"Келер алдын Абайды оқыдым". Алматыда Нобель лауреаты Мо Янмен кездесу өтті

174
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/QLd5WelIB9dLxHptYcgmzwBExOg08rviUExtNuNu.jpg

Алматыда қытайдың танымал жазушысы, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янмен кездесу өтті. Шараны Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырды. Бұл туралы журналист Нұргелді Әбдіғани желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Кездесу барысында жазушы Нобель сыйлығын алғаннан кейінгі шығармашылық жолы туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, беделді марапаттан кейін жазатын туындылары бұрынғыдан да жоғары деңгейде болуы керек деген талап қойған.

Сол мақсатта ол әлемнің әртүрлі елдеріне барып, әйгілі қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығын зерттеген. Атап айтқанда, Испанияда Мигель де Сервантес тұрған үйге барған, Аргентинада Хорхе Луис Борхестің қолжазбаларымен танысқан, ал Ресейде Михаил Шолоховтың жұмыс үстелін көрген.

Кездесу кезінде қатысушылардың бірі Мо Яннан Қазақстанға келер алдында қандай қазақ авторларын оқығанын сұрады.

«Қазақстанға келер алдында Ақбар Мәжит аударған Абай шығармаларын ғана оқыдым. Мүмкін, қазақ әдебиеті қытай тіліне көп аударылмаған шығар, сондықтан маған қолжетімді болмады», – деп жауап берді жазушы.

Бұл пікір кездесуге қатысушылар арасында қазақ әдебиетін шетел тілдеріне аудару мәселесін қайта көтерді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов те сөз сөйлеп, ұлттық әдебиетті әлемге таныту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.

Шара барысында Мо Ян мен жазушы-аудармашы Ақбар Мәжитке Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Құрметті профессоры» атағы табысталды.

Сондай-ақ қазақ тіліне аударылған Мо Янның екі кітабының тұсаукесері өтті. Олар – аудармашы Төлеген Меллат тәржімалаған «Сарымсақ жыры» және Еділбек Дүйсен мен Әлихан Махаш аударған «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» шығармалары.

Кездесу барысында жазушы өзінің шығармашылық лақап атының шығу тарихын да айтып берді. Оның айтуынша, бала кезінде көп сөйлейтін болғандықтан, ата-анасы үнемі «аз сөйлеп, көп тыңдауға» кеңес берген. Кейін ол өзінше әзіл ретінде «үндеме» деген мағынаны білдіретін Мо Ян деген әдеби есімді таңдаған.

Айта кетейік, Мо Янның шын есімі – Гуань Мое.

Комментарии
Другие материалы