Әкесі қол қойды, қызы жариялады. Өзгерген әліппе заңы өзбек тілі күнінде көпке жетті

137
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6tsoiy43YGVsQeRjQzqs4e24L55Sn8hudppcN2Br.jpg

Фото: Fergana

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев латын графикасына негізделген өзбек әліпбиін жетілдіру туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Президент әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Заңға 21 қазан – Өзбек тілі күнінде қол қойылды. Құжат жарияланғаннан кейін алты ай өткен соң күшіне енеді.

«Енді барлық құжатты өзгерту қажет бола ма? Әрине, жоқ. Біз шығынды барынша азайту жолын таңдадық. Қолданыстағы барлық құжат, ұлттық валюта мен бағалы қағаздар өз күшін сақтайды. Ал оқулықтар, маңдайшалар мен жол көрсеткіштері пайдалану мерзімі аяқталған сайын кезең-кезеңімен ауыстырылады», – деп атап өтті Саида Мирзиёева.

Қабылданған заң 1993 жылғы «Латын графикасына негізделген өзбек әліпбиін енгізу туралы» заңға өзгерістер енгізеді. Түзетулерге сәйкес, қазіргі 26 әріп пен үш әріп тіркесінен тұратын әліпби енді 28 әріп пен бір апострофтан құралады.

Қазіргі кезде екі таңбамен берілетін төрт дыбыс жеке таңбамен жазылады. Атап айтқанда, «oʻ» әрпі «ö», «gʻ» – «ğ», «sh» – «ş», ал «ch» – «ç» болып өзгереді. «Ng» әріп тіркесі әліпбиден алынып тасталады. Қалған әріптер өзгеріссіз қалады.

Жаңа әліпбиді әзірлеушілер «бір дыбыс – бір әріп» қағидатын басшылыққа алып, басқа түркітілдес елдердің тәжірибесін ескерген. Жаңа таңбалар түрік, әзербайжан және түрікмен әліпбилеріндегі әріптермен, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) қолдап отырған 34 әріптен тұратын ортақ түркі әліпбиімен үйлеседі.

Өзбекстанда латын графикасына негізделген әліпби 1993 жылы енгізілген. Оның алғашқы нұсқасында Ş, Ç, Õ және Ğ әріптері болған. Алайда 1995 жылы олар алынып тасталып, орнына Sh, Ch, Oʻ және Gʻ әріп тіркестері енгізілді. Тіл мамандары ондаған жыл бойы бұл шешімді тіл реформасындағы басты қателіктердің бірі деп атап келді.

Әліпбиді толық енгізу мерзімі де бірнеше рет кейінге шегерілген. Алғашында 2000 жылға белгіленген мерзім кейін 2005 жылғы 1 қыркүйекке, одан соң 2010 жылға ауыстырылған.

Еске салсақ, бұған дейін Өзбекстанның Заң шығару палатасы 7 шілдеде өткен пленарлық отырыста латын графикасына негізделген өзбек әліпбиін өзгерту туралы заңды қабылдағанын хабарладық.

Құжат депутаттар тарапынан үш оқылымда бірден, қарсы дауыссыз мақұлданып, Сенат қарауына жіберілген болатын.

Комментарии
Другие материалы