Қазақстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында топ жарды

171
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/IGa7G8E6CvKoWE6yND4ZtvcWwnOWPDleV9MnEMsz.webp

31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 74 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Спорт және туризм министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна”.

Қазақстан спортшыларының қоржынында 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар. Осы нәтижемен еліміз жалпыкомандалық есепте бірінші орынға жайғасты. Екінші орынды 30 алтын медаль жеңіп алған Қырғызстан құрамасы иеленсе, жеті алтын жүлдесі бар Ресей командасы үздік үштікті түйіндеді.

Жарыстың алғашқы алтын медальдарын Қазақстан құрамасы 2 қыркүйекте аударыспақтан жеңіп алды. Финалда Сайлау Мұхаммеджан қырғызстандық қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Бұл — қазақстандық спортшылардың биылғы дүбірлі додадағы алғашқы алтын жүлделері.

Сол күні «Көчмөндөр жүрүшү» халықаралық ат марафонының алғашқы кезеңі де аяқталды. Жалпы ұзындығы 300 шақырымды құрайтын жарыстың бірінші күнінде қатысушылар 50 шақырымды еңсерді. Кезең қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы көш бастады. Екінші орында Қырғызстанның «Ала-Тоо», үшінші орында «Ыстықкөл» командалары орналасты.

Ұлттық спорт түрлерінен қазақстандықтар өзге де жүлделерге қол жеткізді. Алыш күресінен 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Жандос Әбубәкіров қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Тұрмаханбет Қалмұхан алыш күресінен жүлдегер атанды.

Ойындардың үшінші күнінде самбошы Болат Сапар алтын жүлдеге ие болды. Қазақстан құрамасы арқан тартудан да чемпион атанып, қоржынға тағы бір алтын медаль қосты. Осы күннің қорытындысы бойынша ұлттық құрама 12 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль жинады.

4 қыркүйекте қазақ күресінен 60 келі салмақта өнер көрсеткен Ернұр Сүлеймен жеңімпаз атанды. Ал теңге ілу сайысында Қазақстан атынан сынға түскен Бақтыбай Қанат алтын медаль иеленді.

Осы нәтижелерден кейін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аралық қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастады.

Жалпы жарыс қорытындысында қазақстандық спортшылар 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.

Комментарии
Другие материалы