SMART AUYL: Цифрландыру мен ЖИ дәуірінде Қазақстан ауылдарын дамытудың жаңа моделі

146
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cUMhjdC2J47JA4VSEO3lafuaUUvPQQJtToUE5L6l.jpg

Адам мүддесіне негізделген аумақтық даму, орнықты экономика, озық технологиялар мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығы – Қазақстан Республикасының шағын және орта елді мекендерін жаңғыртудың басты бағыттары.

Қазақстан бүгінде мемлекеттік басқару мен аумақтық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Бұл кезеңнің басты ерекшелігі – технологиялық жаңғыруды халықтың өмір сүру сапасын жақсартумен ұштастыру қажеттілігі. Цифрландырудың, жасанды интеллектінің және инновациялық экономиканың дамуы еліміздің ірі қалаларымен қатар шағын және орта елді мекендеріне де жаңа мүмкіндіктер ұсынады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында цифрлық трансформацияны ел дамуының басым бағыттарының бірі ретінде белгіледі. Осы стратегиялық бағдардың жалғасы ретінде 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Мемлекетті цифрлық жаңғырту тек мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарға жаңа технологияларды енгізумен шектелмеуі керек. Цифрландырудың шынайы мәні оның адам өміріне тигізетін әсерінен көрінеді: қызметтер қолжетімді болуға, экономика тиімді жұмыс істеуге, қауіпсіздік деңгейі артуға, ал азаматтардың күнделікті тұрмысы жақсаруға тиіс. Сондықтан кез келген технологиялық өзгерістің басты өлшемі – адамның қажеттілігі мен мүддесі. Осы тұрғыдан қарағанда, Қазақстанның ауылдық аумақтарын дамытудың жаңа тәсілдерін қалыптастыру ерекше маңызға ие. Әлеуметтік инфрақұрылым, кәсіпкерлік, өндіріс, қоршаған орта, цифрлық технологиялар және адами капитал өзара байланысқан тұтас жүйе ретінде дамуы қажет. Мәселе жекелеген нысандарды салу немесе елді мекендердің сыртқы келбетін жақсарту ғана емес. Негізгі міндет – ауыл тұрғындарына сапалы өмір сүруге, білім алуға, кәсіби тұрғыдан қалыптасуға, кәсіп бастауға және жеке әлеуетін жүзеге асыруға жағдай жасайтын заманауи кеңістік құру.

Ауылдық аумақтардың дамуы – елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығының негізі.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында ауылдық елді мекендердің орны ерекше. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2026 жылғы 1 тамызда еліміздің ауыл халқы 7 393 060 адамды құрады. Бұл республика тұрғындарының жалпы санының шамамен 36 пайызына тең.

Мұндай көрсеткіш ауылдық аумақтарды дамыту мәселесінің ауқымы қаншалықты кең екенін көрсетеді. Ауылдың маңызын тек ауыл шаруашылығымен немесе азық-түлік өндірумен байланыстыру жеткіліксіз. Ол – еліміздің адами капиталы шоғырланған, тарихи жады мен ұлттық мәдениеті сақталған, дәстүрлері жалғасқан, табиғи ресурстары мен кәсіпкерлік әлеуеті бар маңызды аумақтық кеңістік. Сонымен бірге қазіргі ауыл өмірінде шешімін талап ететін бірқатар жүйелі мәселелер сақталуда.Олардың қатарында инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның әркелкі дамуы, жұмыспен қамту мүмкіндіктерінің шектеулілігі, жергілікті экономиканың жеткілікті деңгейде әртараптандырылмауы, жастардың көші-қоны, сапалы білім мен медициналық қызметке қол жеткізудегі қиындықтар бар. Бұған заманауи технологияларды пайдалану, кәсіпкерлікті қаржыландыру және дамыту ресурстарына қол жеткізу мәселелері де қосылады.

Жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық тепе-теңдікті сақтау, көлік байланыстарын жақсарту, энергия үнемдеу және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру да ауылдық дамудың ажырамас міндеттері болып саналады.

