ІІМ қылмыстық және әкімшілік амнистияға кімдер ілігуі мүмкін екенін түсіндірді

142
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Қазақстан Республикасы ІІМ елде жүргізілуі жоспарланған қылмыстық және әкімшілік амнистияға қандай санаттағы азаматтардың ілігуі мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды "Адырна".

Ведомствоның мәліметінше, Мемлекет басшысының бастамасымен жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты қылмыстық және әкімшілік амнистия жүргізу көзделіп отыр. Бұл бастама әділеттілік, гуманизм және адам қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына негізделген құқықтық саясатты одан әрі дамытуға бағытталған.

ІІМ атап өткендей, амнистия – қылмысқа жұмсақтық таныту емес, құқық бұзушылық жасағанымен қоғамға елеулі қауіп төндірмейтін азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне мүмкіндік беретін ерекше құқықтық тетік. Оның мақсаты – мұндай адамдардың қоғамға, еңбек нарығына және экономикалық өмірге қайта бейімделуіне кедергі келтіретін құқықтық және қаржылық тосқауылдарды азайту.

Президент тапсырмасын орындау аясында Мәжіліс депутаттары жекелеген санаттағы құқық бұзушылықтар бойынша амнистия туралы заң жобасын әзірледі. Құжатты дайындау және талқылау жұмыстарына Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп қатысып жатыр.

Министрліктің түсіндіруінше, қылмыстық амнистия қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарға қолданылады. Сонымен қатар ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған азаматтар да келтірілген залал толық өтелген немесе мүлде залал келтірілмеген жағдайда амнистияға ілігуі мүмкін.

Бұдан бөлек, сотталғандардың жекелеген санаттары үшін қылмыстың ауырлығы мен олардың мінез-құлқын ескере отырып, жаза мерзімін қысқарту мүмкіндігі қарастырылған.

ІІМ мәліметінше, бұл бастама қылмыстық қана емес, әкімшілік құқық бұзушылықтарға да қатысты болады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында әкімшілік амнистия алғаш рет өткізілмек.

Ведомствоның пікірінше, ұсынылып отырған заң жобасы гуманизм қағидаттарын заң үстемдігі және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саясатымен ұштастыра отырып, мемлекеттің құқықтық жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған.

Комментарии
Другие материалы