ШҚО-ның шекаралық ауылында заманауи мәдениет орталығы есігін ашты

221
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/AxPpGWpB9zj2hWSHs7Pr7QBo0IZnR7mrNpw71PtC.jpg

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы Сарытерек ауылында жаңғыртудан өткен мәдениет үйі салтанатты түрде ашылды. Жаңарған мәдениет ошағының ашылуына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева қатысты. 

Ауыл үшін бұл - жай ғана ғимараттың жаңаруы емес, мәдени өмірдің жаңа кезеңіне бастайтын маңызды қадам. Енді Сарытеректің балалары мен жастары өнерін шыңдап, шығармашылық қабілетін дамытып, түрлі бағытта білімін жетілдіруге мүмкіндік алып отыр.

1961 жылы салынған мәдениет үйі ұзақ жылдар бойы ауыл тұрғындарының басын қосып, түрлі мәдени іс-шараларға ұйытқы болып келді. Уақыт талабына сай жаңғыртылған нысан бүгінде заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, 180 адамға арналған мәдени-рухани орталыққа айналды.

2024-2025 жылдары облыстық бюджеттен мәдениет үйін күрделі жөндеуге 345 млн теңге бөлінген. Аумақты абаттандыру мен қосымша жөндеу жұмыстарына тағы 11,6 млн теңге бағытталды.
Нысанды жаңғыртуға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры да қолдау көрсетті. Қордың көмегімен жүзеге асқан «QH Мәдени даму алаңы» жобасы аясында мәдениет үйі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, оған іргелес аумақ жабдықталды. Жобаға жалпы сомасы 185,2 млн теңге бағытталып, ауылдық кітапхана да жаңғыртылды.

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Нұрымбет Сақтағанов ауылдардағы мәдениет ошақтарын дамыту - өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше мән беріп келеді. Біздің басты мақсатымыз - қала мен ауыл тұрғындарына мәдени игіліктерге қол жеткізуде тең мүмкіндік жасау. Ауыл баласы да туған жерінде өнерін шыңдап, қабілетін дамыта алуы тиіс. Осы орайда ауыл мәдениетін дамытуға қолдау көрсетіп, жобаның жүзеге асуына зор үлес қосқан «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына алғысымды білдіремін», - деді аймақ басшысы.

Жаңартылған мәдениет үйінің басты ерекшелігі - мұнда шығармашылықтың сан түрлі бағытын дамытуға арналған арнайы студиялар жасақталған. Атап айтқанда, медиастудияда фото және бейнетүсірілім жасауға, бейнемонтаж бен цифрлық контент әзірлеуге болады. Ал дыбыс жазу студиясы ән жазып, музыкалық шығармаларды кәсіби деңгейде өңдеуге мүмкіндік береді.
 Ұлттық өнерді ұлықтауға да ерекше көңіл бөлінген.

Фольклорлық студия, домбыра, баян және қобыз үйірмелері жас ұрпақтың дәстүрлі өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар театр, вокал және косплей студиялары жұмыс істейді. Хореография залы да жас өнерпаздардың шығармашылық ізденісіне жол ашады.

Косплей студиясының ашылуы жастар үшін тың мүмкіндік болмақ. Мұнда олар түрлі кейіпкерлердің бейнесін жасап, костюмдер әзірлеу арқылы қиялы мен шығармашылық қабілетін дамыта алады.

Мәдениет үйі тек үйірмелер өтетін орын ғана емес, ауыл тұрғындары бас қосатын, өнер мен дәстүр тоғысатын ортаға айналмақ.

Комментарии
Другие материалы