Ұлытау облысында бір күнде төрт теміржол вокзалы ашылды

58
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/E4p6vW4ybbi2ysvnlmKpyZZQNIjYvYorda9HhhTw.jpg

Бүгін Ұлытау облысында төрт теміржол вокзалы жаңғыртылып, жолаушыларға қайта пайдалануға берілді. Жаңарған нысандар Жезқазған, Қаражал қалаларында, Жаңаарқа ауданында және Қызылжар бекетінде орналасқан.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен еліміздегі 125 теміржол вокзалын жаңғырту жобасы аясында, ҚР Көлік министрілігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, Ұлытау облысының әкімдігімен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде жүзеге асырылды.

Жаңғыртылған вокзалдар заманауи талаптарға сай жабдықталып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен вокзалдардың жаңартылуы өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан «Қызылжар–Мойынты» теміржол желісі облысымыздың дамуына тың серпін беріп қана қоймай, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыратыны сөзсіз. Жалпы, облысымызда көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Теміржол қатынасын жақсартумен қатар, автомобиль жолдарының сапасын арттыруға да басымдық берілуде.

«Жезқазған–Қызылорда» автожолындағы жұмыстар бүгінде 90 пайызға орындалды. Жақын айларда көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр. «Жезқазған–Қарағанды» бағытында биыл жер төсемін салу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жұмыстарын толық аяқтау көзделген. Сондай-ақ «Ұлытау–Арқалық» жолының 89 шақырымдық бөлігін жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталады», – деді облыс әкімі.

Жезқазған теміржол вокзалының ғимараты 1941 жылы салынған. Содан бері алғаш рет кешенді жаңғыртудан өтіп отыр. Жоба аясында вокзал ғимаратының аумағы 541 шаршы метрден 2 500 шаршы метрге дейін ұлғайтылды.

Жаңартылған вокзал бір мезгілде 500-ге жуық жолаушыны қабылдап, тәулігіне 2 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Ұлытау облысын еліміздің алты облысымен байланыстыратын теміржол бағыттары бойынша жолаушылар пойыздары қатынайды. Жаңғыртылған вокзалдар өңір тұрғындары мен қонақтарына жайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Комментарии
Другие материалы