Ән - халықтың жаны, тіл - рухының өзегі. Бір халықтың болмысын танығысы келген адам оның әніне құлақ түрсін. Өйткені әуенде ғасырлардың үні, ұрпақтың аманаты, туған жерге деген сағыныш пен елге деген сүйіспеншілік бар. Ал сол әнді өзге жұрттың өкілі жүрекпен орындаса, бұл мәдениеттің шекара таңдамайтынын, ұлттық құндылықтың өзге жүректерге де жол таба алатынын аңғартады.

17 қазанда Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында өткен «Халық жаны - әнде» республикалық фестивалі осындай тағылымымен есте қалды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен Республика күніне арналған шараға еліміздің бірнеше өңірінен өнерпаздар жиналып, қазақ мәдениетінің айналасына ұйысты. Әсіресе, өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілде ән орындауы кештің мазмұнын тереңдете түсті.

Қазақ тілінде шырқалған әндерден сахналық шеберлікпен қатар, мемлекеттік тілге деген құрмет те сезілді. Бұл - жай ғана музыкалық байқаудың көрінісі емес. Бұл - қазақтың сөзін жатсынбай, әнін жүрекке жақын қабылдаудың, осы елдің мәдени мұрасына ықылас танытудың белгісі.

Қазақ әні - ұлттың рухани шежіресі. Оның бойында даланың кеңдігі, ананың әлдиі, жастықтың жалынды сезімі, туған жердің қасиеті бар. Сол әндерді өзге этнос өкілдерінің орындауы қазақ мәдениетінің байлығын танытып қана қоймай, оның біріктіруші қуатын да көрсетті. Өйткені ұлттық мәдениет өз қадірін өзге жұрт та танып, құрметтегенде рухани ықпалын кеңейте түседі.

Мемлекеттік тілдің мәртебесі де осындай ықылас арқылы биіктейді. Тілге құрметті құрғақ ұранмен емес, оны үйренуге, сөйлеп, әнін орындауға, мәдениетін тануға деген шынайы ниетпен танытқан жөн. Қазақ тіліндегі әнді өзге этнос өкілінің орындауы - осы елдің ортақ мәдени кеңістігіне жасалған қадам. Мұнда біреудің болмысын өзгерту емес, ортақ құндылықты бірге қастерлеу бар.

Ел бірлігі дегеніміз - бәрінің бірдей болуы емес, әртүрлі бола тұра ортақ Отанның мүддесіне қызмет ете білу. Қазақстанның қоғамдық келісімінің қадірі де осында. Ал қазақ тілі мен мәдениеті осы ортақ кеңістіктің маңызды тірегі саналады.
Фестивальге Астана, Теміртау, Қостанай, Көкшетау қалаларынан, сондай-ақ Бурабай ауданының Қатаркөл кенті мен Зеренді ауданының Приречное ауылынан шығармашылық ұжымдар қатысты. Мемлекеттік және орыс тілдерінде отыздан астам музыкалық нөмір орындалды. Байқау «Мемлекеттік тілде ән орындаған өзге этнос өкілі», «Үздік жеке орындаушы», «Үздік дуэт» және «Үздік ансамбль» аталымдары бойынша өтіп, жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Фестивальді Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстанның орыс, славян және казак этномәдени бірлестіктері» ЗТБ Ақмола облыстық филиалы ұйымдастырды. Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев құттықтау сөзінде мұндай шаралардың бірлікті сақтауға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және өңірлер арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Бірлестіктің бұрынғы төрағасы Геннадий Осиненко да өнерпаздарға шығармашылық табыс тіледі.
Кештің шырайын келтірген сәттердің бірі - фестиваль соңында барша қатысушы мен көрерменнің «Атамекен» әнін бірге орындауы болды. Әртүрлі өңірден келген өнерпаздар мен залдағы көрермендер бір әуенге қосылып, туған жерге деген ортақ сезімді жеткізді. Бірінің дауысы биік, бірінің үні баяу болғанымен, бәрін біріктірген әннің мағынасы бір еді.
Атамекен - адам үшін жай ғана мекен емес. Ол - тағдырың байланысқан жер, балаң өсіп жатқан ел, болашағыңды сеніп тапсырған орта. Оны сүю туған жердің табиғатын ғана емес, тілін, тарихын, мәдениетін қадірлеуден де көрінеді. Қазақстанды ортақ Отаным деп білетін әр азаматтың елдің тыныштығы мен өркендеуіне қосар үлесі бар.
Көкшетаудағы фестивальдің мәні де осы тұста айқындалды. Қазақ әні әртүрлі этнос өкілдерін бір сахнаға жинап қана қойған жоқ, оларды ортақ мәдени құндылық төңірегіне топтастырды. Мемлекеттік тілде орындалған әндер қазақ мәдениетінің өміршеңдігін танытса, «Атамекеннің» бірге шырқалуы сол мәдени кеңістіктегі ортақ сезімді айшықтады.
Елді біріктіру үшін кейде үлкен мінберден айтылған сөзден гөрі, жүрекке жеткен бір әннің әсері басым болады. Өйткені ән тыңдаушыны ойландырады, жақындастырады, өзгенің жан дүниесін түсінуге жетелейді.
Сол күні Көкшетауда қазақ әні әртүрлі дауыспен шырқалды. Бірақ оның айналасына жиналған жұртты біріктірген сезім ортақ еді. Бұл - қазақ мәдениетіне құрмет, мемлекеттік тілге ықылас және ортақ Отанға деген сүйіспеншілік. Елдіктің де, бірліктің де шынайы өлшемі осындай ізгі ниеттен басталады.
Аслан Оспанов
