып, көңілдегісін ашық айтуға именетіні тағы бар. Ал ақынжанды Қайыркен өзі өскен ортаға өзгеше қарайды. Қойылымның басынан аяғына дейін онымен бірге үміттеніп, бірге алаңдайсың.

Сахнадағы сюжет үйдің үлкені Тастанның Салтанат есімді аруды жар етіп алған кезінен басталады. Көпшілікке кең тараған «Құдаша» әні мен биі де осы екеуінің тойында орындалады. Бұл сахнада қыздар мен жігіттердің жарасымды әзілі, әнге ұласқан биі колхоз тойының көркін қыздырады. Актерлердің ойыны мен осы сәттегі атмосфера «Гауһартастың» әуел баста трагедия екенін де ұмыттырады.


Фотода «Гауһартас» қойылымынан үзінді

Айта кетейік, «Гауһартас» Музыкалық жас көрермен театрында сахналанатындықтан, ішінде мюзиклге тән элемент көп кездеседі. Қойылымдағы «Жеңеше-ай», «Келші, айым», «Құстар қайтып барады», «Сағындым ғой», «Ләйлім шырақ», «Көктем келер» секілді әндер көрерменнің көңіл күйін құбылтып отырады.


Фотода «Гауһартас» қойылымынан үзінді

Кейін Салтанаттың бұл шаңырақтағы қоңырқай тіршілікке жарық боп енгенін байқайсыз. Актриса Инабат Ризабекқызы Салтанаттың тәрбиесі мен еркелігін ішкі еркіндігімен жарастыра сәтті ойнап шықты. Ол Тастанды тойға дейін үш-ақ рет көрсе де, жігері мен жігіттік болмысына сүйсініп, шын жақсы көреді. Қайыркенге де жеңгелік мейірімін төгіп, сырласына айналады. Ал Тастанды сомдаған Оразалы Игіліктің ойыны басқа арнада өрбиді. Оның Тастаны – сөзге сараң, бірбеткей, сезімін білдіруге шорқақ жан. Көкпар мен Күрең атына келгенде жібитін мінезі жарының жан қалауын түсінуге келгенде тұйықтала қалады. Повестьте Ыбыш атымен есте қалған кейіпкер 1975 жылы жарық көрген «Гауһартас» фильмінде тасқа біткен қаталдығының белгісі ретінде Тастанға айналған.

Ойдың да салмағы бар


Басты рөлдегі әртістер бір-бірін толықтырғанымен, Тұрымбет бейнесі солардың арасында әлсіздеу көрінеді. Аудитория Қазыбек Есқараның ойынынан алпысты алқымдаған, көргені мен түйгені мінезіне салмақ қосатын ер адамды көргісі келеді. Оның үнсіздігінің өзінен өткен өмірінің табы, үй ішіне жүргізген билігінің салдары аңғарылуы керек. Тастанның мінезі қайдан бастау алғанын көрсету үшін де әкесімен қарым-қатынасын толық көрсету маңызды.

Күйеуінен жылулық таппаған Салтанаттың жалғыздығы

Салтанаттың неге өзін жалғыз сезінетінін кей көрермен түсінбеуі де мүмкін. Ол – бір шаңырақтың астында жүріп, ең жақын адамына сырын айта алмай, айтса да түсіністік таппай қиналып жүр. Салтанат Тастанның жүрегіне жол іздеп, еркелейді, ән салады, оған бар ықыласын арнайды. Дегенмен жауап алмаған сайын екеуінің арасындағы алшақтық ұлғая береді.

Оқиға өткен ғасырда өрбігенімен, бұл қайшылық бүгінгі отбасыларға да жат емес. Режиссер Асхат Маемировтың айтуынша, күнкөріс қамымен жүріп, жақындарымыздың жағдайын сұрауға да ұмытып кетеміз.


Фотода Асхат Маемиров

«Көрермен Тастан мен Салтанаттың қарым-қатынасынан өзі айта алмаған сөзді, еленбей қалған ықыласты көруі мүмкін. Шығарманың бүгін де әсерлі болуының бір себебі – осы шығар», - деп пайымдады ол.

«Гауһартастағы» әсем әуендер мен ауыл тіршілігі біздің гендік жадымыздағы жаңырық болса, ал Салтанаттың басындағы халге қарап,  біреулер одан анасының сабырын, біреу жарының еленбей қалған ықыласын, енді бірі өзінің айтылмаған ренішті танитыны хақ.

