Бірегей алаң. Президент түркі саммитінің маңызына тоқталды

70
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Vycb4AI6SN0QiHbOOMdrWmGD3Kpp8MfL6HGpoYmD.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде бірнеше мәселеге тоқталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Президент саммиттің қасиетті Түркістан қаласында өтуінің тарихи мәніне назар аударып, шаһарды түркі жұртының рухани орталығы ретінде сипаттады. Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи мұрасының түркі халықтарының дүниетанымындағы маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысы биыл «Qoja Ahmet Yasaui» ордені тағайындалғанын еске салып, алғашқы марапаттың Режеп Тайып Ердоғанға табысталғанын айтты. Оның сөзінше, бұл қадам түркі халықтарының рухани байланысын нығайтуға бағытталған.

Саммит барысында Тоқаев түркі елдерінің технологиялық ынтымақтастығын күшейту қажеттігін айтты. Президент Қазақстанда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» жарияланғанын, Астана қаласында Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылғанын және екі суперкомпьютер іске қосылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар «Digital Qazaqstan» стратегиясы әзірленіп жатқанын жеткізді.

Президент Түркі мемлекеттері ұйымы аясында цифрлық инновациялар орталығын, киберқауіпсіздік кеңесін және түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды. Бұдан бөлек, ортақ IT-хаб ашып, оған «Turkic ai» атауын беру бастамасын көтерді.

Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық бағыттағы ұсыныстарға да тоқталды. Оның айтуынша, Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция қабылдау, сондай-ақ түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін қамтитын көптілді цифрлық платформа әзірлеу маңызды.

Тоқаев Түркістан қаласында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылданғанын айтты. Президенттің сөзінше, орталық ғылыми зерттеулер жүргізіп, мәдени және білім беру жобаларын жүзеге асырады.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымын әскери альянс ретінде сипаттайтын пікірлерге жауап берді.

«Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң», – деді Тоқаев.

Комментарии
Другие материалы