Ауқымды рақымшылық: Қазақстанда мыңдаған әйелдің жазасы жеңілдетіледі

175
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HDlYIWqkQR4xV20NI6p0CtvlUcWjZ6Xpjk9pMxjf.webp

Ішкі істер министрлігінде жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған рақымшылық туралы заңның қалай жүзеге асырылатыны жөнінде түсіндірді.

Ведомствоның мәліметінше, бұл жолғы рақымшылық аясында сотталған әйелдердің құқықтық жағдайын жақсартуға және оларды босатуға ерекше назар аударылған. Заңның күші жалпы саны 2902 әйелге қатысты қолданылады. Оның ішінде 249 әйел қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру мекемелерінде жазасын өтеп жатыр, ал қалғандары пробациялық бақылауда тұр. Тағы бір бөлігі тергеуде. 

Жалпы алғанда, рақымшылық 15 мыңнан астам сотталған адамды қамтиды. Алдын ала есептеулер бойынша, шамамен 4,5 мың адам қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатылады. Сонымен қатар тағы 10,8 мың сотталған адамның жаза мерзімі қысқартылады немесе тағайындалған жазасының көлемі жеңілдетіледі.

– Рақымшылықты қолдану жоғарыда аталған сотталғандардың барлығы бірден босатылады дегенді білдірмейді. Заңның әрбір адамға қатысты қолданылуы оның жасаған қылмысының санатына, түзеу мекемесіндегі мінез-құлқына, келтірілген залалды өтеуіне және басқа да мән-жайларға байланысты айқындалады. Бір азаматтар жазасын әрі қарай өтеуден толық босатылса, енді бірінің өтелмеген жаза мерзімі қысқартылады немесе заңда көзделген өзге де жеңілдету шаралары қолданылады, – деп атап өтті министрлік.

Айта кетейік, елімізде ауқымды рақымшылық бұған дейін Конституцияның 30 жылдығына орай жүргізілген болатын. Ол шамамен 10 мың сотталған адамды қамтыды, олардың 3,3 мыңы әйелдер болған.

Қазіргі рақымшылықпен қатар, соңғы жылдары Қазақстанда заң бұзған әйелдерді жан-жақты қолдауға бағытталған жүйелі шаралар қабылданып келеді. Атап айтқанда, 2025 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабына енгізілген маңызды өзгерістер күшіне енді.

Жаңартылған нормаға сәйкес, сот енді кәмелетке толмаған балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған әйелдерге жазаны өтеуді 5 жылға дейінгі мерзімге (бірақ бала 14 жасқа толғанға дейінгі кезеңнен аспайтын мерзімге) кейінге қалдыруға міндетті. Бүгінгі таңда бұл прогрессивті норма бас бостандығынан айыру орындарында жаза өтеуі тиіс болған 667 әйелге қолданылып, олардың отбасында қалып, балаларын тәрбиелеуіне мүмкіндік берді. Осындай кепілдік енді кәмелетке толмаған баланы өз бетінше тәрбиелеп отырған ер адамдарға да қарастырылған.

Сонымен қатар Парламент қылмыстық, қылмыстық-процестік, қылмыстық-атқару заңнамасын және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті Конституция талаптарына сәйкестендіру мәселелері жөніндегі заңды қабылдады.

Құжатта әйелдердің жазаны өтеу жағдайларын жақсартуға бағытталған бірқатар нормалар көзделген. Атап айтқанда, әйелдердің толық қауіпсіздік мекемелерінде жаза өтеуіне тыйым салынады, отбасы мүшелерімен телефон арқылы сөйлесуге қойылған шектеулер алынып тасталады, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастау мүмкіндігі беріледі. Сондай-ақ жүкті сотталған әйелдерге қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен тыс азаматтық перзентханаларда босану құқығы ұсынылады.

Бұдан бөлек, әлеуметтік-тұрмыстық кепілдіктер де кеңейтіледі. Оның ішінде сәлемдемелер мен кездесулер саны көбейтіліп, серуендеу уақыты ұзартылады, сондай-ақ азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті тауарларды сатып алуға жұмсалатын қаражат көлемі арттырылады.

Сонымен бірге Ішкі істер министрлігі рақымшылықтың сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм қылмыстары, азаптау, адам өлтіру, адам саудасы, мемлекеттік опасыздық, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар, әйелдер мен балаларды азаптау, сондай-ақ өзге де аса қауіпті қылмыстар үшін сотталған адамдарға қолданылмайтынын еске салды.

Ведомствода әйелдерге қатысты ізгілік актілерінің қолданылуына нақты мысалдар келтірілді.

Мәселен, 25 жастағы әйел ұрлық жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылып, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Рақымшылықтың қолданылуының арқасында ол отбасына оралып, дүниеге келетін сәбиіне дайындалып, бостандықта өмірінің жаңа кезеңін бастау мүмкіндігіне ие болады.

Тағы бір мысал – 35 жастағы сотталған әйел. Жеңіл жолмен табыс табуды көздеп, ол есірткі жасырушы ретінде жұмыс істеуге келісіп, нәтижесінде 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Отбасында оны жұбайы мен екі баласы күтуде. Бүгінде сотталған әйел өзінің бүкіл отбасының тағдырына әсер еткен үлкен қателік жібергенін мойындайды. Рақымшылықтың арқасында оның жаза мерзімін қысқартуға және жақындарына ертерек оралуға мүмкіндігі пайда болды. 

Комментарии
Другие материалы