Қуаныш пен қайғы – егіз

Қайыркенге сырлас, енесіне сүйеніш болғанымен, күйеуінен жылу көрмеген Салтанат толғақ кезінде жан тапсырады. Осы сәтте сахнадағылар қара жамылып, жаппай жоқтау айтуға көшеді. Ал жарының қадірін енді түсінген Тастан оған жылы сөз айтуға да, көңілін аулауға да кеш екенін ұғады.


Фото: Музыкалық жас көрермен театры

Көрермен Тастанның жарына деген қарым-қатынасында әкесінің ықпалын байқайды. Тастан сырт көзге қатал, осалдық танытпайтын ер адам болып көрінгісі келетіндей. Салтанатқа жылы сөз айтуды, көңілін аулауды өз беделін түсіру деп санайды. Ал әкесі қойылым соңында қолын бір сілтеп, бар жауапкершілікті баласына ысырады. Отбасын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған әке өз билігінің салдарын түсінгенде шет қалады.

Бүгінде кей отбасындағы жас жұбайлар бір-бірінің көңілін табудан бұрын үлкендердің талабына сай болуға тырысады. Жарына жақтасса, ата-анасына қарсы шыққандай болады. Ал үндемей қалса, арадағы сенімге сызат түседі. Бұл дилеммадан қаншама шаңырақтың шайқалып жатқаны жасырын емес. «Гауһартас» осы тұста үлкеннің беделі айтқанын орындатумен ғана өлшенбейтінін аңғартады. Оның салмағы жас отбасының дербестігін сыйлап, қажет кезінде сүйеу бола білуінде екенін ұқтырады.

Қойылым кезінде адам баласына дарыған барлық эмоцияны сезе аласыз. Бұл жерде шаттық пен орны толмас өкініштің контрасты бар. Режиссер Асхат Маемировтың отбасыдағы мейірім мен сыйластық туралы ойы да осы оқиға арқылы ашылады. Ол бірнеше буын бірге көріп, өз өмірін тани алатын қойылым жасауды көздегенін айтады.

«Бақытты шаңырақтың іргетасы – махаббат пен сыйластық. Бір-бірінен мейірімін аямайтын отбасы бақытын баянды ете алады. Әр шаңырақ осы жылылықты жоғалтпай сақтаса екен деймін», - деп түсіндірді режиссер.

«Гауһартасты» ойнаған сайын жаңа қыры ашыла береді»

 

Фотода Асылхан Төлепов

Оқиға көрерменге Қайыркеннің көзімен жетеді. Бозбаланың арманын, жеңгесіне деген ықыласын, жақынын жоғалтқандағы күйзелісін жеткізу актерден үлкен ізденісті, шеберлікті талап етеді. Оның үстіне бұл қойылымның соңғы 3 жылда 500 рет сахналануы мен үздіксіз гастрольдік сапарлар шығармашылық ұжымға қалай әсер етті? Бұл туралы біз Қайыркенді сомдаған Асылхан Төлеповтен сұрадық. 

- «Гауһартасты» сахналау туралы ұсынысты қалай қабылдадыңыз? Қойылымға дайындық барысында шығармаға көзқарасыңыз өзгерді ме?

- Бала кезімнен «Гауһартас» кітабын оқып, фильмін көріп өстім. Арада біраз жыл өткенде повесте қайта оқыдым. Содан шамамен бір жылдан кейін театрымыздың көркемдік кеңесінде осы туындыны сахналау туралы ұсыныс айтылды. Оны ұсынған – досым, өнердегі әріптесім Аян Өтепберген. Ал маған Қайыркеннің рөлін сомдау бұйырды. Сол сәтте «Шығарманы сахнаға лайықтап шығара аламыз ба? Көрерменге жеткізе аламыз ба?» деген іштей қорқыныш болды. 

Мен үшін ең әуелі көрерменді Қайыркеннің жан дүниесімен таныстыру маңызды болды. Залда отырған адам оның қандай адам екенін, нені қалайтынын, нені армандайтынын түсінуі керек. Сонда көрермен оған жақындайды, сырласындай, досындай болады.

- «Гауһартас» осы күнге дейін шамамен 500 рет сахналанды. Әр ойында Қайыркеннің күйіне қайта ену үшін қалай дайындаласыз?

Қойылым алдында сахнаға ертерек шығамын. Қайыркеннің домбырамен беташар айтатын көрінісі бар, сол бөлімді бірнеше рет қайталаймын. Одан кейін он бес-жиырма минуттай оңаша қалып, үнсіз отырып, ойымды жинақтаймын.

- «Гауһартасты» ойнаған сайын жаңа қыры ашыла береді. Бір күні айтқан сөзің келесі көрсетілімде өзіңе басқаша әсер етуі мүмкін. Кей жолдардың бұрын аңғармаған мағынасын түсінесің. Меніңше, бұл – шығарманың мықтылығы. «Гауһартас» қайта оқыған сайын да, сахнада қайта ойнаған сайын да мәнін жоғалтпайды. 