Бұл мәселелерді бір-бірінен бөлек қарастыру дұрыс нәтиже бермейді. Мысалы, елді мекенде жол салынып, әлеуметтік нысандар жаңартылғанымен, тұрғындарға жұмыс орындары мен тұрақты табыс көздері қалыптаспаса, аумақтың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету қиын. Сол сияқты ауыл шаруашылығы өндірісі ұлғайғанымен, тұрғындардың баспанаға, білімге, медицинаға және жеке дамуға деген қажеттіліктері ескерілмесе, мұндай экономикалық өсім халықтың өмір сүру сапасына толық әсер ете алмайды.Жастарға кәсіби қалыптасу мен экономикалық дербестікке қол жеткізудің нақты мүмкіндіктері ұсынылмаған жағдайда, тек әлеуметтік қолдау шаралары арқылы адами капиталды сақтап қалу да күрделі.

Осыдан ауылдық даму саясатының маңызды қағидаты туындайды: әлеуметтік, экономикалық, инфрақұрылымдық, технологиялық және экологиялық шешімдер өзара байланыста жүзеге асырылуы тиіс.

Ауылдық даму саясаты: жекелеген нысандардан тұтас аумақтық жүйеге көшу.

Қазақстанда ауылдық аумақтарды қолдаудың мемлекеттік негіздері қалыптасқан.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №270 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, кәсіпкерлікті және адами капиталды дамытуға бағытталған.

Бұл құжатта адамға бағдарлану қағидатына ерекше мән берілген. Оның мазмұны – ауылдық аумақтарды дамытуда тұрғындардың мүдделерін басшылыққа алу және адамның қай жерде тұратынына қарамастан базалық қызметтерге қол жеткізуіне жағдай жасау.

Алайда экономикалық және технологиялық өзгерістер қолданыстағы даму тетіктерін одан әрі жетілдіруді талап етеді.

Менің ойымша, ауылдық аумақтарды дамытудағы келесі маңызды қадам – заманауи елді мекендердің кешенді моделін қалыптастыру.

Мұндай модельде тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, өндіріс, кәсіпкерлік, экология, көлік және цифрлық басқару бір-бірінен бөлек жоспарланбайды. Керісінше, олардың әрқайсысы аумақтың ортақ даму жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.

Бұл тәсілдің негізгі ерекшелігі жекелеген құрылыс жобаларын жүзеге асырудан елді мекеннің бүкіл аумағын үйлесімді дамытуға көшуде жатыр. Заманауи ауылда сапалы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қатар экономикалық өсудің жергілікті көздері, өндірістік мүмкіндіктер, кәсіпкерлік орта, өзіндік мәдени ерекшелік және тиімді басқару жүйесі болуы қажет.Мемлекеттік қаражат есебінен салынатын инфрақұрылым жеке инвестициялармен, жаңа кәсіпорындармен және жергілікті бизнестің дамуымен байланыстырылған жағдайда аумақтың экономикалық әлеуетін ашуға кеңірек мүмкіндік туады.Осындай өзара байланыс халық табысының өсуіне, тұрақты жұмыс орындарының құрылуына және елді мекендердің экономикалық дербестігінің нығаюына ұзақ мерзімді негіз қалыптастыра алады.

SMART AUYL: заманауи ауылдық дамудың кешенді тұжырымдамасы

Қазіргі заманның осы міндеттері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, біз SMART AUYL тұжырымдамасын әзірледік.

