Тәуелсіздікке тірек болған Орал оқиғасы

86
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/j0KHoCn205g38zJExJYVxt2RUgcB4eP3XVgl8fb9.jpg

1991 жылғы 15 қыркүйекте Орал қаласында казактардың патша әскеріндегі қызметінің 400 жылдығына арналған жиын өткізу әрекеті қоғамның қарсылығын туғызды, деп хабарлайды "Адырна".

Тарихи материалдарға сәйкес, Оралдағы жиынға Ресейдің бірнеше өңірінен казак өкілдері келген. Олардың арасында Иркутск казактарының атаманы Николай Меринов та болған. Жиын барысында Қазақстанның батыс өңірлеріне қатысты аумақтық талаптар айтылып, казак автономиясын құру мәселесі көтерілген.

1991 жылғы ақпанда Орал автономиялық облысын құру туралы ұсыныстар айтылған. Оның құрамына Орал және Гурьев облыстарын, сондай-ақ Ресей аумағындағы Қалмақ автономиялық облысын енгізу жоспарланғаны туралы деректер бар. Сонымен қатар автономияның жеке армиясы мен қауіпсіздік құрылымдарын құру идеясы ұсынылған.

Оралдағы казактардың сепаратистік сипаттағы ұрандары жергілікті қазақ халқының наразылығын туғызды. Казактардың патшаға қызмет еткеніне 400 жыл толуын атап өтуге байланысты ұйымдастырылған шара кезінде жағдай шиеленісе түсті.

Оқиғаның алдын алу үшін жергілікті тұрғындар арасынан 113 ерікті топ құрылып, казактар жиналған ғимаратқа барған. Олардың мақсаты — халықтың қарсылығын жеткізіп, жиынның өтуіне жол бермеу болған.

Оралдағы оқиға сол кезеңдегі Қазақстанның аумақтық тұтастығына қатысты мәселелердің бар екенін көрсетті. Тәуелсіздік қарсаңында Өскемен мен Степногорск қалаларында да жергілікті биліктің орталық билікке қарсылық білдірген қарарлар қабылдағаны туралы деректер кездеседі.

Оралдағы қыркүйек оқиғасынан кейін араға бір ай өтпей Батыс Қазақстанның Жалпақтал ауданында тағы бір наразылық болған.

1991 жылғы 18 қазанда Жалпақтал ауданының Ақкөл совхозында тұрғындар ереуілге шықты. Аудан орталығына шамамен 4 мың адам жиналған.

Наразылыққа аудан басшылығының жергілікті тұрғындармен келіспей, 4 мың гектар жерді Саратов қаласындағы «Нарат» акционерлік қоғамына 60 жыл мерзімге бергені себеп болған. Жер аумағында сауықтыру нысанын салу жоспарланған.

Сол кезеңде аудандық «Қазақ тілі» қоғамын ақын Дариға Мұштанова басқарған. Ол жер мәселесіне байланысты халықтың талабын жеткізуге атсалысқан.

1991 жылғы Орал оқиғалары Қазақстан тәуелсіздік алар алдындағы кезеңде елдің аумақтық тұтастығы мен жер мәселесінің қоғам үшін қаншалықты маңызды болғанын көрсететін тарихи оқиғалардың бірі ретінде аталады.

Комментарии
Другие материалы