2027 жылдан бастап 77 мыңнан астам дәрігердің жалақысы 40%-ға дейін ұлғаяды. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде кадрлық әлеуетті нығайту және медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесіндегі жұмыстың тартымдылығын арттыру мақсатында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарына сараланған қосымша ақы белгілеу ұсынылады. Емхана жүйесінде жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысы үздіксіз еңбек өтілін ескере отырып 40%-ға дейін ұлғаяды»,— деп атап өтті министр.
Өңірлерде аудандық ауруханалар, жедел жәрдем стансалары мен қан орталықтарын қоса алғанда, 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салу жоспарлануда. Оның ішінде 8 перинаталдық орталық, 7 көпбейінді балалар ауруханасы, Балалар шұғыл көмек көрсету орталығы және Балалар хирургиясы орталығы бар. Сондай-ақ Балаларды оңалтудың ұлттық орталығының 5 жаңа үлгілік өңіраралық филиалын және 25 амбулаториялық-емханалық нысанды салу жоспарланған.
«Жобаларды жүзеге асыру 1,8 млн шаршы метр медициналық инфрақұрылымды құруға және жаңартуға, стационарлардағы төсек санын 9,2 мыңға ұлғайтуға және жаңғыртуға, сондай-ақ амбулаториялық көмек қуатын ауысымына 5 мыңнан астам келушіге көбейтуге мүмкіндік береді»,— деді Ақмарал Әлназарова.
