Бүгін, 11 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өнеркәсіпті дамыту және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жөнінде баяндалды. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде жүргізіліп жатқан негізгі жұмыстар туралы ақпарат берілді.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жоспарына тоқталды.
Одан бөлек, мемлекет басшысына көлік-логистика инфрақұрылымы мен құрылыс саласын дамыту жайында айтылды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымдық жобалардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, отандық тауар өндірушілерді қолдауды және алдағы жылу беру маусымына дайындық шараларын бақылауды күшейту жөнінде тапсырма берді.
Еске салайық, 6 мамырда Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалған еді.
