Көне жәдігерлерге екінші өмір сыйлаған реставраторлар. Мамандар неге елеусіз қалып жүр?

78
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/VROMmR0Cn82KmN0iGqQDyOyOT9WTCFOrOMYHAnxx.jpg

Фото: видеодан алынды

Елімізде ғасырлар қойнауынан жеткен көне бұйымдарды қалпына келтіріп, оларға екінші өмір сыйлайтын мамандар аз. Бұл кәсіпті меңгергендердің басым бөлігі – шеберлікті атадан балаға жалғаған, тәжірибесін іс жүзінде шыңдаған реставраторлар. Алайда олардың кәсіби біліктілігін айқындайтын нақты талаптар мен мәртебе толық қалыптаспаған. Соның салдарынан сала мамандарының ғылыми дәрежесі, кәсіби атағы мен мемлекеттік марапаты да бір жүйеге түспей отыр. Бұл туралы “7 күн” бағдарламасы жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Солардың бірі – қырық жылдан астам уақытын реставрация саласына арнаған Тұрсынгүл Жайлаубайқызы. Шебердің қолынан талай тарихи жәдігер өткен. Ол Есік қорғанынан табылған Алтын адамды екінші рет қалпына келтіру жұмысына қатысқан. Сонымен қатар Абылай ханның қамқа тонын, Қазыбек бидің шапанын, Пазырық ханшайымының киімін, сақ дәуірінен қалған мата мен былғары бұйымдарды және XVIII ғасырдағы дәстүрлі киім үлгілерін қалпына келтірген. Реставратордың бірқатар жұмысы Франция, Ресей және Чехияда өткен көрмелерге қойылған.

«Реставратор болып мен бірінші бастадым. Өзбекәлі Жәнібек ағаның қол астында болдым. Мен өз бетімше оқыған жоқпын, ешкім арнайы үйреткен жоқ. Жәнібеков ағам мені Эрмитажға жіберемін дегенде, қайтыс болып кетті ғой», - деп Тұрсынгүл Жайлаубайқызы бұл салаға қалай келгенін еске алады.

Реставратордың ең күрделі жұмыстарының бірі – Қазыбек бидің шапанын қалпына келтіру. Қатты кеуіп, ширатылып қалған тарихи киімді бастапқы қалпына келтіруге шебер екі жарым жыл уақыт жұмсаған. Сол дәуірдің зерлі жібін іздеп, Бұхараға дейін барған.

«Ол кісінің шапанының өзінде де қасиет қалған. Шапанының өзі игеріп, адамды баурап алатындай. “Былай істе” деп айтып тұрған сияқты. Біз оны қалпына келтіру үшін қызым екеуміз Бұхараға барып, ұқсас мата әкелдік. Соның жібімен тіктік», – дейді Тұрсынгүл Жайлаубайқызы.

Тозған матаның тілін тауып, көне бұйымдардың бастапқы қалпын жаңғырту – үлкен ұқыптылық пен терең білімді қажет ететін жұмыс. Кейде шеберге құнды жәдігерлерді қалпына келтіруді арнайы зертханада емес, өз үйінде жасауға тура келеді. Бұған елімізде реставрациялық зертханалардың жеткіліксіздігі себеп.

Көпшілік көне жәдігерлерді тамсана қарап, ұлттық мұра ретінде мақтан тұтады. Алайда сол дүниелерді жоғалудан сақтап қалған мамандардың еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді.

Реставраторлардың мәртебесі қандай?

Мамандардың айтуынша, саладағы негізгі мәселелердің бірі – кәсіби реставраторларды даярлайтын арнайы жоғары білім беру жүйесінің толық қалыптаспауы.

Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы, тарихшы Саят Баймұратұлының айтуынша, реставраторлардың еңбегі көбіне құжат жүзінде көрінбейді.

 «Ондай мамандар бізде физикалық тұрғыда бар болғанымен, құжат түрінде жоқ. Реставратор – практик, қолмен жасайтын адам. Кейде олардың өздері көрінбей қалады. Көбінесе ондай адамдар бір үлкен жерге шығып, ұрандап, сөйлеп, жазып жүретін адамдар емес», - дейді ол.

Қазақстанда әлі күнге дейін реставрация бағыты бойынша жоғары білім беретін іргелі оқу орны қалыптасып үлгермеген. Осыған байланысты мамандардың білімі ресми атақтар мен санаттарға қойылатын талаптарға толық сәйкес келе бермейді.

Бұл мәселе олардың кәсіби деңгейіне ғана емес, еңбегінің бағалануына да әсер етеді.

«Бұл сала Қазақстанда кенжелеп қалған. Бұл кісілердің еңбегі көрінбегені соншалық, біз оларды марапатқа ұсынсақ та, тізімнен түсіп қалады», – дейді Саят Баймұратұлы.

Осылайша ұлт қазынасын түгендеп жүрген шеберлердің еңбегі лайықты деңгейде еленбей келеді.

Сұраныс бар, маман тапшы

Қазақтың көне жәдігерлеріне деген қызығушылық бүгінде тек шетелдік коллекционерлер арасында ғана емес, отандық музейлер мен жеке коллекционерлер арасында да артып келеді. Сұраныстың өсуіне қарамастан, тарихи мұраны бүлдірмей қалпына келтіретін білікті мамандар аз.

Ал жастардың басым бөлігі бұл өнерді өз бетінше меңгеруге мәжбүр.

Зергер Нұрданбек Бекболатұлының айтуынша, реставрация саласында тәжірибеден өткен жастар болғанымен, арнайы дипломы бар кәсіби мамандар жеткіліксіз.

 «Ел бойынша осы бағытта оқуын бітіргендер музейге кіріп, үлкен ұсталардың бұрын жасаған дүниелерін қолына алып, қайта қалпына келтіріп, осы саланы дамытып келе жатыр. Бірақ ұлттық деңгейде арнайы қайта қалпына келтіру мамандығын оқып, диплом алған мамандар жоқтың қасы», - дейді зергер.

Сұраныстың артуы реставрация саласының маңызын одан әрі көрсетіп отыр. Жеке коллекционерлер мен музейлер көбейген сайын тарихи бұйымдарды қалпына келтіретін шеберлерге деген қажеттілік те арта түспек.

Ғасырлар тереңінен жеткен жәдігерлерге екінші өмір сыйлаған шеберлер еңбегінің лайықты бағасын алмаса да, тарихи мұраны сақтаудағы міндетін тоқтатқан емес.

Ал Тұрсынгүл Жайлаубайқызы осы уақытқа дейін атақ пен марапат сұрап, ешкімнің алдына бармаған. Оның бар мақсаты – уақыттың табын сақтап қалған жәдігерлерді кейінгі ұрпаққа аман жеткізу.

Көне бұйымдардың әрбір өрнегінде, әрбір жібінде, әрбір тігісінде тұтас бір дәуірдің тарихы жатыр. Оларды сақтап қалу – тек реставратордың емес, ұлттық мұраға жауапты тұтас қоғамның міндеті.

Комментарии
Другие материалы