Сурет ЖИ-мен жасалған
Nvidia компаниясының бас директоры қызметіне Дженсен Хуангты қайтаруды талап еткен петицияға 150 мыңға жуық адам қол қойған. Олардың қатарында миллиардер Илон Маск пен Replit бағдарламалық жасақтама әзірлеу платформасының басшысы Амджад Масад бар. Бұл туралы Business Insider басылымы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Екеуі де петицияны X әлеуметтік желісінде қолдап, көпшілікке таратуға атсалысқан.
Науқанның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, петицияға 58 мыңнан астам акционер, Nvidia компаниясының қазіргі 5,6 мыңнан астам қызметкері және бұрынғы 1 мыңға жуық қызметкер қол қойған. Қол қоюшылар арасында Boom Supersonic аэроғарыш компаниясының басшысы Блейк Шолл мен Y Combinator венчурлық компаниясының жетекшісі Гэрри Тан да бар.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар қол жинаушылар тізімінде жалған қолтаңбалардың бар екенін мойындап, оларды жою жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеген.
Осы аптада Nvidia директорлар кеңесі Хуангтың «шетелдік арнайы қызметтердің нысанасына айналған-айналмағанын» тексеретінін хабарлаған. Бұған компания басшысының қызметкерлерге жазған хатында некеден тыс қарым-қатынасы болғанын мойындауы себеп болған.
Кейін оның компанияның жоғары лауазымды менеджерлерінің бірімен тағы бір байланысы болғаны туралы ақпарат тараған соң, Хуанг қызметінен кетті. Ал бас директордың міндетін уақытша атқарушы болып компанияның атқарушы вице-президенті әрі қаржы директоры Колетт Кресс тағайындалды.
