Қазақстан Пара Азия ойындарын қанша медальмен аяқтады?

129
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Lc13LnRPKO5n6xWHETn8MZYmsedGkrtHAKn1Qcbe.webp

Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өткен V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы 50 медаль иеленді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Оның ішінде 12 алтын, 16 күміс және 22 қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан тоғызыншы орынға тұрақтады.

Биыл жарыста Қазақстан намысын 12 спорт түрінен 150 спортшы қорғады. Отандастарымыз парадзюдо, паравелоспорт, паражүзу, парапауэрлифтинг, жеңіл атлетика, садақ ату, нысана көздеу, үстел теннисі, паратхэквондо, бочча, арбадағы теннис және отырып ойнайтын волейболдан бақ сынады.

Қазақстан құрамасы ең көп жүлдені парадзюдодан жеңіп алды. Спортшылар бес алтын, бір күміс және жеті қола медаль иеленіп, осы спорт түрінен жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.

Ал паратхэквондо, бочча және арбадағы теннистен қазақстандық спортшылар жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.

Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттық даярлық орталығының директоры Болатбек Дөкетаевтың айтуынша, биылғы ойындар Қазақстан құрамасы үшін нәтижелі болды.

«2023 жылы Ханчжоуда өткен IV Азия Пара ойындарында спортшыларымыз сегіз алтын, 12 күміс және 21 қола медаль жеңіп алған еді. Биыл құрамамыз 12 алтын, 16 күміс және 22 қола жүлдеге ие болды. Осылайша, алдыңғы ойындармен салыстырғанда алтын медаль санын төртке, ал жалпы жүлде санын тоғызға арттырдық», – деді ол.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасы Азия Пара ойындарының тарихында алғаш рет үстел теннисі мен садақ атудан медаль жеңіп алды.

Бұдан бөлек, қазақстандық спортшылар бірнеше рекорд жаңартты. Еркін Ғаббасов пен Давид Дегтярев Пара Азия ойындарының рекордтарын жаңартса, Дияс Кенжебек пен Айсұлу Сүлейменова өздерінің спорттық сыныптарында Азия рекордтарын орнатты.

Болатбек Дөкетаев бұл жетістіктерге параспортты мемлекеттік деңгейде қолдау, спортшылардың табандылығы мен қажырлы еңбегі, жаттықтырушылардың кәсіби шеберлігі және жүйелі дайындықтың арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.

Комментарии
Другие материалы