Музейдегі ұрлық. Мысыр патшайымының гауһар алқасы қолды болды

167
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/J2PAhsYQ3ptZru8GN4xEZXQYCUvS9rUElEgNp3Yk.jpg

Вена қаласындағы Қолданбалы өнер музейінен Мысырдың соңғы патшайымы Назлиге тиесілі тарихи алқа ұрланды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Құны жоғары зергерлік бұйымды екі ер адам күндіз, музей келушілерге ашық кезде алып кеткен. Полиция мәліметінше, күдіктілер беттерін жасырмай, кәдімгі келушілер ретінде музейге кірген. Кейін олардың бірі балғамен әйнек витринаны сындырып, ішіндегі алқаны алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Оқиға кезінде музейде басқа келушілер болғанымен, ешкім зардап шекпеген.

Бейнебақылау камералары күдіктілерді түсіріп алған. Полиция олардың суреттерін жариялап, іздеуге көмектесуді сұрады. Құқық қорғаушылар Вена орталығын тексеріп, іздеу жұмыстарына қызметтік иттерді де тартқан.

Ұрланған алқа 1939 жылы жасалған және Мысыр патшайымы Назлиге тиесілі болған. Ол алқаны қызы Фаузия ханшайымның Иранның мұрагер ханзадасы Мұхаммед Реза Пехлевимен үйлену тойында таққан. Кейін Мұхаммед Реза Пехлеви Иранның соңғы шахы атанды.

Платинадан жасалған зергерлік бұйымның салмағы шамамен 200 карат, оған 673 гауһар тас орнатылған. 2015 жылы алқа Нью-Йорктегі Sotheby's аукционында 4,3 миллион долларға сатылған.

Алқа Венадағы Van Cleef & Arpels зергерлік үйінің тарихына арналған көрмеде қойылған. Көрмеде брендтің 120 жылдық тарихын қамтитын жүздеген зергерлік бұйым мен тарихи жәдігер ұсынылған.

Қылмыстан кейін көрме уақытша жабылды. Ол 27 қыркүйекке дейін жұмыс істеуі тиіс болған. Австриялық тергеушілер ұрлықтың алдын ала жоспарланған болуы мүмкін деген нұсқаны да қарастырып жатыр.

 

Комментарии
Другие материалы