Бағыштауға міндеттісің ғұмырыңды сен елге...

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Yp6bzYyfsMQlIpVm1UK6WVXTYFPxfFHE7txyXVsn.jpg

Жақында Қарағанды облысының Ақтоғай аудандық Мәдениет үйінде белгілі қаламгер, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубайдың «Ақтоғайым, мен сенің бір ұлыңмын!» атты шығармашылық кеші өтті.

Кештің алдында Мәдениет үйінің фойесінде «Адал арың – ақ мамық жастығың» деген тақырыпта Төлен Тілеубайдың шығармашылығына арналған көрме ашылды. Көрмеге қаламгердің шығарған кітаптары, баспасөзде жарияланған мақалалары мен сұхбаттары, шығармашылық жетістіктерінен мағлұмат беретін фотосуреттер, танымал тұлғалардың Т. Тілеубайдың туындылары туралы ой-пікірлері топтастырылған цитата-парақшалар қойылды. 

Рухани кештің шымылдығы Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты повесінен алынған шағын көрініспен түрілді. Ақтоғай халық театрының әртістері мен Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектебінің оқушылары әдеби шығарманы алғаш рет сахналап, көрермен назарына ұсынды. Балалар рөлдерді өте сәтті ойнады. Одан кейін кеш иесі сахнаға шығып, өзінің шығармашылығына құрмет көрсеткен туған жеріне перзенттік жүрекпен басын иіп, алғаусыз алғысын жеткізді. Ол араға 34 жыл салып, өзінің өмірдегі сәтті жолын ашып берген қасиетті сахнаға қайта оралды. Бозбала шағында Ақтоғай аудандық мәдениет үйінде өткен «Жігіт сұлтаны» байқауына қатысып, 2-ші орын алып, «Шешен жігіт» атанған еді. 

«Ассалаумағалейкүм, Ақтоғайым,

Арқадағы жер шоқтығы, көп тоғайың.

Ортаға келіп тұрған серілердің

Сен бүгін анықтайсың, бақ-талайын.

Ауылым Нұра өзенін бойлай қонған,

Ауасы – хош, таулары – биік қорған. 

Сол таулар аралығын мекендейді

Ұрпағы – Күләш, Нұркен, ақын Нарман. 

Әкем аты – Зәрубай, атым – Төлен,

Сайысқа Сарыарқадан мен де кеп ем, 

Бәйгемді шаппай бер деп айта алмаймын,

Табылар бір бойымнан өнер де өлең» деп өзін таныстырып, сол кезде шығарған өлеңімен халықтың қошеметіне бөленді. Төленнің алғашқыда жұртқа ақын болып танылғанын көпшілік біле бермейді. Демек алғашқы қыры – ақындығы десек қателеспейміз. Студент кезінде өлең-жырлары «Қарағанды университеті», «Азия-Транзит», «Орталық Қазақстан», «Руханият әлемі», «Егемен Қазақстан» газеттерінде жарық көрді. Достық, махаббат, туған жер тақырыбындағы бір топ өлеңдері «Аласапыран Америка» атты кітабына енді. Ал шығармашылық кеште Ақтоғай халық театрының әртістері кеш иесінің өлең-жырларын шабытпен оқыды. 

Көзі тірісінде шығармашылық байланыста болған «Тамшылар», «Есіл ағады» және өзге де халықтың сүйікті әндерінің авторы, композитор Ахмедияр Есмұханов Төлен Тілеубайдың «Көктемгі элегия», «Сенің бейнең» атты өлеңдеріне әуен жазды. «Туған жеріңе туыңды тік!» деген сөз бекер айтылмаған. Өткен жылы Сарыарқаның кіндігіндегі, Нұраның жағасындағы қойнауы құтқа, өрісі малға толған, береке мен бірлігі жарасқан Ақшидің азаматтары 50 жылдық тойын дүркіретіп өткізді. Мерейлі тойдың қарсаңында Ақши (Кежек ауылдық округі) ауылының тарихында тұңғыш рет ән шықты. Әннің сөзін жазған – Төлен Тілеубай, әнін жазған – Медет Салықов. Туған жерге, ауылға деген зор сүйіспеншіліктен туған  «Ақшиім – ән арқауым» атты әнді «Толқындастар» тобы әуелетті. 