SMART AUYL – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні, заманауи инфрақұрылымдық және экономикалық шешімдерді пайдалану негізінде Қазақстан Республикасының шағын және орта елді мекендерін кешенді дамытуға арналған модель. Жобаның негізгі мақсаты – халықтың лайықты өмір сүру сапасын қамтамасыз ететін, орнықты экономика қалыптастыратын, табиғатты сақтауға, адами капиталды нығайтуға және ұлттық дәстүрлерді дамытуға жағдай жасайтын жаңа ауылдық даму жүйесін құру. Біздің тұжырымдамамыз ауылды әлеуметтік, экономикалық, өндірістік және технологиялық үдерістер өзара толықтыратын біртұтас аумақтық экожүйе ретінде қарастырады. SMART AUYL аясында ауылдық елді мекен тек мемлекеттік бюджет есебінен дамитын аумақ ретінде қабылданбайды. Оның инвестиция тартуға, жаңа өндірістер ашуға, кәсіпкерлікті кеңейтуге және сапалы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін өзіндік әлеуеті бар.

Осы мақсатта тұжырымдама төрт негізгі функционалдық бағытқа негізделген.

ECO AUYL – тұрғын үй мен әлеуметтік өмірдің заманауи кеңістігі

ECO AUYL бағыты тұрғындардың күнделікті өміріне қажетті инфрақұрылымды кешенді қалыптастыруға арналған. Оның құрамына жайлы тұрғын үйлер, білім беру мекемелері, медициналық қызмет көрсету нысандары, спорт және мәдениет инфрақұрылымы, балалар алаңдары, қоғамдық кеңістіктер және цифрлық қызметтер кіреді. Бұл бағытта отбасылардың, балалардың, жастардың және аға буын өкілдерінің қажеттіліктеріне сай орта құру маңызды орын алады.

ECO LIFE – табиғатты сақтау, сауықтыру және рекреациялық даму.

ECO LIFE аясында экопарктерді қалыптастыру, көгалдандыру, орман қорын қалпына келтіру, көшет тәлімбақтарын дамыту, демалыс аумақтарын, сауықтыру және туристік кешендерді ұйымдастыру көзделеді.

Бағыттың негізгі мақсаты – халыққа қолайлы экологиялық орта құру арқылы өмір сүру сапасын жақсарту және табиғатпен байланысты экономикалық қызмет түрлерін дамыту.

ECO INDUSTRY ZONE – өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту кеңістігі.

ECO INDUSTRY ZONE ауылдық аумақтарда экономикалық белсенділікті арттыруға және жергілікті өндірістік әлеуетті қалыптастыруға бағытталған. Бұл модель агроөнеркәсіптік кешенді, мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді, жылыжай шаруашылығын, ағаш өңдеу саласын, тоқыма өндірісін, қолөнер шеберханаларын және шағын әрі орта кәсіпкерліктің басқа бағыттарын қамтиды.

Негізгі міндет – жаңа жұмыс орындарын ашу, өзара байланысты өндірістік тізбектер құру және ауылда өндірілетін өнімнің қосылған құнын арттыру.

SMART JOL – көлік пен логистикаға негізделген экономикалық даму.

SMART JOL бағыты елді мекеннің көлік және логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Оның аясында көлік тораптарын, логистикалық орталықтарды, қоймаларды, сервистік нысандарды, жолаушылар және жүк тасымалын дамыту, сондай-ақ көлік ағындарын цифрлық технологиялар арқылы басқару жоспарланады.Мұндай жағдайда көлік инфрақұрылымы тек елді мекендерді байланыстыратын құрал ретінде емес, жергілікті экономиканың дербес даму бағыты ретінде де қарастырылады.

SMART AUYL тұжырымдамасының маңызды қасиеттерінің бірі – оның аумақтық ерекшеліктерге бейімделуі. Барлық елді мекенде төрт бағытты бірдей жүзеге асыру міндетті емес.Қандай функционалдық модельдер қолданылатыны елді мекеннің орналасуына, халық санына, табиғи-климаттық жағдайларына, экономикалық мүмкіндіктеріне және жүргізілген аумақтық зерттеулердің қорытындыларына байланысты айқындалуы тиіс.Әрбір аумақтың өзіндік әлеуеті мен қажеттіліктеріне сүйену – біз ұсынып отырған ауылдық даму тәсілінің негізгі қағидаттарының бірі.

Жобаның басты құндылығы – адам және оның өмір сүру сапасы.

