Президент кітап оқу мәдениеті туралы жарлыққа қол қойды

329
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/AEWUPkuVgPpxn2jYZ3zpm0JmQyACSnoaQkhU3BGu.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жаңа құжат аясында кітапханаларды жаңғырту, цифрлық кітап платформасын құру, ұлттық әдебиетті қолдау және жастар арасында кітап оқуды насихаттау жұмыстары күшейтіледі.

Құжат кітап оқу мәдениетін нығайтуға, білім мен инновацияны дамытуға бағытталған жаңа бастамаларды қамтиды. Негізгі бағыттар:

  • Заманауи кітапханалар мен цифрлық қоғамдық кеңістіктер ашылады;
  • Отандық авторлар мен ұлттық құндылықтарды насихаттайтын шығармаларға қолдау күшейеді;
  • 2026 жылдан бастап «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы іске қосылады;
  • 2027-2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы қабылданады;
  • «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң әзірленеді;
  • Бірыңғай Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы құрылады;
  • Қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде насихаттау жұмысы артады;
  • Баспагерлер мен кітап тарату саласына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, бұл құжат – елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға және кітап оқу мәдениетін мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды стратегиялық шешім.

«Президентіміз кітап пен білімнің адам өміріндегі, ұлт дамуындағы айрықша рөлін үнемі айтып келеді. Осы жарлық арқылы кітап оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Бүгінде елімізде 12 мыңнан астам кітапхана жұмыс істейді. Олардың қызметін жыл сайын миллиондаған азамат пайдаланады. Кейінгі жылдары кітапханалардың цифрлық мүмкіндіктері де артып келеді. Электронды кітапхана ресурстарын пайдаланушылар саны 30 пайыз өсіп, 718 мың адамға жетті. Ал кейінгі бес жылда электронды форматтағы кітаптарды 9 миллионнан астам адам пайдаланған.

Ең бастысы, қоғамда кітапқа деген қызығушылық артып келе жатқаны бәрімізді қуантады. Әсіресе балалар әдебиетіне сұраныс еселене түсті. Тек соңғы жылдың өзінде бұл көрсеткіш 75 пайыз өсті. Қазақ классикасына және қазақ тіліне аударылған әлем әдебиетінің таңдаулы туындыларына деген сұраныс та 50 пайыз өсті»,-деді ол.

Министр бұл бастамалар Қазақстанда кітап оқитын, ойлы әрі білімді ұлт қалыптастыруға серпін беретінін атап өтті.

Комментарии
Другие материалы