«Әрқашан да адал жан боп,

Қалам десең егерде,

Бағыштауға міндеттісің

Ғұмырыңды сен елге» деген сөзді орыс жазушысы Денис Фонвизин айтыпты. Туып-өскен ауылыңды, өз еліңді жақсы көру жеткіліксіз, халық құрметтейтін азамат боламын десең, өз кіші Отаныңды жақсы біліп, еліңмен біте қайнасып кетуің керек. «Елсіз ер болмайды, жұртсыз жігіт болмайды» деген Бауыржан Момышұлы. Әлихан, Әлімхан, Ақбайдың Жақыбы тәрізді Алаш арыстары дүниеге келген, Күләш, Манарбек, Әсет, Шашубайдай бұлбұл үнді әншілер, Нарманбет пен Жазықтай дүлдүл ақындар, Аққыз бен Мағауиядай бармағынан бал тамған күйшілер шыққан Ақтоғайдың халқы осы кеште Төлен Тілеубайға ерекше құрмет көрсетті. 

Жерлестерінің атынан құттықтау сөз сөйлеген Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов: «Арқаның ақ түтегі мен қасиетті топырағынан нәр алған Ақтоғайдың біртуар азаматы ретінде Сіз қазақ руханиятында өз соқпағыңызды салып, ұлттық журналистика мен әдебиеттің биік белестерін бағындырып келесіз. 2003 жылы «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде Гран-При жүлдесін иеленіп, қазақ әдебиетіне үлкен үмітпен қадам бастыңыз. Оқырманның зор ілтипатына бөленген «Аласапыран Америка» атты тұңғыш кітабыңыздан бастап, бүгінгі күнге дейінгі шыққан әрбір туындыңыз – терең пайым мен ұлттық рухтың көрінісі. Кәсіби биіктіктің белгісі ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты атануыңыз – Сіздің қаламыңыздан туған дүниелердің ел үшін аса құнды екенінің дәлелі. Сіз - тек сөз зергері ғана емес, туған жердің қадірін жанымен ұғынған, туған елінің абыройын асқақтатуды парыз санаған азаматсыз. Сіздің публицистикалық ойларыңыз бен көркем шығармаларыңыз – болашақ ұрпақ үшін тағылымы мол қазына» дей келе, ауылдастарының атынан иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. 

Екі бөлімнен құралған кештің ресми бөлігін Ақтоғай халық театрының режиссері Құлмұхаммет Серікғалымұлы, ал негізгі бөлігін Ақтоғайдың ардақты азаматы, абайтанушы ғалым, IT саласының маманы Сұлтан Ыбырай жүргізді. 

Кешегі Смағұл Ыбырай, Қасым Орынбет, Қасжан Ағеділов, Үмітай (Мүбарак) Жармағанбетов, Махмұд Жарылғап, Амангелді Советұлы сияқты танымал қаламгерлердің қолтаңбасы қалған Ақтоғай баспасөзінің тамыры тереңде жатыр. Арқадағы қазақ баспасөзінің тарихы біз айтып жүргендей 1938 жылдан емес, қазақтан шыққан екінші редактор, 1888-1902 жылдары шыққан «Дала уалаяты» газетін ұйымдастырушы және алғашқы басшысы, Тоқырауын болысынан шыққан алғашқы журналист, публицист, аудармашы Дінмұхаммед Сұлтанғазиннен бастау алатыны жөнінде нақты тарихи деректер бар.  Мәселен, «Дін-Мұхамед Ханқожаұлы Сұлтанғазин (10 наурыз 1867 жыл, Қарқаралы уезі — 1917 жыл, Баку) — қазақ журналисі, тілмаш, қазақ ұлттық журналистикасының негізін қалаушылардың бірі. 1867 жылы 10 наурызда Қарқаралы уезінде, Тоқырауын болысында туған. Төре руынан шыққан. Бөкейхан Барақ ұлының шөбересі. Әлихан Бөкейхановтың інісі. Дін-Мұхамед Сұлтанғазин (ол тегі атасы Сұлтанғазы Бөкейхановтың атынан алды) 1890 жылы Томск университетінің медицина факультетіне оқуға түсіп, бір жылдан кейін Императорлық Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетіне ауысты. 1895 жылы 1–ші дәрежелі дипломмен бітірген соң, сол университеттің заң факультетіне оқуға түсіп, 1897 жылы заңгер дәрежесін алды. Екі жоғары білім алған тұңғыш қазақ болды» деген мәлімет Уикипедияда бұрыннан бар. 

