Қазақстандық авторлар халықаралық ЖИ-бәйгеде топ жаруға жақын

45
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cJThCsgPxgn6e0bcal6F5ry1rLWACVk2sKrKe26h.jpg

Астанада жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдерге арналған Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалі өтеді. Биыл байқауға әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам фильм ұсынылған. Қазақстан 829 туындымен қатысушы елдер арасында екінші орынға шықты.

Фестивальдің негізгі мақсаты – жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып жасалған фильмдерді таныту, жаңа есімдерге жол ашу және Қазақстан киноиндустриясын халықаралық деңгейде көрсету.

Баспасөз конференциясында Astana AI Film Festival-дің тең құрылтайшысы әрі кеңес төрағасы Алмас Жали Қазақстанның өзін әлемге танытуы маңызды екенін айтты.

«Егер өзімізді танытпасақ, өзгелер бізді “Боратпен” таныта береді. Сондықтан Қазақстан туралы әңгімені өзіміз айтуымыз керек. Ол үшін кино, мәдениет және заманауи технологиялар үлкен мүмкіндік береді», – деді Алмас Жали.

Оның бұл пікірін шетелдік спикер Баладжи Сринивасану да қолдады. Сұрақ-жауап кезінде ол Қазақстанның өз тарихын, мәдениетін және қазіргі келбетін әлемге өзі таныстыруы қажет екенін атап өтті. Спикердің айтуынша, ел туралы сырттан қалыптасқан стереотиптерді өзгерту үшін сапалы әрі мазмұнды шығармалар керек.

Алмас Жали қазақстандық креаторлардың халықаралық авторлардан шығармашылық тұрғыда кем түспейтінін де атап өтті.

«Қазақстандық креаторлардың фильмдерін АҚШ, Қытай, Корея және басқа елдердің жұмыстарымен салыстырғанда, олардың идеясы мен шығармашылық деңгейі еш кем емес екенін көруге болады. Сондықтан Қазақстаннан да жеңімпаздар шығады деп үміттенеміз. Дегенмен соңғы шешімді халықаралық қазылар алқасы қабылдайды», – деді ол.

Продюсердің айтуынша, жақында жарыққа шығатын «Жеті қарақшы» фильмі Қазақстандағы ең қымбат жеке кино жобаларының бірі болмақ. Туындының шамамен 25 пайызы жасанды интеллект көмегімен жасалған. Фильмнің монтаж жұмыстарына үш ай уақыт кеткен.

Astana AI Film Festival сияқты халықаралық алаңдар Қазақстан киноиндустриясын әлемге танытуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект бұл үдерісті жеделдетіп, қазақстандық авторларға жаңа шығармашылық құрал ұсынып отыр.

Фестивальде жасанды интеллекттің дәстүрлі кино өндірісіне ықпалы да сөз болды. Алмас Жали алдағы жылдары дәстүрлі түсірілім мен AI көмегімен жасалған көріністердің арасындағы айырмашылық азая түсетінін айтты.

«Қазірдің өзінде кейбір кадрларды дәстүрлі кино түсірілімінен ажырату қиын. Ал алдағы екі-үш жылда платформалар мен технологиялардың дамуымен бұл айырмашылық одан әрі азаяды деп ойлаймын. Жасанды интеллект кино индустриясындағы қалыптасқан монополияларды өзгертуі мүмкін», – деді кеңес төрағасы.

Биыл байқауға ең көп фильм АҚШ-тан – 1 396 жұмыс түскен. Қазақстан 829 фильммен екінші орында тұр. Үшінші орында – 705 жұмыспен Үндістан. Одан кейін Қытай – 479, Оңтүстік Корея – 355 фильммен орналасқан.

Фестивальдің жалпы жүлде қоры – 2 млн АҚШ доллары. Оның 1 млн доллары байқау жүлделеріне, тағы 1 млн доллары жаңа AI-жобаларды өндіруге бағытталады. Негізгі байқаудағы бас жүлде – 450 мың доллар.

Astana AI Film Festival 1–3 қазан аралығында Астанада өтеді. Үш күнге жоспарланған кино мерекесі аясында жасанды интеллект көмегімен түсірілген үздік фильмдер көрермен назарына ұсынылып, авторлармен кездесулер ұйымдастырылады. Сондай-ақ фестиваль соңында халықаралық байқаудың жеңімпаздары анықталып, марапаттау рәсімі өтеді.

Комментарии
Другие материалы