SMART AUYL жобасының маңызын тек салынатын ғимараттардың немесе енгізілетін технологиялардың санымен бағалау жеткіліксіз.Тұжырымдама ең алдымен адамның өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған. Ауыл тұрғыны сапалы білім алуға, медициналық көмекке жүгінуге, жайлы үйде тұруға, мәдени және спорттық нысандарды пайдалануға, қоғамдық өмірге қатысуға мүмкіндік алуы қажет.Сонымен қатар адамның еңбек етуіне, өз кәсібін ашуына, біліктілігін жетілдіруіне және кәсіби тұрғыдан дамуына жағдай жасалуы тиіс. Бұл міндеттер әсіресе жас ұрпақ үшін өзекті. Қазіргі жастардың заманауи білім алып, цифрлық мамандықтарды игеріп, кәсіпкерлікпен айналысуы және жеке бастамаларын жүзеге асыруы үшін міндетті түрде ірі қалаға көшуі шарт болмауы керек. SMART AUYL осы мүмкіндіктерді ауылдық жерлерде қалыптастыруға бағытталған. Жоба шеңберінде креативті орталықтар, білім беру бағдарламалары, кәсіпкерлік бастамалар, мәдени және қолөнер кеңістіктерін дамыту қарастырылған. Адамның денсаулығы мен өмір салтына байланысты мәселелер де назардан тыс қалмайды.Салауатты өмір салтын насихаттау, дене белсенділігін арттыру, аурулардың алдын алу және денсаулық мәдениетін қалыптастыруға арналған бағдарламаларды дамыту жеке бағыт ретінде көзделеді. Осылайша, SMART AUYL түсінігіндегі өмір сүру сапасы тұрғын үй немесе әлеуметтік қызметтермен ғана шектелмейді. Ол адамның мүмкіндіктерін кеңейтетін, әлеуметтік орта, экономика, экология және жеке даму өзара үйлесетін жүйенің нәтижесі ретінде қарастырылады.

Цифрлық басқару және жасанды интеллект: ауыл өмірін ұйымдастырудың жаңа мүмкіндіктері

Цифрлық трансформация SMART AUYL моделінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болып саналады. Заманауи технологиялар елді мекендердің инженерлік жүйелерін басқаруды, өндірістік үдерістерді ұйымдастыруды, көлік қызметін жоспарлауды және халыққа қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Осыған байланысты жоба аясында тұрғындарды, кәсіпкерлерді, тауар өндірушілерді, сервистік ұйымдарды және көлік-логистикалық кәсіпорындарды біріктіретін SMART AUYL бірыңғай цифрлық экожүйесін құру көзделеді. Бұл платформа әртүрлі қызметтерге қол жеткізуге, жергілікті экономика қатысушыларының өзара байланысын қамтамасыз етуге, өтінімдерді өңдеуге және жекелеген инфрақұрылымдық жүйелердің жұмысын басқаруға бағытталады.

Сонымен бірге цифрлық экожүйе басқарушылық шешімдер қабылдау үшін қажетті ақпаратты жинақтауға және талдауға мүмкіндік беруі тиіс. Жасанды интеллект технологияларын қолдану деректер негізінде қажеттіліктерді болжауға, ресурстарды тиімді бөлуге, өндірістік және басқарушылық үдерістерді оңтайландыруға арналған.

Ауыл шаруашылығында мұндай құралдар өндіріс көрсеткіштерін бақылауға, коммуналдық салада ресурстарды тұтынуды қадағалауға, көлік жүйесінде тасымалдарды жоспарлауға, ал халыққа қызмет көрсету бағытында өтінімдерді жедел өңдеуге қолданылуы мүмкін. Дегенмен цифрлық технологияларды енгізу кезінде бірқатар маңызды талаптар сақталуы қажет.

Ақпараттық қауіпсіздік, азаматтардың дербес деректерін қорғау, халықтың әртүрлі топтары үшін сервистердің қолжетімді болуы және цифрлық құралдарды пайдаланбай-ақ қызмет алу мүмкіндігі қамтамасыз етілуі тиіс.

