Өзбекстанда шетелде тәжірибе жинаған дәрігерлерге ай сайын үстемақы төленбек

225
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zRPzxgRlZVNzOv8w7HjDBk7fwHHMqn6VD1GT0j8b.jpg

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев  шетелде тәжірибе жинаған дәрігерлерді ынталандыру жүйесі енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Елге оралған мамандарға жұмысқа орналасуға кепілдік беріліп, ай сайын 50 млн сумға дейін (4 мың доллардан астам) жалақы үстемақысы төленеді. Сонымен қатар оларға өз командасына мамандарды дербес іріктеу мүмкіндігі беріледі.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау және фармацевтика саласының қызметкерлерімен кездесуде жергілікті медицина мамандарын қолдау шараларын да атап өтті. Атап айтқанда, кемінде 15 жыл еңбек өтілі бар қызметкерлердің ипотекалық несиесін ішінара өтеуге мемлекет 50 млрд сум (4,1 млн доллар) бөледі. Соның арқасында келесі жылдың өзінде мың маман жаңа баспанаға көшеді. Сондай-ақ жыл сайын 500 жас дәрігердің баспана сатып алу үшін алған несиесі бойынша бастапқы жарнаның 25 пайызына дейінгі бөлігі өтелмек.

Президент шалғай аудандарда жұмыс істейтін мамандарға 4,5 млн сумға дейін (375 доллар) үстемақы төленетінін де айтты. Бұған қоса, оларға 50 млн сум (4 мың доллардан астам) көлемінде біржолғы төлем беріледі.

Шавкат Мирзиёевтің айтуынша, соңғы 10 жылда 10 млн адамға қызмет көрсетуге арналған жаңа емханалар мен ауруханалар пайдалануға беріліп, 58 мың төсек-орын жасақталған. Қазір Өзбекстанда бұрын тек шетелде қолжетімді болған медициналық қызметтің 100-ден астам түрі көрсетіледі. Олардың қатарында жүректің туа біткен ақауларын емдеу, ағза трансплантациясы, роботтандырылған және күрделі нейрохирургиялық операциялар бар.

Президент дәрі-дәрмекке деген халық сұранысының 70 пайызын отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, соңғы уақытта жалпы құны 1 млрд доллар болатын 330 жаңа өндірістік нысан іске қосылған. Сонымен қатар өңірлерде фармацевтикалық еркін экономикалық аймақтар құрылып, онда жалпы құны 1,2 млрд доллар болатын жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Бұдан бөлек, елде үздік дәрігер мен үздік мейіргерді анықтайтын байқаулардың жеңімпаздарын ынталандыру тәжірибесі кеңейтіледі. Атап айтқанда, ерекше көзге түскен мамандарға электромобильдер табысталады. Сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға арналған үздік 10 жобаның авторына әрқайсысына 200 млн сумнан (16,7 мың доллар) грант беріледі.

 

Комментарии
Другие материалы