Қазақстанның антиядролық ұстанымы өзгермейді – Президент

85
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/q69tEn8DDQTv9ewODnINdFVH0f9RWqCsnaeQIbOP.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды "Адырна".

Мемлекет басшысы 35 жыл бұрын Семей ядролық полигонының жабылғанын атап өтіп, ядролық сынақтардың халық пен қоршаған ортаға тигізген зардабына тоқталды.

Семей полигонында алғашқы ядролық сынақ 1949 жылғы 29 тамызда өтті. Кейін 40 жыл бойы, яғни 1949-1989 жылдар аралығында мұнда 460 ядролық, термоядролық және сутегі қаруы сыналды. Жарылыстар жер үстінде, әуеде, жер астында және суда жүргізілді. Сынақтардың салдарынан полигон маңындағы аумақтар радиациялық ластануға ұшырады. Деректер бойынша, ядролық сынақтардан 1 миллионнан астам қазақстандық зардап шекті. Радиация халықтың денсаулығына кері әсер етіп, қатерлі ісік, қан және жүйке жүйесі ауруларының таралуына, сондай-ақ туа біткен сырқаттардың көбеюіне себеп болды. 1980 жылдардың соңында Қазақстан халқы Семей полигонын жабуды талап етіп, ядролық сынақтарға қарсы қозғалыс күшейді.

1991 жылғы 29 тамызда Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. 

Қазақстан Президенті Тоқаев Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, бейбітшілік пен қауіпсіздік жолын таңдағанын айтты.

«Қазақстанның әлемдік антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретіндегі ұстанымы өзгермейді», – деді Президент.

Мемлекет басшысы ядролық державаларды келіссөздер жүргізуге, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне тезірек енуіне және ядролық қаруды қолдану қаупін жоюға бағытталған көпжақты шараларды күшейтуге шақырды.

Сонымен қатар Президент атом энергиясы тек бейбіт және жасампаз мақсаттарға қызмет етуі керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан халқы жалпыұлттық референдумда атом энергетикасын дамыту бағытын қолдап, елдің экономикалық және ғылыми-технологиялық дамуына негіз қалады.

Айта кетейік, 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні. Бұл күн Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен белгіленген.

Бұған дейін редакцияға полигон зардабы туралы құқық қорғаушы, «Үй» қоғамдық ұйымының төрайымы Майра Әбенова айтып берген еді.

Комментарии
Другие материалы