Фото Ritchie B.Tongo / EPA / TASS
NVIDIA компаниясының бұрынғы басшысы Дженсен Хуангтің жеке өміріне қатысты дау одан әрі өрши түсті. Шетелдік БАҚ-та оның компанияның тағы бір қызметкерімен көңіл жарастырғаны туралы ақпарат тарады. Мәлімет оның қызметінен кететіні жарияланғаннан кейін белгілі болған. Бұл туралы The Quint басылымы жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
The Quint мәліметінше, Хуангтің тағы бір қызметкермен қарым-қатынаста болғаны туралы ақпарат NVIDIA директорлар кеңесі оның отставкасын ресми түрде жариялағаннан кейін бірнеше сағат өткен соң тараған.
Алайда бұрынғы топ-менеджермен байланысы болғаны айтылған қызметкердің есімі жарияланған жоқ. NVIDIA өкілдері мен компанияның директорлар кеңесі бұл ақпаратқа қатысты әзірге түсініктеме бермеген.
Еске салайық, жасанды интеллектке арналған чиптер өндіретін NVIDIA компаниясының 63 жастағы басшысының жеке өміріне қатысты ақпарат қазан айының соңында тарай бастаған.
Алғашында Хуангтің кәсіпкер Элис Хуангпен жақын қарым-қатынаста болғаны туралы мәлімет шықты. Сонымен қатар АҚШ арнайы қызметтері оның Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін деген күдікке ілінгенін хабарлаған. Осы оқиғалардан кейін компанияның директорлар кеңесі тәуелсіз тергеу жүргізуге кіріскен.
8 қарашада Дженсен Хуанг қызметкерлерге жолдаған хатында жұбайына опасыздық жасағанын мойындап, кешірім сұрағаны айтылды.
Кейін оның NVIDIA компаниясының денсаулық сақтау бағыты бойынша вице-президенті Кимберли Пауэллмен де қарым-қатынаста болғаны туралы ақпарат тарады. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Пауэлл бұрын Хуангке тікелей бағынған қызметкерлердің бірі болған.
Жеке өміріне қатысты дау күшейген тұста, 12 қарашада Дженсен Хуангтің NVIDIA бас директоры қызметінен кететіні және директорлар кеңесінің құрамынан шығатыны жарияланды.
The Quint басылымының жазуынша, қызметінен кетуіне байланысты Хуанг компаниядағы құны шамамен 108 миллион доллар болатын, яғни қазіргі бағам бойынша 48 миллиард теңгеден асатын төленбеген акциялар пакетінен айырылуы мүмкін.
Осылайша, әлемдегі ірі технологиялық компаниялардың бірін басқарған Дженсен Хуангтің айналасындағы дау оның жеке өмірімен ғана шектелмей, кәсіби қызметіне де әсер етіп отыр.
Еске салсақ, 23 қазанда Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Nvidia басшысы Дженсен Хуангты қабылдаған болатын. Кездесу барысында компания жетекшісі Қазақстанды Physical AI, яғни роботтарды, автономды көліктерді және өндірістік процестерді басқаратын физикалық жасанды интеллект саласындағы әлемдік хабқа айналдыруды ұсынған.
Президент кәсіпкерге елдегі ЖИ экожүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, оны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаған.
