Түркістанның тарихы мен мұрасын жаңғыртқан энциклопедия жарық көрді

123
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LwZlG9FLWK4x8fzvY2hRnNzB1tgWH7JqZRNKaWmk.jpg

Түркістан қаласында қасиетті шаһардың тарихы, мәдениеті, рухани мұрасы мен тарихи-танымдық құндылықтарын жан-жақты қамтыған «Түркістан» екі томдық энциклопедиясының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен салтанатты жиынға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен ардагерлер қатысты. Іс-шара барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің қазақ тарихындағы ерекше орнына тоқталып, жаңа басылымның тарихи жадымызды жаңғыртудағы маңызын атап өтті.

Облыс әкімінің айтуынша, «Түркістан» энциклопедиясы алғаш рет академик Әбдімәлік Нысанбаевтың жетекшілігімен жарық көрген. Содан бері өткен ширек ғасырдан астам уақытта Түркістан қаласы мен өңірінде ауқымды өзгерістер орын алып, көптеген жаңа ғылыми деректер мен зерттеулер пайда болған. Осыған байланысты энциклопедия жаңартылып, мазмұны толықтырылып қайта әзірленген.

Кітаптың таныстырылымын Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова жүргізді. Жиында энциклопедияны құрастырушылардың бірі, тарих ғылымдарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі мен әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Тұрдықұл Шаңбай еңбектің ғылыми маңызы туралы баяндады. Сонымен қатар Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Левент Гүржан мен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және өзге де зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі.

Астана қаласындағы «Ғылым» баспасы әзірлеген 880 беттен тұратын екі томдық басылым Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген. Энциклопедияда Түркістан ұғымы тек қала мен облыс тарихымен ғана шектелмей, тұтас түркі өркениетінің тарихи-мәдени кеңістігі аясында қарастырылған.

2021–2025 жылдары жүзеге асқан жобаға 300-ден астам ғалымның зерттеулері мен мақалалары енгізілген. Энциклопедияда төрт мыңнан астам атау мен ұғым қайта зерделеніп, бұрын ғылыми айналымға енбеген тұлғалар, тарихи оқиғалар, жер-су атаулары мен ұғымдар бойынша жаңа мақалалар дайындалған.

Екі томдық еңбекте Түркістан мен жалпы Түркі әлемінің бірнеше мыңжылдық тарихына қатысты материалдар қамтылып, ежелгі және ортағасырлық тарих, археология, сәулет өнері, этнография, әдебиет, фольклор, рухани мұра және тарихи тұлғалар туралы ғылыми-танымдық мәліметтер әліпбилік тәртіппен жүйеленген.

Басылым түрлі-түсті фотосуреттермен, тарихи және географиялық карталармен, тарихи тұлғалардың портреттерімен, археологиялық және сәулет ескерткіштерінің бейнелерімен толықтырылған.

Айта кетейік, «Түркістан» халықаралық энциклопедиясының алғашқы нұсқасы 1998 жылы бір том болып жарық көрген еді. Жаңа екі томдық басылымда соңғы 28 жылда болған маңызды өзгерістер, соның ішінде Түркістан облысының құрылуы мен Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесін алуы сияқты тарихи оқиғалар кеңінен көрініс тапқан.

Комментарии
Другие материалы