Президент: Заң бәріне ортақ, бұл – аксиома

166
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ERxQv7RWLqo2EfBMBUasik91tEYHLIgqiDrswRbL.jpg

19 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар тұлғаларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керектігін айтты, деп хабарлайды “Адырна”. 

Оның айтуынша, кінәсі дәлелденген әрбір адам заңда көзделген жауапкершіліктен жалтармауы тиіс.

Президент III Стратегиялық әріптестер форумында сөйлеген сөзінде Қазақстан сенімді серіктес ретінде «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидаты тұрақты, болжамды әрі ашық ортаның берік негізіне айналуы үшін барлық қажетті жағдайды жасайтынын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік саясаттың жай ғана бір бағыты емес, Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған саясатының негізгі тірегі. Сондай-ақ еліміздегі ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар осы қағидатқа негізделген.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияда заң үстемдігі мен азаматтардың заң алдындағы теңдігі бекітілгенін еске салды.

Президент сыбайлас жемқорлықтың мемлекетке деген халық сенімін әлсіретіп, елдің сапалы дамуына кедергі келтіретінін айтты. Оның сөзінше, мұндай әрекеттер жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесіне де кері әсер етеді.

«Кінәсі дәлелденген ешкім заңда көзделген жауапкершіліктен жалтармауы тиіс. Заң бәріне ортақ. Бұл – аксиома», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың пікірінше, заң талаптарын баршаға бірдей қолдану реформалардың қайтымсыздығын қамтамасыз етіп, азаматтардың сенімін ақтауға мүмкіндік береді.

Комментарии
Другие материалы