Батысқа талап. Ресей Украинадағы соғысты тоқтату шартына Орталық Азияны да қосқан

288
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pGBfj5a38PJfpgkNApoCJVqvbCdsIyX2ztFd8i5t.jpg

Фото: Reuters

Ресей Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерде Батыс елдерінен НАТО елдерінің Орталық Азиядағы кез келген әскери қызметтен бас тартуын талап еткен. Бұл туралы The New York Times басылымы 13 қарашада жариялаған материалында жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Басылымның мәліметінше, Ресей өкілдері Абу-Дабиде АҚШ және Украина делегацияларымен өткен келіссөздерде өз талаптары көрсетілген бейресми құжат таратқан. Мәскеу НАТО-ның Украинада, Шығыс Еуропаның өзге мемлекеттерінде, Оңтүстік Кавказда және Орталық Азияда әскери қызмет жүргізуіне шектеу қоюды көздейді. Сонымен қатар альянстың одан әрі кеңеюіне қарсы талап қойған.

Ресейдің бұл ұстанымы 2021 жылы жарияланған ұсыныстарымен де сәйкес келеді. Сол кездегі келісім жобасында НАТО мемлекеттеріне Украинада, Шығыс Еуропада, Закавказьеде және Орталық Азияда кез келген әскери қызметтен бас тарту ұсынылған болатын.

Бұдан бөлек, Мәскеу НАТО әскерлері мен әскери базаларын 1997 жылғы орналасу шекараларына қайтаруды және Батыс елдерінің Украинаға қару-жарақ жеткізуін тоқтатуды талап етіп отыр. Сондай-ақ Украинаның Еуропалық одақтың ортақ қорғаныс саясатына қатыспаған жағдайда ғана ұйымға қосылуына келісім беруге дайын екенін білдірген. Ұлыбритания мен Францияның ядролық қаруын Еуропаның басқа мемлекеттерін қорғау үшін пайдалану мүмкіндігін де шектеуді көздейді.

The New York Times дереккөздерінің хабарлауынша, Ресей өкілдері бұл талаптардың келіссөздердегі бастапқы ұстаным екенін және Владимир Путиннің белгілі бір мәселелер бойынша икемділік танытуы мүмкін екенін айтқан.

Ал АҚШ өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Ресей тарапының ұсыныстарына қатысты 2021 жылдан бері халықаралық жағдайдың өзгергенін атап өткен. Олар Мәскеу шиеленісті төмендетуге бағытталған нақты қадамдар ұсынған жағдайда, жаңа талаптарды қарастыруға дайын екенін жеткізген.

Айта кетейік, Ресей таратқан құжат 10 қарашада әзірленген. Онда ресми қол мен мемлекеттік бланк жоқ. Басылымның жазуынша, бұл құжат келісілген жоспар емес, Мәскеудің келіссөздердегі ұстанымын білдіретін бейресми материал.

Комментарии
Другие материалы