Жұртты елеңдеткен бір жаңалық: «Осы уақытқа дейін оның әкесінің аты белгісіз болып келді. Мұрат Өтеп деген азамат Дінмұхаммед Сұлтанғазиннің Томск университетіндегі студенттік құжатында Ханқожаұлы деп анық жазылғанын тапты. Бөкейден Батыр, Батырдан Мырзатай, одан Нұрмұхаммед, одан Әлихан туса, Бөкейдің Сұлтанғазы деген баласынан Ханқожа, Ханқожадан Дінмұхаммед туады» деген ақжолтай деректі Сұлтан Ыбырай ақтоғайлықтарға сүйіншілеп жеткізді. Сөз тізгінін ұстаған адамның бір ұтқан жері - Әлиханның Ақтоғайындағы жер-су атауларының (Гүлшат, Дересін, Кежек) шығу тарихына қысқаша мысалдармен тоқталып, жас ұрпаққа ұлағаты мол мағлұматтарды бөлісіп отырды. 

Ол «Дінмұхамеммед Сұлтанғазин, Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Ақбайдың Жақыбы сияқты Алаш арыстары өсіп-өнген тамырдан нәр алған, қасиетті қаламына адал ұрпақ бүгінге жалғасып келеді. Дүйім елге тұтқа, жерге жанашыр болып, ұлттың сөзін сөйлеп жүрген кесек болмыс, кемел білімімен ел алдында жүрген ұлдары жетерлік. Солардың бірі – Ақтоғайдың Ақши ауылынан шыққан қаламгер Төлен Тілеубай» дей келе шығармашылық кеш иесінің журналистік қырына бөлек тоқталды. Төленнің қаламгер болуына үш тұғыры: туған үйі, өскен ортасы және алдынан шыққан ұлағатты ұстаздары зор ықпал еткенін тілге тиек етті. 

«Бүгінгі кештің иесі сан қырлы талантымен танылып жүрген азамат. Әйтсе де жұрт Төленді әуелі журналист ретінде танып-білді. 1995-1999 жылдары Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Журналистика бөлімін «Журналистика» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірді. Сол уақыттан бері 27 жыл бойы үздіксіз қазақ баспасөзінде еңбек етіп келеді. Осы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Журналистік қызметіндегі ең үлкен жетістігі - Мемлекет басшысының 2024 жылғы 25 маусымдағы өкімімен отандық журналистиканы мазмұндық және әдістемелік тұрғыдан жетілдіруге қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты атанды. Төлен Тілеубайдың Қазақстандағы адам саудасы туралы сериялық журналистік зерттеулері 1999 жылдан бастап қазақ газеттерінде, интернет порталдарда шықты. Ол ең күрделі, уытты, жауынгер жанрдың бірі – сұхбат жазудың шебері. Журналистік қызметінде еліміздегі ғана емес, әлемдік саясаттағы беделді тұлғалармен сұхбаттасты. Солардың қатарында Иранның экс-президенті Махмұт Ахмадинеджат, Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, РФ Мемлекеттік Думасының төрағасы Валентина Матвиенко, Қырғызстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Роза Отунбаева және т.б. бар. 2019 жылдан бері Төлен Зәрубайұлы киіктерді қорғау тақырыбын әлеуметтік желілерде, баспасөз беттерінде жанкештілікпен көтеріп, бірнеше шағын жазба, талдау мақала, өткір сұхбат, журналистік зерттеу, әдеби шығармалар жариялады. «Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің ісін» батылдықпен жазып, бұқара мен биліктің назарына қайта-қайта ашық шығарды. Соның нәтижесінде даланың ақбөкендерін қойша қырып-жойған браконьерлерді қатаң жазалайтын заң қабылданды» дей келе жүргізуші журналистің кәсіби қызметін болашақ ізбасарларына үлгі етті.

