Әскеріміз ең күрделі міндеттерді орындауға қашан да дайын – Тоқаев

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cubbwEws0qqXu5wHhQxyiL18JUuIeRDnVKXkkIRB.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Президент бұл мерекенің мемлекеттік әрі қоғамдық маңызы ерекше екенін атап өтіп, жауынгерлердің ерлігі, рухы мен қайсарлығы әрдайым құрметке лайық екенін айтты.

«Бұл – Қазақстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тыныштығын күндіз-түні қас қақпай күзеткен, сондай-ақ қазір Отан алдындағы борышын адал өтеп жатқан барша азаматқа құрмет көрсетілетін күн. Ел жауынгерлері мен командирлері батыр бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып, нағыз отаншылдық рухының жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Сардарлар мен сарбаздардың, барлық күштік құрылым қызметкерлерінің бітімгерлік миссиялар, арнаулы оқу-жаттығу жиындары мен түрлі халықаралық сайыстар кезіндегі кәсіби шеберлігі, темірдей тәртібі мен жауынгерлік даярлығы – соның айқын дәлелі. Қуатты әскеріміз ең күрделі міндеттерді орындауға қашан да дайын екені сөзсіз. Сондықтан мемлекет еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге және әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға әрдайым баса мән береді»,– деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциядағы «Қазақстан Республикасын қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы» деген қағиданың мемлекет пен халықтың өзара жауапкершілігін айқындайтынын жеткізді.

«Біз Отанға қалтқысыз қызмет ету қағидатын және Конституцияда айқындалған мызғымас құндылықтарды негізге ала отырып, сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің тұғырын нығайта түсеміз, биік мақсат-мұратымызға жетіп, Әділетті, Күшті, Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін.  Антына адал болып, табандылық танытып, мінсіз қызмет етіп жүрген Отан қорғаушыларымызға алғыс айтамын. Барша азаматтарымызға мықты денсаулық, амандық және табыс тілеймін! Армиямыздың айбыны, халқымыздың ынтымағы арта берсін! Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғыры бекем болсын!»– деп түйіндеді президент.

Комментарии
Другие материалы