Халық кеңесі мүшелері қаза тапқандар әулетіне қаржы бөлмек

381
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pOas8KQp9joJlEHFY0rN6lYuWuUctNLdQDu9IgUC.jpg

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Шахмұрат Мүтәліп пен Гаджи Гаджиев Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсететіндерін мәлімдеді. Екеуі де еліміздегі жаңа консультативтік органның құрамына кіреді, деп хабарлайды "Адырна".

Кәсіпкер әрі Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп Integra Construction KZ компаниясы қаза тапқан әр әскери қызметшінің отбасына 25 миллион теңгеден бөлетінін айтты.

«Көмек мемлекеттік қолдауға қосымша ретінде әр отбасыға жеке бағытталып көрсетіледі», – деп жазды Шахмұрат Мүтәліп.

Ол Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі әрі кәсіпкер ретінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларымен бірге қайғыны бөлісу өз парызы деп санайтынын атап өтті.

«Әрине, ешқандай қаржы ата-анаға баласын қайтара алмайды. Бірақ дәл осындай сәтте ешбір отбасы қайғысымен жалғыз қалмауы керек», – делінген оның үндеуінде.

Қазақстан Халық Кеңесінің тағы бір мүшесі, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев те қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық қолдау көрсету туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

«Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі әрі еліміздің спорт қауымдастығының өкілі ретінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 100 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылдадым», – деді Гаджиев.

Кеңес мүшелері қаза тапқандардың туған-туыстарына, жақындары мен әріптестеріне көңіл айтты.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілерді теңіз ағызып кеткен.

Үкіметтік комиссияның нақтылаған мәліметіне сәйкес, теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Оның 14-і қаза тапты, үшеуі құтқарылды.

Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Комментарии
Другие материалы