Армения премьер-министрі Никол Пашинян мамыр айының соңында Арменияға қатысты қабылданған Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) шешімін сынға алды. Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде ол өз қатысуынсыз қабылданған мәлімдеменің мәнін түсіну қажет екенін айтты, деп хабарлайды "Адырна".
«Әріптестерімнің менің қатысуымсыз қабылдаған мәлімдемесіне қатысты сұрақтарым бар. Кез келген ЕАЭО мүшесі ешқандай негізсіз басқа мемлекетке қатысты осындай шешім қабылдай ала ма? Егер бұған жауап "иә" болса, онда ЕАЭО өзін-өзі тарату туралы жариялағанмен тең. Біз ұйымның бар-жоғын нақты түсінуіміз керек. Егер ЕАЭО жұмыс істеп тұрса, соған сәйкес ұстанымымыз болады. Ал егер іс жүзінде жоқ болса, онда ерекше ұстаным ұстанудың қажеті де жоқ», – деді Пашинян.
Сонымен қатар Армения премьер-министрі Ресейдің армян өнімдерінің импортына және Армениядан басқа ЕАЭО елдеріне Ресей аумағы арқылы экспортталатын тауарларға енгізген шектеулеріне де тоқталды.
Оның айтуынша, бұл жағдай ЕАЭО-ға мүше бірқатар мемлекетте алаңдаушылық туғызуы мүмкін.
«Еуразиялық экономикалық одақ еңбек күші, тауарлар, қызметтер мен капиталдың еркін қозғалысы қағидатына негізделген. Егер бұл қағидаттар сақталмаса, онда ЕАЭО-ның да мәні қалмайды», – деді ол.
Еске салайық, 29 мамырда өткен ЕАЭО Жоғары кеңесінің отырысына Никол Пашинян қатыспаған болатын. Сол жиында Ресей, Қазақстан, Беларусь және Қырғызстан президенттері Арменияны Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ арасында таңдау жасау жөнінде референдумды мүмкіндігінше тезірек өткізуге шақырған мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ Арменияның ЕАЭО-дағы мүшелігі мәселесін ұйымның келесі отырысында қайта қарау туралы шешім қабылданды.
Бұған қоса, Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау қызметі (Россельхознадзор) мамырдың соңы мен маусым айының басынан бастап Армениядан гүл, қызанақ, қияр, бұрыш, көк шөптер, құлпынай, шие, өрік, алхоры, шабдалы, жүзім, картоп, кептірілген жемістер, сондай-ақ тірі балық пен балық өнімдерін әкелуге кезең-кезеңімен шектеу енгізді.
Бұған дейін Никол Пашинян Ресейдің кейбір армян өнімдерінің импортына тыйым салуын саясиландырылған шешім деп бағалаған болатын.
