Қаныш салған жол

334
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/MVkJCj2DtPpgWYx5Kan81HHQ0WjOR6w7Kdw4nYzv.jpg

Алматыда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Мемлекеттік органдардың өкілдері, отандық және шетелдік академиктер, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары, бизнес қауымдастығы мен жас зерттеушілер бас қосқан жиын Қазақстан ғылымының таяу болашағын талқылайтын мазмұнды алаңға айналды.

1946 жылы құрылған Академияның тұңғыш Президенті Қаныш Сәтбаев ғылымды елдің өндірістік қуатымен, табиғи байлығын зерттеумен және қоғамның рухани дамуымен ұштастыра білді. Кейін қалыптасқан геология, металлургия, энергетика, медицина, ауыл шаруашылығы, тарих және тіл білімі мектептері еліміздің экономикалық та, зияткерлік те әлеуетін нығайтты. Аталмыш ғылымның әр бағыты мен әлеуеті Қаныш Сәтбаевтың 3D голограммасында көрініс тапты.

Салтанатты жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Президент Академияның отандық ғылымды қалыптастырудағы тарихи рөлін атап өтіп, соңғы жылдары оның мемлекеттік мәртебесі қайтарылып, Президент жанындағы жоғары ғылыми ұйым ретінде қайта құрылғанын, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданғанын еске салды.

Сондай-ақ 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту алғаш рет мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде бекітілгені айтылды. Бұл ғылымға жекелеген жобалар жиынтығы ретінде емес, ел дамуының негізгі тетігі ретінде қарауға құқықтық негіз береді.

ҚР ҰҒА президенті, академик Ақылбек Күрішбаевтың баяндамасында, жаңа мәртебе Академияға бедел ғана емес, нақты жауапкершілік те жүктейді. Бұл ғылыми басымдықтарды негіздеу, зерттеулерді үйлестіру және мемлекеттік шешімдерді тәуелсіз ғылыми сараптамамен қамтамасыз етуге жол ашты. 

Біршама жыл зерттеу тақырыптары экономика мен қоғамның нақты сұранысына емес, жекелеген ұжымдардың мүмкіндігіне қарай таңдалды.

Соның салдарынан нәтиже кейде мақала немесе есеп деңгейінде қалып, зертхана мен өндіріс арасындағы байланыс тұрақсыз болды. Енді ұлттық проблеманы анықтаудан бастап форсайт, конкурс, зерттеу, тәжірибелік сынақ, өндіріске енгізу және нақты әсерді бағалауға дейінгі тұтас цикл құру көзделіп отыр.

Бұл бағытта алғашқы нәтиже бар. Академия өткізген 75-тен астам өңірлік және салалық форсайт-сессияда 220-ға жуық перспективалы міндет айқындалды. Осы талдау негізінде технологиялық тәуелсіздікке қажет шешімдерді, болашақ бағыттарды, іргелі зерттеулер мен жаңа құзыреттерді бөлек қарастыратын төрт деңгейлі басымдықтар моделі әзірленді. Үкімет қолдаған жаңа тәсілді 2027 жылдан бастап қолдану жоспарланған.

Ғылымның тиімділігі қағаздағы есеппен емес, өмірге енген шешіммен өлшенуге тиіс. Қолданбалы ғылым тұжырымдамасының өзегі де осы ұстаным. 2027 жылдан бастап Академия жетекшілігімен су ресурстары, сейсмикалық қауіпсіздік, стратегиялық маңызды минералдар, энергетикалық материалдар, ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы, биотехнология және автомобиль жолдары технологиялары бойынша толық циклді флагмандық бағдарламалар іске қосылады. Бұл тәсіл мемлекет қаржысын мәселені дәлелдеуден бастап тәжірибелік үлгі мен пилоттық енгізуге дейінгі бүкіл бағытқа жұмсауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект ғылыми жұмыстың қосымша құралы болумен қатар зерттеу үдерісінің жаңа инфрақұрылымына айналып келеді. Кореяның ғылыми-техникалық ақпарат институтымен бірлесіп құрылған AI SilkNet платформасы әлемдік ғылыми үрдістерді, тәуекелдер мен технология трансферінің мүмкіндіктерін талдауға арналған. Qazaqstan AI for Science бастамасы әдебиет пен үлкен деректерді зерделеуден бастап гипотезаларды тексеруге, модельдеу мен экспериментке, тәуелсіз верификация мен енгізуге дейін жасанды интеллектіні пайдалануды ұсынады. Бұл ретте ғылыми нәтиже мен практикалық шешім үшін жауапкершілік ғалымның өзінде болмақ.

