«Емші жағалап кетеді». Лудоманиядан емделу мəдениеті неге төмен?

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hzbJXiDd1edx5w6A4Mk0TsEL70jDRcjye5iJUnPc.jpg

Коллаж ЖИ көмегімен жасалды

Елде құмар ойынға тəуелділік жылдан жылға ушығып барады. Әсіресе, лудомандар саны еселеп артып, қаншама отбасы оның зардабын көріп отыр. Мемлекет арнайы заң қабылдап, бақылауды күшейтсе де, лудоманияның тамырына ешкім балта шаба алмай отыр. Керісінше ол қаулап, өсіп барады.

MNU Newsroom тілшісі Қазақстанда неге лудоманияны ерікті емдеу мәдениеті қалыптаспай отырғанын зерттеу мақсатында тәуелділіктен емделіп шыққан азаматтармен, оңалту орталықтарының мамандарымен және психологтармен сұқбаттасты.

«ТӘУЕЛДІ БОЛҒАНЫҢДЫ АЙТЫП,  ЕЛМЕН БӨЛІСУ ҰЯТ ЕМЕС»

Соңғы уақытта өзінің бұрын лудоман немесе наркоман болғанын ашық түрде айтатындар көбейді. Олар бұл психикалық бұзылысты қалай жеңгенін, бұл жолда кімдер көмектескенін айтып, бүкпесіз бөлісуде. Солардың бірі – Руслан Латифуллин. Оның оқиғасы лудомания тек ерік-жігердің әлсіздігі емес, терең тамырлы психологиялық және генетикалық мәселе екенін ұқтырады. Руслан 17 жыл ойынға тәуелді болған. 


Фотода Руслан Латифуллин

«Менің тәуелділігім генетикадан басталды десем болады. Атам алкогольге тәуелді, әкем ойынқұмар болған. Мені олар тәрбиелемесе де, тыйым салынған нәрсеге деген құштарлық қанымда болды. Анама қарап, гимназияда оқып, музыка мен спортқа қатысып, қалыпты жағдайда өссем де, 13 жасымда ойын автоматтарының құрығына іліктім», - дейді.

Русланның айтуынша, бәрі дүкенде тұрған автоматқа салынған 50 теңгеден басталған. Алғашқы 400 теңге ұтыс оның санасын улап, кейіннен бұл әуестік есірткі мен алкогольге ұласады.

Ересек кезімде казинода бір түнде 80 000 доллар ұтқан кезім болды. Бірақ сол сәтте-ақ казинодан шықпай жатып, бәрін қайта ұтылдым. Осы жылдар ішіндегі жалпы ұтылған сома шамамен 1 миллион долларды құрайды. Мен тәуелді екенімді тек реабилитациялық орталыққа түскенде ғана мойындадым. Оған дейін анамды алдап, қарыздарымды жабу үшін ғана емделгенсіп жүретінмін», - дейді ол.

Русланның оқиғасы лудоманияның «тұңғиық» екенін, одан шығу үшін тек «қоя салу» деген уәждің жеткіліксіздігін, тек кәсіби көмек пен саналы түрдегі бетбұрыс қажет екенін көрсетеді.

Өзінің бұрын наркоман болғанын ашық айтып жүргендердің бірі – Алмат Қалдыбаев. Ол 15 жыл есірткіге тәуелді болған. 7-8 жасында лоторея ойнап, 5 мың ұтып алған сәттен бастап оның жеңіл ақша табуға деген әуестігі басталған. Осы адреналинді ол кейін кілей иіскеуден, мектепте спирттік ішімдік ішуден іздейді.  «Нағыз ләззатты сосын есірткіден таптым», - дейді Алмат. Бара-бара бұл әдеті тәуелділікке ұласып, ол 15 жылын және отбасын жоғалтады. Әйелі 3 ұлымен кетіп қалады. Қазір Алматтың емделіп шыққанына 5 жыл болған.

Руслан, Алмат секілді өз қателігін мойындап, дертті жеңген жандардың мысалы қоғамның да бұл мәселеге деген көзқарасын өзгертіп жатыр.

ЕМДЕУДІҢ ҚИЫНДЫҒЫ

Қазақстанда көбіне мұндай адамдар өздерінің тәуелді болып қалғанын барынша мойындамауға тырысады.

«Ең қиыны – ойынқұмарды емдеу. Олардың өзі екіге бөлінеді. Біріншісі аралас ойынқұмар дейміз. Олар ойнап, ұтылған кезде стресстік жағдайларда ішеді, шегеді. Ал екіншісі аралас емес, таза лудомандар. Оларды емдеу қиын. Өйткені олар  өзінде проблема бар екенін,  соның салдары, зардаптары бар екенін, мойындаулары қиын, қабылдауы қиын», - дейді психолог Серікгүл Сали.

Мұндай лудомандардан шаршаған туыстары оларды мәжбүрлі түрде емдетіп, әлек болып жүр. Бірақ көбісі мемлекеттік наркологиялық диспансерлерге апармауға тырысады, себебі ол жақта диагнозына және емделу жиілігіне қарай диспансерлік есепке алынуы мүмкін. Ал бұл кейін оның жұмысқа тұруына, жүргізуші куәлігін алуына, жоғары оқу орнына түсуіне, виза алуына кедергі болады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, құмар ойынға тəуелділер саны:

2023 жылы - 10 пациент,

2024 жылы - 15 пациент,

2025 жылы - 9 пациент қана екен.