Бұл жерде жасанды интеллектінің рөлін дұрыс түсіну маңызды. Ол аумақтық даму жүйесіндегі адамның орнын басуға емес, адамның жұмысын жеңілдетуге, шешімдердің негізділігін арттыруға және заманауи мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға қызмет етуі қажет.

Ауыл экономикасы: өндірістен бастап дайын өнім мен жаңа қызметтерге дейін

Ауылдық аумақтардың ұзақ мерзімді дамуы үшін тұрақты экономикалық негіз қажет.

Тек әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылым салу арқылы елді мекеннің экономикалық орнықтылығын толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Халықты жұмыспен қамтуға, тұрғындардың табысын арттыруға, кәсіпкерлікті кеңейтуге және жергілікті салық базасын нығайтуға мүмкіндік беретін экономикалық тетіктер қалыптастырылуы тиіс. SMART AUYL тұжырымдамасында экономиканың бірнеше бағытын бір-бірімен байланыстыра дамыту ұсынылады.Ауыл шаруашылығы тек бастапқы өнім өндірумен шектелмей, оны сақтау, қайта өңдеу, қаптау, тасымалдау және нарыққа шығару үдерістерімен толықтырылуы қажет.

Мал шаруашылығының дамуы ет, сүт, жүн және тері өңдейтін кәсіпорындар үшін қосымша өндірістік мүмкіндіктер аша алады.

Жылыжай шаруашылығы жаңа кәсіпкерлік бағыттар мен жұмыспен қамту мүмкіндіктерін қалыптастыра алады. Көшет тәлімбақтарын дамыту, орман өсіру, көгалдандыру және экологиялық жобаларды жүзеге асыру да тиісті сұраныс, ресурстық қамтамасыз ету және экономикалық тұрғыдан негізделген бизнес-модель болған жағдайда дербес өндірістік қызметке айналуы мүмкін.

Мұндай экономикалық құрылымда креативті индустриялардың да өзіндік орны бар.

Ұлттық қолөнер, дәстүрлі киім өндірісі, зергерлік өнер, ағаш өңдеу, жиһаз жасау, музыкалық аспаптар мен кәдесыйлар шығару заманауи дизайнмен, туризммен, электрондық саудамен және цифрлық маркетингпен бірлесе дами алады. Бұл бағыттар ауылдың мәдени ерекшелігін сақтай отырып, оның экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған. Сонымен, ауыл экономикасының болашағы шикізат өндірумен ғана шектелмеуі тиіс. Дайын өнім шығару, қызмет көрсету, зияткерлік өнімдер жасау және жаңа кәсіпкерлік бағыттарды дамыту экономиканы әртараптандыруға және жергілікті тұрғындар үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашады.

Табиғи орта мен халық денсаулығы – ауылдық дамудың маңызды ресурстары.

Ауылдық аумақтарды дамытуда табиғи ресурстарды сақтау мен тиімді пайдаланудың орны ерекше. Қазақстан жағдайында жер және су ресурстарын ұтымды басқару, табиғи ландшафттарды қалпына келтіру, қалдықтармен жұмыс істеу, көгалдандыру және энергия тиімділігін арттыру міндеттері өзара байланысты қарастырылуы қажет.

SMART AUYL құрамындағы ECO LIFE бағыты осы мәселелерді кешенді шешуге арналған.

Жоба аясында саябақтар, көшет тәлімбақтары, демалыс аймақтары, сауықтыру және туристік нысандар арқылы экологиялық инфрақұрылымды дамыту жоспарланады.

Жасыл экономиканың қалыптасуы су үнемдейтін технологияларды, автоматтандырылған суару жүйелерін, экологиялық қауіпсіз өндірістік тәсілдерді және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану қағидаттарын енгізумен қатар жүруі тиіс.

