Өзағаңның қайшысы. Алақандай эссе

199
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/VW0bmXjMw2nMnMTRURNBE3rtpWBR4kdIVMqXww2Z.jpg
Сурет: Өзбекәлі Жәнібеков орталығы

Кере қарыс қара қайшы... Өзағаңның дәу ЦК-дағы дәу үстелінің үстінде жататын көрінеді. Немесе сол үстелдің тартпасында тұрады. Өзағаң оны қолына алды дегенше,.. бітті бар қағаздың шаруасы. Қияды, қырқады, күзейді. Қиғаш кетіп бара жатқан қиямпұрыстау құжатты қия бастырмайды. Аңызға айналған абыздың бір тәлімі осы...

Бұл қайшы Өзекеңмен бірге талай естеліктің кейіпкері болды. Әдебиеттанудың білгірі, әйдік ғалым, академик Сейіт Қасқабасов та қара қайшыны еске алғанда еріксіз езу тартады...

Өмір бойы ғылыммен айналысқан Сейіт ағамыз күндердің күнінде Орталық Комитетке жұмысқа келем деп ойламапты. Секең мен Цекаң бір-біріне үйлеспейтін екі түрлі нәрсе сияқты еді. Мемлекеттік қызметке Өзбекәлі Жәнібеков шақырды. Қарамағындағы қызметкерлеріне талабы өте қатал болды. Өзін де, өзгені де аяған жоқ. Жазған-сызғаныңды міндетті түрде күзеп-түзеп, өз байламын айтатын. Қолынан ұзын қайшысы түспейтін. Қиятын, өңдейтін, жөндейтін. Алдына құжат апарып отырғанда Өзекең үстелінің тартпасынан жалаңдатып қайшысын шығарғанда қызметкерлердің жүректері су ете қалатын. Осының өзінен жеткілікті тәлім алды. Сол қайшы көп нәрсеге үйретті.

Өзағаңнан өнеге, қайшыдан қайрау көрген Сейіт аға кейін Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Жоғары аттестациялық комиссиясының төрағасы болып бекітілді. Комиссия қиын кезеңде құрылды. Жасыратыны жоқ, «Мұндай ұйымның енді керегі аз. Бұл – компартияның ойлап тапқаны» деген пікірлер көп айтылып жатқан кез еді. Бірқатар шенеуніктер «Халықаралық стандарт деген бар. Ешқандай қорғаудың қажеті жоқ», - дегенді көлденең тартты. Содан 13 еуропалық елдің тәжірибесі зерттелді. Халықаралық стандарт деген жоқ болып шықты. 11 елдің мекемесі бірлесіп, қауымдастық құрды. Штаб-пәтері Алматыға орналасты. 

Төрағасы Секең болды. Кандидаттық пен докторлық дәреже, доценттік пен профессорлық атақ сол күйінде қалдырылды.

Сейіт аға өз тұсында қорғау тәртібін біраз жеңілдетуге күш салды. Қолдан жасалған түрлі кедергілер көп еді. Соның бәрін алып тастауға тырысты. Академиялық институттар ғалымдарының құқы жоғары оқу орындары ғалымдарының құқымен теңестірілді. Академияда қызмет істейтін ғылым докторларының профессор атағына тездетіп қол жеткізуіне мүмкіндік жасалды. Бұрын бұл қиынның қиыны еді. Академиядағыларға ескі үлгідегі аға ғылыми қызметкер дейтін атақ берілетін. Соны жойды. Бұл үшін тек қана елдің алғысын алды.

Сөйтіп, оны Өзағаңның қос қарыс қайшысы тек қағаз-пағаздың артық-ауыс тұсын ғана емес, өмір тәжірибесінде байқалған қажетсіздеу нәрселерді де қырқып-қырнай түсуге баулыды. Сондықтан Секең осы ағасын ойға алса, есіне оның ұзын қайшысы қоса түседі...
Міне, көрдіңіз бе, қайшылау мен қамшылау адамның болмыс-бітіміне қалай әсер еткен?! Ал Өзағаң қайшысының қайырын көргендер қаншама?!
* * *
Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туған күні. Рухы шат болсын ардақты ағамыздың! Қайраткердің қайшысы қазір қай мұражайда тұр екен?!

Комментарии
Другие материалы