Төлен Тілеубайдың туған жері, Әлиханның Ақтоғайы туралы мақалалары әр жылдары «Тоқырауын тынысы», «Орталық Қазақстан», «Азия-Транзит», «Айқын», «Астана ақшамы», «Халық» газеттерінде, «Abai.kz» порталында жарық көрген. «Бостандықты бағалайтын ұрпақ Алаштың трагедиясын, Желтоқсанның шындығын білуі тиіс!» деген мақаласында:«Тәуелсіздік күнін атап өту қазақтың бағына туған Әлихан Бөкейханның Алашорда Үкіметін құрған 13 желтоқсаннан басталуы керек. Бұл күнді «Алашорда күні» деп атауымыз керек! Өйткені, ол – Алаш тарихына алтын сиямен жазылған ұлы күн! Қазақ баласының ұлттық жадынан өшпейтін күн! Тәуелсіздігіміздің тарихына таспен жазылған күн! Алаш арысы Әлімхан Ермековтің «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы №28 санында жарияланған «Жасасын, Алаш автономиясы!» атты мақаласында 13 желтоқсанның тарихта қандай мән-мағынаға ие екені ғажайып тілмен жазылғанын білеміз. Алашорданың көрнекті қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш математик Әлімхан Ермековтің үш рет тұтқындалып, 18 жыл өмірін ГУЛАГ-тың азапты түрмесінде өткізгені басқа емес, Тәуелсіздік күнінде айтылуы қажет» деп жазады ол.

Осы кеште 27 жылдық кәсіби қызметінде баспасөзде, интернеттегі сайттарда, әлеуметтік желілерде Т. Тілеубай батыл жазып, қоғамдық пікірдің талқысына шығарған 25 мәселе бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан шешім щығарылғаны айтылды. Олардың қатарында: адам саудасына тыйым салу, Ұлттық баспасөз күнін белгілеу, Наурызды жаңаша тойлау, журналистерге мәртебе беру, балалардың құқығын заңдастыру, Желтоқсан көтерілісінің боздақтарын ақтау, қазақ газеттерінің дамуы, су мамандарын даярлау, Алаш арыстарының ұлттық арманын іске асыру сияқты ұлттық мұраттарға үндейтін өзекті де өткір мәселелер бар.

Одан әрі Төлен Тілеубайдың публицистік қызметі, ғылыми зерттеушілік және жазушылық қыры сөз болды. Ол «Аласапыран Америка», «Тәуелсіздік – тұмарым», «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі», «Түлкілітаудың аспаны» атты төрт кітаптың авторы. 2004 жылы АҚШ-қа барған сапарында өз көзімен көріп, көңіліне түйгендері «Аласапыран Америка» атты публицистикалық жинағына арқау болды. Публицист қазақ баспасөзінде соңғы жылдары жойылып бара жатқан очерк, памфлет, фельетон сияқты жауынгер жанрларда аянбай қалам тартты. Әсіресе, 2006 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрген, қазақ пен батыс қоғамын салыстырып жазған «Аласапыран Америка» атты жолсапар очеркі оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Соңғы жылдары баспасөзден жойылудың аз-ақ алдында тұрған фельетон жанрының хәлі мүшкіл. Кезінде «Ара» сын-сықақ журналында (2003 жыл) жарияланған «Самақованың «приоритеті», «Темір жолың тық-тық, вагондары пық-пық» (2005 жыл) сияқты фельетондары арқылы қоғамдағы кемшіліктерді аяусыз сын садағына алды. Т. Тілеубайдың «Егемен Қазақстан» (13 тамыз, 2005 жыл) газетінде жарияланған «Қағазстан» атты памфлеті қоғамды дүр сілкіндірді. Автор өмірдегі сандаған «измдердің» қатарына қағазизм ұғымын әкеліп қосып, оны дара жіктеді. Әрине, бұл сөзсіз автордың шеберлігі. Екіншіден оқырманның назарын аудару құралы ретінде мысқыл болса да, «Қағазстанның» Қазақстандағы орнының жоқ екендігін шеберлікпен көрсетеді. Публицистикалық шығармалары автордың «Аласапыран Америка», «Тәуелсіздік - тұмарым» атты жинақтарында топтастырылып берілді.

