Мамандық таңдауда шектеу жоқ

143
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/APakCrUMHcP6ba8d1Cel4xkUJQEzAzI07qg2c40s.jpg

Мамандық таңдауда жынысқа қатысты шектеу болмауы керек.

Осы ұстанымды дәріптеу мақсатында Шымкент қаласындағы Достық үйінде «Мамандыққа шектеу жоқ – мүмкіндік бәріне ортақ» атты көрме ұйымдастырылды. Тұран ауданы әкімі аппаратының Әлеуметтік қорғауға қолдау көрсету бөлімінің басшысы Талғат Сәліннің айтуынша, көрменің негізгі мақсаты – гендерлік теңдікті насихаттау, жастарға мамандық таңдауда әр адамның қабілеті мен қызығушылығы басты орында екенін көрсету. Сонымен қатар кәсіпкерлік пен заманауи технологияларды дәріптеу, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау көзделген.

Тұран ауданы әкімінің аппаратының бастамасымен өткен көрмеге аудан аумағында орналасқан төрт колледждің студенттері қатысып, кәсіби дағдылары мен шығармашылық жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. Атап айтсақ, Ә. Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің жастары картиналар, сәндік бұйымдар мен декоративті композицияларын таныстырса, Мирас колледжінің студенттері туризм, сән және сұлулық салаларындағы жұмыстарын көрсетті.

Техникалық бағытта Жол-көлік колледжінің студенттері машинист және техник-электромеханик мамандықтарына қатысты құрал-жабдықтарды таныстырды. Колледждің жол қозғалысын ұйымдастыру мамандығының екінші курс студенті Динара Оспан автоматты бөлшектеп, қайта жинау арқылы кәсіби шеберлігін көрсетті. Динара автоматты көзін жұмып 45 секундта шашып, қайта жинай алады. Ал көзі ашық кезде 9 секундта бөлшектеп, 20 секундта қайта құрастырады.

– Көпшілік бұл мамандықты ер балаларға тән деп ойлайды. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Қыз балалардың да осы салада жұмыс істей алатынын дәлелдегім келеді. Болашақта жоғары білім алып, мамандығым бойынша еліме қызмет еткім келеді, – дейді Динара.

Индустриалды-техникалық колледждің студенттері құралдарды қолдану тәсілдерін түсіндіріп, дәнекерлеу технологиясымен жасалған бұйымдарын көрсетті. Токарь станогында дайындалған жұмыстар да көрмеге қойылды.

Құтқару және қауіпсіздік салаларының мүмкіндіктері де назардан тыс қалмады. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері құтқарушылардың арнайы киімдері мен құрал-жабдықтарын таныстырды. Құтқарушы болуды мақсат еткен жастар арнайы экипировканы кию тәртібін көрсетіп, төтенше жағдай кезінде халыққа психологиялық және эмоционалдық тұрғыда қолдау көрсетудің маңызын түсіндірді.

Көрмеде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың шығармашылығына да орын берілді. Қалалық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Кәусар Орынбасар өзі жасаған қолөнер бұйымдарын ұсынды. Ол жеті жасынан бастап қолөнермен айналысады. Эпоксидті шайырдан ұлттық ою-өрнек пішініндегі түйреуіштер жасайтын жас шебер болашақта дизайнер болуды армандайды.

Көрме бағдарламасы сән көрсетілімдерімен жалғасты. Жиын соңында студенттер арнайы алғыс хаттармен марапатталды. 

Комментарии
Другие материалы