«Намыс күйеу баланың ұлтымен өлшенбейді». Жәкішев қызының ұзату тойы туралы жазба жариялады

628
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/S0N4PxrLi8EvZHKH7cXWbsMKdZvR38NU50aI9T6Y.webp

«Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы, кәсіпкер Мұхтар Жәкішев қызы Алтынай Жәкішеваның шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққанын мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Саясаткер күйеу баласы Карлмен Алтынайдың алты жылдан бері таныс екенін, ал екі жыл бұрын оның Алматыға арнайы келіп, қызының қолын сұрағанын айтты.

«5 маусым күні қызымның ұзату тойы өтті. Мен Алтынай үшін шексіз бақыттымын. Бұл таңдау кездейсоқ немесе асығыс жасалған жоқ. Оның негізінде шынайы, пәк махаббат жатыр. Карл екеуі алты жылдан бері таныс. Осыдан екі жыл бұрын Карл Алматыға арнайы келіп, алдымнан өтті. Мен өз батамды бердім. Карл маған ұнайды. Оның азаматтық ұстанымы дұрыс, алдына қойған мақсаттары айқын әрі ауқымды. Оның еңбекқорлығына, біліміне және алған бетінен қайтпайтын қайсарлығына қарап, көздеген шыңдарын бағындыратынына кәміл сенемін. Бірақ мен үшін ең маңыздысы – қызымды шын жүректен, терең әрі нәзік сезіммен сүйетіні»,– деді Жәкішев.

Бизнесмен бұл тойдың өзі үшін ерекше мәнге ие болғанын айтты. Оның сөзінше, үлкен қызы тұрмысқа шыққанда өзі түрмеде болғандықтан, тойға қатыса алмаған.

«Бұл тойдың мәні мен үшін тым бөлек. Үлкен қызым тұрмысқа шыққанда мен түрмеде отырдым. Ол кезде әке ретінде қолымнан бар келгені Айгеріміме арнаған ақ тілегімді қағазға түсіріп, хатпен беріп жіберу ғана болды. Сол хат тойында оқылды. Ал бүгін бәрі басқаша. Қызыңның қуанышында қағаздағы құрғақ сөзбен шектелмей, сөзі қағаздан ғана оқылатын адам болмаудың өзі бір ғанибет. Қызыңды өзің ұзатып, осынау өмірлік маңызы бар ақ босағадан аттар сәтінде Алтынайыңа жүрекжарды жылы сөздеріңді өзің айта алуың неткен бақыт! Мені тұтқындағанда Алтынай не бары 9 жаста ғана еді. Бостандыққа шыққанымда ол жиырмаға толыпты. Ол менсіз есейді. Ол бала күнінде-ақ, мені жанұямыз арқылы көрсетілетін қысымнан құтқару үшін, туған үйін тастап жат жерге кетуге мәжбүр болды, бөтен елде өсті. Ата-анасының аялы алақаны мен мейіріміне бөленіп отырған баланың кенеттен үйінен жырақтап, жат тілде сөйлейтін бөтен адамдар оқитын мектеп-интернаттан бір-ақ шыққанын түсіну қиын. Бірақ ол сынбады, бәріне төтеп берді. Мектепті, артынша университетті бітірді. Кәсіби журналист, табысты модель ретінде тұлға болып қалыптасты»,—деді ол.

Мұхтар Жәкішев әлеуметтік желіде қызының таңдауы мен күйеу баласының ұлтына қатысты айтылған сын-пікірлерге жауап беріп, адамның қадірі ұлтымен емес, ар-ожданы және адамгершілігімен өлшенетінін атап өтті.

«Нағыз намыс күйеу баланың ұлтымен өлшенбейді. Намыс дегеніміз сол намыс үшін тым жоғары баға төлеуге тура келгенде, адамдық арың мен абыройыңды таза сақтап қала алуыңмен өлшенеді! Ұлттың жаманы болмайды. Жаман адамдар болады. Қалған дүниенің бәрі осы қарапайым қағиданың салдары ғана. Ар-ұжданын мансапқа айырбастап, маған қарсы істі қолдан құрастырған тергеушілердің, прокурорлар мен судьялардың ішінде бірде-бір шетелдік болған жоқ. Мені сондай «құдалардан» сақтаған Жаратқанға мың шүкір. Маған өз құдаларым ұнайды. Олардың әулеті Ұлыбританияда тұрып жатқанына жетпіс жылдан асса да, өз тамырларын ұмытпаған. Тойға олардың көбі өздерінің ұлттық киімдерін киіп келіп, өз тегіне деген құрметін ерекше көрсетті»,–деді кәсіпкер.

 

 

 

Комментарии
Другие материалы