Төлен Тілеубай 2021 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің магистратурасын үздік бітірді. Академиялық дәрежесі - әлеуметтік ғылымдар магистрі. 2002 жылы 13 сәуірде Алматыдағы «Курсив» баспасынан «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты оқу құралы жарық көрді. Газет пен гаджеттің текетіресін бірнеше жыл терең зерттеп, жылдам өзгеріп жатқан медиа индустриядағы құбылыстарға талдау жасады. 

Төлен Тілеубай 35 жыл бұрын, Ақши орта мектебінен түлеп ұшты. Балалық шақтағы аппақ арманы биік шыңдарға жетеледі. Кітап оқуға, шығарма жазуға деген қызығушылығы да мектепте оқыған кезінде басталды. Әдебиет пәнінен сабақ берген мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Сәбира Құлпейісова баланың жүрегіндегі шығармашылыққа, әдебиетке деген сүйіспеншілігінің оянғанын тап басып таныған. Оқушы кезіндегі әдебиет сабағында жазған шығармалары, студенттік шақтағы күнделіктері қаламгерлікке жетеледі. Шығармашылық жолының бастауы болған «Жаңа Астанаға қош келдің, қазақ жасы» атты фантастикалық әңгімесі 2003 жылы Астанада өткен «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің әдебиет байқауында үздік деп танылып, дипломант атанды. Байқаудың қазылар алқасының мүшесі болған Халық жазушысы, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері марқұм Фариза Оңғарсынова Төленнің шығармашылығы туралы: «Менің түсінігімде журналистер саясаткерлерден де, ақын-жазушылардан да, басқа да ғылым, өнер салалары өкілдерінің бәрінен де биік тұрады. Сондай журналистердің бірі – ойлы, ұлттық мүдде хақында жасты да, жасамысты да ойландыратын мақалалары үшін 2003 жылы «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при жүлдесін жеңіп алған, кейін «Аласапыран Америка» атты тұңғыш кітабын шығарған аса дарынды Төлен Тілеубай. Өз басым Төлен алдағы уақытта да сүйсінуге тұрарлық шығармаларымен оқырмандар көңілінен шыға береді деген сенімдемін» деген пікірін айтыпты. Осы пікірдің дәлеліндей, Төлен Зәрубайұлының әр жылдары жазған «Қайта түлеген рух», «Ақбөкен жылаған түн» (деректі әңгіме), «Мен саған ғашық едім!», «Ақ көгершін», «Гүлсараның махаббаты» атты әңгімелері оқырманның көңілінен шықты. Арада 20 жылға уақыт өткенде «Түлкілітаудың аспаны» атты тұңғыш повесін жазып, жарыққа шығарды.  

Кеш соңында Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектебінің 7-сынып оқушысы Аяла Талғатқызы «Түлкілітаудың аспаны» туындысына бейнеталдау жасады. Кеш иесі мен залдағы көрермендер арасында сұрақ-жауап форматында ашық сұхбат өтті. Одан кейін рухани жиынға арнайы келген белгілі қаламгер, қоғам қайраткері, Желтоқсан қаһарманы Мақпал Орынбетова, Қазақтың Сары тентегі, ақын, бард Қуаныш Мақсұтов, «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, публицист-журналист Ерсін Мұсабек, белгілі ақын Мүсіркеп Сейдахмет, ақын, бұқартанушы, композитор Қалиасқар Шыныбектегі, ақын, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Руслан Нұрбай, әнші, мәдениет саласының үздігі Ержан Базарбеков, бұқаржыраулық жас ақын Айтуар Боранбайұлы, Төленнің шығармашылығымның жанашыры Жанар Төселбаева, Кежек ауылдық округінің әкімі Мейірбек Мәкенбаев, Ақши негізгі орта мектебінің директоры Аманбала Ноғаева, «Қарағанды университеті» журналының бас редакторы Гүлнәр Шоменова және «Үкілі үміт» клубының қыз-жігіттері - Нұрасыл, Айбын, Гүлмира, Төленнің туған әпкесі Дыбыс Тілеубаева құттықтау лебізін айтып, сый-сыяпат жасады. Әншілер әнін әуелетті. 

Нұрасыл Ерболұлы, 

Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің журналистика бөлімінің студенті. 

Комментарии
Другие материалы