ТҮРКСОЙ Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығын «Түркі әлемінің үздік музейі» деп таныды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8F9v5eCjUfIJmGZOCBqGb8qoG48Qh43zz1NeXq86.png

ТҮРКСОЙ халықаралық мәдени ұйымы Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығы музейін «Түркі әлемінің үздік музейі» деп таныды. Бұл туралы Орталықтың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Тиісті сертификатты Орталық басшылығына ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Сұлтан Раев табыстады.

Оның айтуынша, ұйым атынан үш сертификат берілген. Алғашқысы - Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев бастамасымен жарық көрген «Түркі әлемі әдебиетінің інжу-маржандары» атты 100 томдық кітап басылымына табысталды. Мұндай ауқымды жоба бұған дейін түркі әлемінде жүзеге асырылмағаны атап өтілді. Қазіргі уақытта Қазақстан, Әзербайжан және Қырғызстан бұл бастаманы қолдап, 20, 30, 40 және 50 томдық жобаларды іске асыруда. Жинақ «Әлемдегі үздік әдеби жоба» номинациясы бойынша сертификатқа ие болды.

Екінші сертификат «Түркі әлемінің үздік музейі» номинациясы бойынша Ислам өркениеті орталығына табысталды. Сонымен қатар музей ТҮРКСОЙ-дың Түркі әлемі музейлері қауымдастығына қабылданды.

Салтанатты рәсім Ташкент қаласында өткен халықаралық форум аясында ұйымдастырылды. Ұйым өкілдері бұл шешім орталықтың қысқа мерзімде атқарған ауқымды жұмысына берілген жоғары баға екенін атап өтті.

Форумға Түркия, Франция, Италия, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Үндістан, Иран және Қазақстан елдерінен ғалымдар қатысты. Жиында Темір әулеті дәуірінің тарихы, саяси жүйесі, қала құрылысы дәстүрлері, сондай-ақ ғылым мен мәдениеттің дамуы талқыланды.

Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығының директоры Фирдавс Абдухаликов ТҮРКСОЙ тарапынан берілген бұл марапатты орталық жұмысына көрсетілген жоғары баға деп атады.

Оның айтуынша, ТҮРКСОЙ - орталықтың сенімді әрі тұрақты серіктестерінің бірі. Биыл бірлескен іс-шаралар өткізу жөнінде келісімдер жасалған. Олардың қатарында халықаралық жастар форумы мен түркі мемлекеттерінің қолөнершілер фестивалі бар.

Форум қатысушылары Темір әулетінің мұрасы Еуропа мен Азия арасындағы мәдени байланыстардың дамуына зор үлес қосқанын атап өтіп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңызын ерекше айтты.

Ислам өркениеті орталығы Өзбекстан астанасында, Хаст-Имам кешені маңында салынған. Ғимарат ортағасырлық сәулет ескерткіштері стилінде бой көтерген: биіктігі 34 метр болатын төрт портал және 65 метрлік орталық күмбезі бар. Орталықта Құран залы, 460 орындық конференц-зал және Өзбекстан тарихын исламға дейінгі кезеңнен бүгінге дейін қамтитын музей экспозициясы қарастырылған.

Орталық ата-баба мұрасын зерттеу мен оны заманауи тұрғыда зерделеуге арналған алаңға айналуды мақсат етеді. Бұл бағытта ол Өзбекстан халықаралық ислам академиясымен және әлемдегі ғылыми-ағартушылық орталықтармен бірлесіп жұмыс істейді.

Комментарии
Другие материалы