«Қазақ елі барда – тіл тұғырдан түспейді». Мемлекет басшысының сөзі әлеуметтік желі қолданушыларының жүрегінен орын тапты

249
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/E11Hg7AxSxtRvsNmbuZeCW5MvBUoSdRCeMVq7Ik4.jpg

Фото: Ақорда

Осыдан бірнеше күн бұрын Астана төрінде өткен «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Х құрылтайы ұлттық руханиятымыздың нақты бағыт-бағдарын айқындаған тарихи сәт болды. Бұл жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ана тіліміздің бүгіні мен ертеңіне қатысты көптің көкейінде жүрген дүниелер туралы айтты. Ал жұртшылық Президенттің сөзін қалай қабылдады? Біз әлеуметтік желі қолданушыларының пікірлеріне шолу жасап көрдік.

Президенттің айтуынша, тіл – баршамызға ортақ құндылық, сондықтан оның абырой-беделін асыру үшін тек үкімет емес, бүкіл қоғам, зиялы қауым мен кәсіпкерлер бірігіп, табанды жұмыс істеуі қажет. Оның – «Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді!» – деген сөзі ұлттық сенімді нығайтты.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы кейбір терминдердің қисынсыз, орашолақ аударылатынын тілге тиек етті. Сөйтіп, аудармашылардың «жаңашылдығынан» мезі болған қарапайым халықтың ойындағысын тап басты.

Ал енді біреулер тіл мәдениетіндегі тағы бір мәселені көтеріп, қолдау білдірді: «Дұрыс айтады, арабша қосып сөйлеуді тоқтату керек», – деген пікірлер де желіде кең тарады.

Азаматтардың басым бөлігі Мемлекет басшысының сөзінен рух алғанын жасырмады. Көптеген желі қолданушылары елдің бірлігі мен тілдің мәртебесін алға тартып, біреулер Президентке жылы лебіздерін білдіріп жатса, ал енді біреулері ол көтерген мәселелердің маңыздылығын атап өтті.

Түйіндей келгенде, бұл Құрылтай қоғам мен биліктің тіл мәселесіндегі ұстанымы бір арнада екенін айқын көрсетті. Президенттің тілге қатысты нақты түйткілдерді ашық айтуы – халықтың көкейіндегі ойлармен қабысып, жұртшылықтың жүрегінен орын тапты.

Комментарии
Другие материалы