Бұл шешімдерді ел өңірлерінің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне бейімдеу міндетті түрде ескерілуі қажет.

Атап айтқанда, қуаң аумақтарда жасыл кеңістіктерді қалыптастыру ғылыми зерттеулерге, қолжетімді су көлемін бағалауға, жергілікті жағдайға сәйкес келетін өсімдіктерді таңдауға және оларды ұзақ мерзім күтіп-ұстау шығындарын есептеуге негізделуге тиіс.Экологиялық инфрақұрылымның мәні тек елді мекеннің сыртқы келбетін жақсартуда емес.

Ол – халық денсаулығын, қоршаған ортаның сапасын, туристік әлеуетті және өмір сүру кеңістігінің тартымдылығын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция.

Мемлекет, бизнес, ғылым және тұрғындар: бірлескен дамудың негізі

SMART AUYL сияқты кешенді аумақтық бастамаларды іске асыру әртүрлі тараптардың үйлесімді қатысуын қажет етеді.

Мемлекеттік органдар, жеке кәсіпорындар, ғылыми және білім беру ұйымдары, сондай-ақ жергілікті тұрғындар ортақ даму үдерісіне өз құзыреттері мен мүмкіндіктері шеңберінде қатысуы тиіс. Мемлекеттің рөлі базалық инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тиісті нормативтік жағдайлар қалыптастыру және халықтың қоғамдық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етумен байланысты.

Жеке сектор тұрғын үй құрылысын, өндірістік кәсіпорындарды, көлік пен логистиканы, цифрлық сервистерді, сауда және туризм салаларын дамытуға үлес қоса алады.

Ғылыми және білім беру ұйымдары аумақтық дамудың әдіснамалық негіздерін әзірлеуге, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық зерттеулер жүргізуге, технологиялық шешімдердің тиімділігін бағалауға және мамандар даярлауға қатыса алады.

Бұл жүйеде жергілікті тұрғындардың орны ерекше.Олар жобалардың нәтижесін пайдаланушылар ғана емес, өз елді мекендерінің болашағын қалыптастыруға тікелей қатысатын тарап болуы қажет.

Тиімді ынтымақтастық үшін мемлекет, инвесторлар, кәсіпкерлер және халық мүдделерін әрбір кезеңде ескеретін ашық әрі түсінікті әріптестік моделі қажет.

Осы тұрғыдан біз SMART AUYL жобасын инвестициялар тартуға, стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен жобалар әзірлеп іске асыруға және ауылдық дамудың заманауи институттарын қалыптастыруға арналған ашық платформа ретінде ұсынамыз.

SMART AUYL – BUGYLY: жаңа модельді тәжірибеде іске асыру

SMART AUYL тұжырымдамасының практикалық бағыты ретінде Қарағанды облысының Шет ауданында, Қарағанды – Балқаш көлік бағытына жақын аумақта SMART AUYL – BUGYLY пилоттық жобасын дамыту көзделіп отыр. Бұл бастама тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, экологиялық кеңістіктер, өндірістік кәсіпорындар және көлік-логистикалық инфрақұрылым өзара байланысқан кешенді аумақтық даму моделін қалыптастыруға бағытталған.

Пилоттық жобаның маңыздылығы оның тұжырымдамалық шешімдерді тәжірибеде кезең-кезеңімен тексеруге мүмкіндік беруінде.

Атап айтқанда, аумақты жоспарлау, мемлекет пен бизнестің өзара әрекеттесуі, инвестиция тарту, цифрлық басқару және жергілікті экономикалық мүмкіндіктерді дамыту тетіктерін іс жүзінде пысықтау көзделеді.

Жобаны жүзеге асыру бірізді дайындық пен кезеңдік іске асыруды талап етеді.

Осы мақсатта қажетті зерттеулер жүргізу, жобалау құжаттамасын әзірлеу, қаржылық-экономикалық тиімділікті бағалау, инфрақұрылымдық шешімдерді келісу және әріптестер тарту қарастырылған.