Қытайлық әріптестермен бірлесіп дамытылып жатқан DeepBAS кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект платформасының алғашқы пилоты су қорын, құрғақшылық пен тасқын қаупін болжайтын су агентіне бағытталған. Жобаны 2027 жылдан бастап Арал–Сырдария, Балқаш–Алакөл және Шу–Талас бассейндерінде сынақтан өткізу жоспарланған. Қазақстанда су тапшылығы мен климаттыңқұбылуы байқалған кезеңде мұндай зерттеудің құндылығы технологияның жаңалығымен қатар, басқару шешімінің дәлдігінде.

Академия халықаралық ынтымақтастықты ортақ зертхана, технология трансфері және жаңа құзыреттерді қалыптастыру деңгейіне көтеруге ұмтылып отыр. Отандық университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының базасында жаңа материалдар мен энергетикалық технологиялар, көлік ғылымдары, перспективалы кардиология, радиофармацевтика, көміртекті егіншілік және кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект бағыттары бойынша институттар мен орталықтар құрылды. Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және басқа да серіктестер қатысатын Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциум гуманитарлық ғылымдарға ортақ күн тәртібін ұсынып отыр. Оның аясында қазақ мемлекеттілігінің тарихи негіздері мен Жошы ұлысының мұрасын кешенді зерттеу көзделген.

Мерейтой мінберінен жетістіктермен қатар шешімін күткен мәселелер аталды. Академияның стратегиялық міндеттерін жыл сайынғы мемлекеттік тапсырыс аясында  орындаумен қатар тұрақты ұзақмерзімді қаржыландыру, академиялық дербестік және ғылыми-зерттеу ұйымдарының жұмысын үйлестіруге жеткілікті өкілеттік қажеттігі аталды. Сонымен қатар елдің ғылыми басымдықтарын бесжылдық зерттеу бағдарламалары мен үшжылдық бюджет циклдерімен байланыстыратын жаңа ғылыми-технологиялық даму стратегиясы керек.

Салтанатты жиында  Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бес жас ғалымға тұрғын үй сертификаты табысталды. Олар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымы Алуа Мұратова, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалым хатшысы Темірлан Жорабай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғалымы Әйгерім Есенаманова, Мемлекет тарихы институтынан Қуандық Кәкімов пенБалық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығығалымдары Әйгерім Айтқалиева. Бұл қолдау ғалымның еңбек етуіне және өмір сүруіне жасалған нақты жағдаймен бекітілетінін көрсетті.

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалым хатшысы, докторант Темірлан Жорабай: «Мемлекет басшысының жас ғалымдарға көрсеткен қамқорлығы біз үшін тек баспана емес, ғылымға деген құрмет, жастарға артылған зор сенім. Қаныш Сәтбаев салған жолды жалғастыру, қазақ ғылымының дамуына өз үлесімізді қосу – енді біздің міндетіміз. Сенімді адал еңбекпен ақтауға бекінгенімізді айтқым келеді»- деп алғыс айтты.

Академия жанынан алғаш рет Жас ғалымдар кеңесі мен оқушыларға арналған Жас зерттеушілер академиясы құрылды. Ғылыми адалдық кодексі, биоэтика талаптары және отандық журналдарды бағалаудың қазақстандық рейтингі енгізіліп жатыр. Бұл бастамалардың бәрі ғылыми ортадағы сапаны, ашықтықты және жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

Академияның адам капиталы көрнекті ғалымдар мен қалыптасқан ғылыми мектептермен байи түсетіні анық. Жиында отандық ғалымдар Ғылым және жоғары білім министрлігінің жаңа «Қаныш Сәтбаев» медалімен марапатталды, ал шетелдік ғылым академияларының басшыларына мерейтойлық төсбелгілер табысталды.

Гүлмира Сұлтанбаева

Профессор

 

 

Комментарии
Другие материалы