Ақмолада Instagram арқылы құмар ойын ұйымдастырған әйел 4 жылға сотталды

87
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/sA7HhKsGF7pWl6MYu7kSyp7ponE7SXxvfO3nU57W.webp

Ақмола облысының тұрғыны Instagram әлеуметтік желісі арқылы заңсыз құмар ойындарын ұйымдастырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Адырна".

Сот материалдарына сәйкес, әйел әлеуметтік желіде арнайы парақша ашып, онда ойындарға қатысуға шақыратын хабарландырулар жариялаған. Ол тікелей эфир арқылы карта ойындарын өткізіп, әр ойынға төрт адамнан қатыстырған. Жеңімпаз ең жоғары карта түскен қатысушы болып анықталған.

Ойынға қатысушылардың бәс тігетін сомасы 100 теңгеден 2 100 теңгеге дейін болған. Ал ұйымдастырушы жиналған қаражаттың белгілі бір бөлігін өзіне алып отырған.

Тергеу барысында әйелдің осындай жолмен бір жыл ішінде 90,6 миллион теңгеден астам заңсыз табыс тапқаны анықталды.

Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы 2-бөлігінің 3-тармағында көзделген, яғни заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру қылмысы бойынша кінәлі деп таныды.

Сот үкімімен әйелге 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар прокурордың заңсыз жолмен алынған 90,6 миллион теңгені мемлекет кірісіне өндіру туралы талабы толық көлемде қанағаттандырылды.

Комментарии
Другие материалы