Қазақтың кәсіби музыкасының негізін қалаған замана бұлбұлы

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gyADdTEVY6J267Q0SKyCohUZ8ojir8VSQRPoIKlO.jpg

Бүгін, 29 сәуірде дирижер, этнограф, Қазақстанның халық әртісі, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың және Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толып отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол 1906 жылы 29 сәуірде Ақтөбе облысы Темір ауданында Ақжар деген жерде дүниеге келген. 1929 жылы Ленинградтың М.И. Глинка атындағы техникумында (А.А .Этигонның скрипка сыныбы бойынша), консерваторияда (профессор Ф.А. Ниманның гобой сыныбы бойынша, кейіннен музыка тарихы мен теориясы факультетінде) оқыған. 1930 жылы Ленинградтағы «Рабочий и театр» журналында жарияланған мақаласынан бастап, өмірінің соңына дейін қазақ музыкасының тарихы мен теориясын зерттеумен айналысқан.

1932 жылы Ленинградтағы Актер шеберлігі мектебінің аспирантурасына түскен, 1933 жылы Алматыда ашылған музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметке шақырылған. Ол 1934 жылы алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық оркестрін ұйымдастырған. Осы ұжымның тұңғыш дирижëрі ретінде көптеген халық композиторларының музыка туындыларын оркестрге лайықтап нотаға түсірген. 

1936 жылы «Музыка әліппесі» атты тырнақалды кітапшасы жарық көрген. 1945-1951 жылдары Алматы консерваториясының ректоры, 1954-1961 жылдары осы консерваториядағы өзі ашқан халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ халық музыкасының тарихынан, дирижëрлік өнер мен аспаптану пәнінен сабақ берген.

Ахмет Жұбанов Ғабит Мүсіреповтің "Қозы-Көрпеш – Баян сұлу" драмасына, Мұхтар Әуезовтің "Абай" спектакліне, "Амангелді" кинофильміне музыка жазған. Камералық шығармалардың ішінде "Қазақтың жеті биі", "Тәжіктің он биі" сияқты фортепианоға арналған, "Ария", "Көктем", Жезкиік", "Романс" сияқты қобызға арналған шығармаларының қазақ өнерінде ерекше орын алады.

Ахмет Қуанұлы 1968 жылдың 17 мамырында Алматыда 62 жасында қайтыс болды. Маэстроның өлімі қазақ мәдениеті үшін үлкен жоғалту болды. Композиторды жерлеу өнер қайраткерінен жалпыхалықтық қоштасуға айналды. Жұбановтың есімімен Қазақстанның әртүрлі қалаларында көшелер, концерт залдары және оқу орындары аталған. Алматыда белгілі мүсіншілердің жасаған композиторға ескерткіш орнатылған.

 

 

Комментарии
Другие материалы