Фото: ашық дереккөз
Шымкентте өткен концерт кезінде 18 жастағы қыздың жарақат алуына байланысты әнші Қайрат Нұртастың алдағы концерттеріне билеттерді сату уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Freedom Ticketon билет сату сервисі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Компанияның хабарлауынша, сатылым қайта басталатын уақыт әзірге белгісіз. Қосымша ақпарат ресми парақшаларда жарияланбақ.
«Шымкенттегі жағдайға байланысты Қайрат Нұртастың концерттеріне билет сатылымы уақытша тоқтатылды. Ресми парақшамызды оқып жүріңіз, қосымша хабарлаймыз», – делінген Ticketon хабарламасында.
Еске сала кетейік, 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионда өткен Қайрат Нұртастың концерті кезінде сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың жетеуі дәрігерлердің тексеруінен кейін үйлеріне жіберілді. Ал 18 жастағы жарақат алған қыз ауруханаға жеткізілген болатын.
Осы оқиғадан кейін полиция қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