Болашақта модельді басқа аумақтарға қолдану мүмкіндігін анықтау үшін тек салынған нысандардың санын емес, нақты қол жеткізілген нәтижелерді бағалау қажет.

Бағалау кезінде халықтың өмір сүру сапасының өзгеруі, тұрақты жұмыс орындарының пайда болуы, табыстың артуы, кәсіпкерлік белсенділік, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі, экологиялық орнықтылық және ресурстарды пайдалану тиімділігі сияқты көрсеткіштер ескерілуі мүмкін.

Пилоттық кезеңнің қорытындылары SMART AUYL әдіснамасын жетілдіруге және оның жекелеген функционалдық компоненттерін Қазақстанның басқа өңірлерінде қолданудың мүмкіндіктерін анықтауға негіз болуы тиіс.

Қазақстан ауылдарының болашағы – кешенді және адамға бағдарланған даму.

Қазіргі кезең Қазақстанға шағын және орта елді мекендерді дамытудың заманауи ұлттық моделін қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Мұндай модель технологиялық өзгерістерді, өңірлік ерекшеліктерді және халықтың ұзақ мерзімді мүдделерін ескеруі қажет.

Менің ойымша, ауылдық аумақтарды дамытуда біртіндеп жаңа жоспарлау мәдениетіне көшу маңызды. Онда елді мекен тек құрылыс нысандары орналасқан аумақ ретінде емес, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық үдерістері өзара байланысты тұтас жүйе ретінде қарастырылуы тиіс.

Осы міндетті жүзеге асыру үшін аумақтардың әлеуетін ғылыми негізде бағалайтын әдіснамаларды дамыту, инвестиция тарту тетіктерін жетілдіру, ауыл кәсіпкерлігін қолдау және цифрлық технологияларды кеңінен қолдану қажет.

Сонымен бірге адами капиталды нығайту, жергілікті бастамаларға мүмкіндік беру, ұлттық дәстүрлердің сабақтастығын сақтау және заманауи өмір сүру мәдениетін қалыптастыру маңызды бағыттар болып қала береді. SMART AUYL тұжырымдамасы осы міндеттерді бір жүйеге біріктіруді көздейді.

Оның негізінде адам, табиғат, экономика және технология өзара байланысты даму элементтері ретінде қарастырылады.

Біз ұсынып отырған модельдің практикалық құндылығы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, экономикалық белсенділікті арттыруға және аумақтардың орнықты дамуына ұзақ мерзімді жағдай қалыптастыру нәтижелері арқылы бағалануы тиіс.

Біздің пайымдауымызша, ауылдық елді мекендерді заманауи дамыту Қазақстанның жаңа әлеуметтік-экономикалық моделін қалыптастырудағы маңызды бағыттардың біріне айналуы қажет.

Болашақ ауылы қаламен салыстырғанда артта қалған аумақ ретінде қабылданбауы тиіс.

Ол – табиғи орта мен ұлттық дәстүрлер сақталатын, кәсіпкерлік пен инновациялық технологиялар дамитын, адамның өмір сүруіне және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасалған заманауи кеңістік.

SMART AUYL жобасының негізгі идеясы дәл осы ұстанымға сүйенеді.

Біздің мақсатымыз – әрбір адамның лайықты өмір сүруіне мүмкіндік беретін, кәсіпкерлікті аумақтық дамудың экономикалық негізіне айналдыратын, технологияларды басқару тиімділігін арттыруға пайдаланатын және табиғат пен ұлттық құндылықтарды сақтауды болашақ ұрпақ алдындағы маңызды міндет ретінде қарастыратын модель қалыптастыру.

SMART AUYL – жекелеген ауылдарды жаңғыртудан Қазақстанның ауылдық аумақтарын дамытудың біртұтас заманауи экожүйесіне көшу.

Әлімжанов Арман Жақанұлы

Депутат | Сәулетші

Қазақстан Республикасының креативті индустриялар және аумақтық даму саласындағы жобалардың авторы.

Комментарии
Другие материалы