«Мұра жіптері»: Алматыда Бәтима Зәуірбекованың 80-нен астам туындысы көрермен назарына ұсынылады

245
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/uIWQEU5SWz9whywW5Zs5p3tB1VacNRLzXYLOWfT9.jpg

Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде қазақ гобелен өнерінің көрнекті өкілі Бәтима Зәуірбекованың 80 жылдығына арналған «Мұра жіптері» ретроспективалық көрмесі ашылды. Экспозиция суретшінің жарты ғасырдан астам шығармашылық жолын қамтиды. "Адырна" тілшісі тұлға туындыларымен танысып қайтты. 

Бәтима Зәуірбекова – Қазақстандағы кәсіби гобелен өнерінің негізін қалаған суретшілер буынының өкілі. Ол ұлттық тоқымашылық дәстүрін заманауи бейнелеу өнерінің тілімен ұштастырып, қазақ гобеленінің өзіндік көркемдік бағытының қалыптасуына үлес қосты.

Үш залда 80-нен астам туынды

Көрмеге Бәтима Зәуірбекованың 80-нен астам жұмысы қойылған. Олардың арасында гобелендермен (гобелен — бұл түрлі түсті жібек және жүн жіптерден қолдан тоқылып, сюжеттік немесе өрнекті композиция түйісетін көркем суретті кілем - жур.) қатар кескіндеме, графика, эскиздер, архивтік фотосуреттер мен бейнематериалдар бар.

Экспозиция суретшінің 1970-жылдардағы алғашқы жұмыстарынан бастап кейінгі кезеңдегі шығармаларына дейінгі ізденісін көрсетеді. Мұнда «Равнина» (1976), «Жер-Ана» (1984), «Ана мейірімі» (2004) секілді белгілі туындылар да ұсынылған.

Музей директоры Гүлайым Жұмабекованың айтуынша, көрмені дайындауға шамамен екі жыл кеткен. Осы уақыт ішінде қордағы жұмыстар зерттеліп, бірқатар туынды қалпына келтірілген.

«Басты ой – өткеніміз бен бүгініміздің байланысын көрсету. Бүгінгі өнер бұрынғы, соның ішінде дәстүрлі қазақ өнерінің жалғасы. Бәтима Зәуірбекованың шығармаларынан дала, табиғат, ауыл өмірі мен ата-анаға деген сағынышты көруге болады. Мұндай мұраны зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу маңызды», – деді Гүлайым Жұмабекова.

Ұлттық дәстүрді заманауи тілде сөйлеткен суретші

Бәтима Зәуірбекованың шығармаларында қазақ даласы, дәстүрлі тұрмыс, табиғат, тарихи жады мен ұрпақ сабақтастығы негізгі тақырыптардың бірі болып келеді.

Суретші ұлттық ою-өрнекті, алаша, ши, терме алаша секілді дәстүрлі тәсілдерді сол күйінде қайталамай, оларды заманауи көркемдік шешімдермен сабақтастырған.

Оның шығармашылық жолына отбасындағы орта да ықпал етті. Бәтима Зәуірбекова 1946 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Анасы Бибіхан халық қолөнерін меңгерген шебер болған. Кейін суретші Алматыдағы Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін тәмамдап, кәсіби өнер жолына түсті.

Көрменің бас кураторы Алина Федорович суретшінің дәстүрді жай ғана қайталамай, оны жаңа көркемдік деңгейде дамытқанын атап өтті.

«Бәтима Зәуірбекова өзі өскен мәдени ортаны шығармаларына өзгеріссіз көшірген жоқ. Ол сол мұраны қайта пайымдап, дамытты. Сондықтан оның жұмыстарын дәстүрлі өнер аясында ғана емес, ХХ ғасырдағы әлемдік көркемдік үрдістермен қатар қарастыруға болады», – деді куратор.

Әйел бейнесі – шығармашылықтың өзегі

Суретшінің кейінгі жұмыстарында әйел, ана, отбасы мен табиғат тақырыптары ерекше бейнеленген. Әйел бейнесі оның шығармаларында отбасының ғана емес, ұрпақ пен мәдени жадтың жалғасын сақтайтын рухани тұлға ретінде көрінеді.

Көрме атауындағы «жіп» ұғымы да осы сабақтастықты білдіреді. «Мұра жіптері» атауын суретшінің қызы Дана ұсынған. Мұнда жіп гобеленнің материалы ғана емес, өткен мен бүгінді, адам мен мәдениетті байланыстыратын символ ретінде алынған.

Қазақстанды өнер арқылы таныту

Бәтима Зәуірбекованың туындылары бұған дейін Франция, Түркия, Италия және Швейцарияда көрсетілген. Оның еңбектері музейлер мен жеке коллекцияларда да сақтаулы.

Пресс-тур барысында суретшінің шығармашылығына арналған Batima Zaurbekova: Weaving the Soul of Kazakhstan («Бәтима Зәуірбекова: Қазақстанның рухын өрнектеу») атты кітап та таныстырылды. Франциялық Assouline баспасынан жарық көрген еңбектің авторы – журналист әрі креатив директор Яффа Ассулин. 260 беттен тұратын басылымда 150-ден астам иллюстрация жинақталған. Кітап Бәтима Зәуірбекованың шығармашылық жолын, қазақтың көшпелі мәдениеті мен дәстүрлі тоқыма өнерінің оның туындыларындағы жаңа көркемдік сипатын таныстырады.

Яффа Ассулиннің айтуынша, кітаппен жұмыс істеу барысында ол Қазақстанның мәдениеті мен Бәтима Зәуірбекованың өнерін өзі үшін жаңаша ашқан.

«Менің міндетім – осы жаңалығымды әлеммен бөлісу, адамдарға мұндай өнердің бар екенін және Қазақстанда қаншалықты бай мәдениет барын көрсету. Бәтима Зәуірбекованың шығармашылығы арқылы шетелдік оқырман Қазақстанды тани алады», – деді Яффа Ассулин.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мұра жіптері» бір суретшінің мерейтойлық көрмесі ғана емес. Жоба арқылы ХХ ғасырдың екінші жартысынан бүгінге дейінгі қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің дамуы мен ұлттық дәстүрдің кәсіби өнердегі жаңа сипаты көрсетіледі.

Айта кетейік, «Мұра жіптері» көрмесі 25 қыркүйектен 8 қарашаға дейін жалғасады. Жобаның кураторлары – Алина Федорович пен Наталия Баженова. Сондықтан осы аралықта Алматыда болсаңыз, Бәтима Зәуірбекованың жарты ғасырдан астам шығармашылық жолын қамтитын туындыларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік бар.

Комментарии
Другие материалы