АҚШ президенті кейбір тауарларға баж салығын енгізді

115
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/AVb7qDgT7yKfOW5nOzFvCYufqHJypsYbsqx2WI8D.webp

АҚШ президенті Дональд Трамп Канададан импортталатын бірқатар тауарға қосымша 50 пайыздық кедендік баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ВВС-ге сілтеп.

Ақ үйдің мәліметінше, жаңа шаралар америкалық өндірушілер мен бизнестің мүддесін қорғауға бағытталған. Жарлықта Канада АҚШ-пен салыстырғанда кейбір елдерге тиімдірек сауда шарттарын ұсынып, негізсіз әрі кемсітушілік сипаттағы шектеулер қолданып отырғаны айтылған. Жаңа баж салығы 19 тамыздан бастап күшіне енеді.

Сарапшылардың бағалауынша, бұл шешім АҚШ пен Канада арасындағы сауда қатынастарындағы шиеленісті күшейтуі мүмкін. Жаңа тарифтер шарап, хоккей таяқшалары, цемент сияқты бірқатар тауарларға қолданылады. Ал энергия ресурстары, калий тыңайтқыштары, стратегиялық маңызы бар минералдар мен балық өнімдері жаңа баж салығынан босатылған.

Сонымен қатар АҚШ Канададан импортталатын болат, алюминий және мысқа бұрыннан қолданыстағы 15–50 пайыздық тарифтерді сақтап қалды. Бұдан бөлек, канадалық қылқанжапырақты ағаш материалдарына 35 пайыздық, ал АҚШ-та өндірілмеген автокөлік бөлшектеріне 25 пайыздық тариф күшінде қалады.

Өз кезегінде Канада да АҚШ-тан әкелінетін болатқа, алюминийге және автокөліктерге 25 пайыздық өтемақы баж салығын қолданып келеді.

Комментарии
Другие материалы