- Сіз үшін «Гауһартастың» табысы немен өлшенеді? Есіңізде қалған көрермен пікірі бар ма?

- «Гауһартас» театр өміріне жаңалық әкелген қойылымдардың бірі деп ойлаймын. Бірнеше жүлде алдық. Күніне екі-үш сеанс өткізген кездеріміз болды. Соның өзінде зал лық толатын. Қойылым көрерменнің жүрегінен орын алғанына сенімдімін. Ең бастысы – адамдар одан ой түйіп шығады. 

Өзіме қатты әсер еткен бір жағдай болды. Қойылымнан кейін екі-үш ер адам жаныма келіп, көңілдері босап «Бауырым, қойылым керемет екен. Отбасыммен екі жаққа кетуді ойлап жүрген едім. Енді шаңырағымды сақтап қалуым керек» деді. Демек бұл туынды қазақ сахнасына қажет.

Өзім үшін тағы бір үлкен марапат – Төлен Әбдік атамыздың батасы. Спектакльден кейінгі «Мен нағыз Қайыркенді көрдім» деген сөзі мен үшін айрықша қымбат. «Гауһартасты» театрымыздың төлқұжатына айналған қойылым деуге болады. Осы орайда ұстазымыз, театр директоры әрі «Гауһартастың» режиссері Асхат Маемировке, сахнадағы әріптестеріме алғыс айтқым келеді.

- Қойылымды көрген адам Қайыркеннің қай әрекеті не таңдауы туралы ойланса дейсіз?

Қызық сұрақ. Оның қыз балаға деген құрметі, жеңгесіне көрсеткен ілтипаты көрерменге ой салса екен деймін. Қайыркеннің жеңгесіне деген ықыласы ерекше: Салтанатты жақсы көреді, сыйлайды, қадірлейді. Сонымен қатар оның ешкімге жамандық тілемейтін, арам ойы жоқ бейнесі көпке үлгі болады деп сенемін.

- Көрерменнен қойылым туралы қандай сын естідіңіз?

- Шынымды айтсам, қойылымды қатты сынаған көрерменді кездестірмеппін. Әрине, кейде ойыныңа көңіл күйің не басқа жағдай әсер етуі мүмкін. Сондайда дәл сол күні көрерменге жеткізуге тиіс сезімді толық бере алмаған кездеріміз болған шығар. Дегенмен қойылымның құрылымы мен мағынасына қатысты сын естімедім. Керісінше «Бұл спектакльді Тастан секілділерге көрсету керек. Бәлкім, жүректері жібір» деген пікір көп айтылады.

Көрерменнің сынын да, өзге пікірді де қабылдай білуіміз керек. Әр адамның қойылымнан алған әсері, көкейінде қалған сұрағы болады. Біздің жеткізгіміз келген ой оның түйгенімен сәйкес келмеуі де мүмкін. Әр пікірді ескеріп, одан сабақ ала білу маңызды. Сын адамды өсіреді, өшірмейді.

Қойылым 2023 жылы «UMAI» сыйлығын иеленсе, Салтанатты сомдаған Инабат Ризабекқызы «Сыншылар жүлдесі – 2023» марапатында «Жыл актрисасы» атанды. Сонымен қатар биыл басты рөлдегі қос актер Инабат Ризабекқызы мен Қазыбек Есқара «Ерен еңбегі үшін»  медалін иеленді.


Фотода Инабат Ризабекқызы

Бір қызығы, «Гауһартас» қаншама мәрте сахналанса да, сұраныс әлі жоғары. Сатылым ашылған бойда билеттер өтіп кетіп жатыр.


«Гауһартас» сахнаға ауыл тіршілігін, ән мен биді ғана емес, айтылмай қалған сөздің ауыр салмағын да алып шықты. Тастанның кеш оянған өкініші көрерменді өз отбасына, жақындарына қайта қарауға жетелейді. Жарына жылы сөзін аяған жігіт, баласының шаңырағына билігін жүргізген әке, үнсіз қиналған келін бүгінгі өмірде де бар. Сондықтан спектакль 500 рет қойылса да, көрермен азаяр емес. Залдан шыққан жұрт қол соғып қана қоймай, көкейіне бір ой түйіп кетеді. Қойылымның басты жеңісі де осы шығар. Ол жақыныңды барында бағалауға, жылы сөзді кейінге қалдырмауға үйретеді.

Дария Ғұмарова

Комментарии
Другие материалы