Әрине, бұл көрсеткіш жоғарыда айтқанымыздай, олардың тіркеуден барынша қашатынының айқын көрінісі. Ал негізі Қазақстандағы лудомандар саны өткен жылы 350 мың деп айтылған болатын.

«ЕМДЕЛМЕУДІҢ БАСТЫ СЕБЕБІ – ЕСЕПКЕ АЛЫНУДАН ҚОРҚУ»

Тәуелділермен ұзақ жылдар бойы жұмыс жасап жүрген психолог Серікгүл Сəли «лудоманиямен ерікті түрде емделмеудің ең басты себебі осы – есепке алынудан қорқу», - дейді.  Сол себепті қоғамда қазір жеке меншік реабилитациялық орталықтар көбейді. Бір жақсысы, ол жақта емделген адам ешқандай есепке алынбайды. Құпиялылық барынша сақталады.

«Қазір тəуелділік өте көбейіп кетті. Əсіресе, ойын құмарлық. Көбіне ер адамдар мен жас жігіттер арасында жиі кездеседі. Негізі жеке меншік оңалту орталықтарында емделген тиімді. Жеке орталықтарда қызмет сапасы жоғарырақ болады», - дейді

Фотода Серікгүл Сали

Лудоманиямен ерікті түрде емделмеудің екінші себебі – реабилитациялық орталықтар қызметі бағасының тым қымбат болуында. Біз бұл мақаланы дайындау барысында әр қаладағы орталықтарға хабарласып, бағасын білдік. Орташа есеппен алғанда, бір айлық ем құны 300 мыңнан 600 мың теңгеге дейін бағаланады екен.  Ал толық курс бірнеше айға созылып, жалпы шығын миллиондаған теңгені құрауы мүмкін.

Алайда, мұндай қымбат реабилитацияға қолы жетпейтіндер амалсыздан арзан әдіске барады. Соның ішінде емші жағалап кететіндер көп. Бүгінде əлеуметтік желілерде өзін «емші» деп таныстыратындар көбейген. Олар тəуелділікті суретке қарап, онлайн дұға оқу арқылы емдеуді ұсынады. Яғни, медициналық еммен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Бірақ нақты нəтижеге кепілдік бермейді.

«2018 жылдан бастап лудомания дерт ретінде бекітілді. Бірақ біздің қоғам əлі күнге дейін оны дұрыс емдемейді. Адамдарды  туыстары емшіге апарады, бақсыға апарады, гипнозға сенеді. Алайда бұл - психикадағы проблема. Оны ешқандай қамшы немесе емдік су емдей алмайды», - дейді Астанадағы тәуелділерді емдеумен айналысатын оңалту орталығының жетекшісі Азамат Нұрбекұлы.


Фотода Азамат Нұрбекұлы

Мамандар лудомандардың ерікті түрде ем алмауының тағы бір себебі – ұят факторы екенін айтады. Себебі олар «туыстарым білсе әлсіз адам деп ойлап қалады, жұрт не дейді» деген секілді жалған намысты жоғары қояды. Одан бөлек қоғамда лудоманияның дерт ретінде, психикалық бұзылыс ретінде толық мойындалмауы да аяққа тұсау болып тұр.

«Не себептен менің ішімде осы тәуелділікке деген құштарлық пайда болды? Мұның себебі психотерапевтпен бірге отырып жасалатын жұмыс арқылы табылады. Соны тапқан кезде барып, түсінікті түрде, саналы түрде түсінікпен өмір сүру деген қадамға келеді. Әйтпесе, олар көбі өз өзінен қашады. Сондықтан бұл тұста психологиялық кешенді жұмыс жасалуы керек», - дейді психолог.

Тәуелділерді емдеумен айналысып жүрген мамандар бұл мәселе сонымен қатар құмар ойын индустриясының қолжетімділігі, агрессивті жарнамалардың ашық көрсетілуі, заңнан айналып өтетін құйтырқы әрекеттердің көптігі, қолжетімді әрі сенімді анонимді қызметтер мен ақпараттық жұмыстардың аздығы қиындық тудырып тұрғанын айтады.

«Мысалы жақында «Реал Мадрид» пен «Қайраттың» матчында ойынға ставка тігу ашық жарнамаланды.  Бұл – бізге екі жағынан зиян. Біріншіден, бұл жалпы ұлт тәрбиесіне жаман әсер етеді. Себебі өсіп келе жатқан бала, не жаман, не жақсы екенін білмейді.  Және дұрыс әлеумметтенбеген үлкен ер азаматтар да соны көреді де, сол жерден жеңіл ақша табуға болады деп ойынға ақша тігіп бастайды. Мысалы, жалқау адамдар да сол жарнаманы көреді де, ставка қояды. Екіншіден, мұндай жарнамалар лудомания бойынша ем алып шыққандарды қайта тұзаққа түсіреді. Оларда қанша емделіп шықса да оларда құмарлық деген бәрібір болады. Ал жарнама соған тартады қайтадан», - дейді Серікгүл Сали.

Ойын – ермек емес, ол тағдырды талқандайтын дерт. «Ал дертті жасыру емес, емдеу керек», - дейді мамандар. 

Балкен Ахметова

Комментарии
Другие материалы