№90 мектеп-лицей ұжымы әлемдегі ең үздік ұстаздардың бірімен кездесті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SrR9obnGIIgfXeTqbLl2SKyStXS58GcZMZWmvA9Q.jpg

Алматыдағы №90 мектеп-лицейінің ұстаздары мен оқушылары әлемнің үздік мұғалімдерінің қатарына енген, Global Teacher халықаралық мәртебесіне ие Татьяна Белоусовамен кездесті.

Іс-шара аясында Татьяна Белоусова өз тәжірибесімен бөлісіп, заманауи педагогиканың негізгі тәсілдері туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол Global Teacher беделді халықаралық мәртебесіне ие болудың ерекшеліктерін түсіндірді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады және оқыту сапасын арттыруға арналған практикалық ұсыныстар алды.

№90 мектеп-лицейінің директоры Бұлбұл Расбекқызының айтуынша, бұл іс-шара педагогтардың кәсіби қауымдастығын дамытуға, оқушылардың шығармашылық бастамаларын қолдауға және мектептің инновациялық әрі мәдени білім беру орталығы ретіндегі имиджін нығайтуға бағытталған.

«Бұл кездесу біз үшін өте маңызды. Өйткені Татьяна Геннадьевна зейнеткер бола тұра, осындай үлкен конкурсты жеңіп алып отыр. Жас мамандар мен студенттерді мектепке тарту, педагог мәртебесін көтеру мақсатында осындай жандарды шақырдық. Олардың жетістікке қалай жеткені әріптестеріміз үшін де пайдалы. Мүмкін, оқушыларымыздың арасында болашақта мұғалім болуды таңдайтындар бар шығар. Бізге жақсы мұғалімдер қажет. Біздің алдымызда отырған балалар өте талантты. Бұл – арнайы физика-математикалық лицей. Қазіргі уақытта әсіресе математика, физика, химия пәні мұғалімдері тапшы. Сондықтан бұл іс-шара балалар үшін кәсіптік бағдар ретінде де маңызды. Сонымен қатар бүгін мектебімізде қазақ театрының тұсаукесері өтуде. Сол театрды осындай құрметті қонақтардың ашқанын қаладық», – дейді Бұлбұл Расбекқызы.

Айта кетейік, Алматыдағы №95 мектеп-лицейдің химия пәні мұғалімі, «Қазақстанның үздік ұстазы – 2024» құрметті атағының иегері Татьяна Белоусова Global Teacher Prize 2025–2026 халықаралық байқауының қорытындысы бойынша әлемнің ең үздік 50 педагогінің қатарына енді. Бұл тізім 2025 жылғы 15 желтоқсанда Global Teacher Prize ресми сайтында жарияланды.

Кейін ұстазды Мемлекет басшысы құттықтап, бұл жоғары марапат оның өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуға бағытталған көпжылдық еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.

«№90 мектеп-лицей – Алматы қаласындағы әйгілі оқу орындарының бірі. Мектеп ұжымымен, оқушылармен кездесу, тәжірибе бөлісу мені әрқашан шабыттандырады. Қазақстан Global Teacher Prize байқауына бес рет қатысып, үш рет үздік 50 педагогтың қатарына енді. Алдағы уақытта үздік ондыққа енеді деп сенеміз. Бұған ұстаздар қауымының толық мүмкіндігі бар. Осындай кездесулерден ұстаздар бағыт алып, халықаралық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанады деп ойлаймын. №90 мектеп-лицей басшылығына және ұжымына алғыс айтамын», – деді Татьяна Белоусова.

Іс-шараның соңында мектепте «Шырақ» қазақ театры ашылып, балалардың сүйікті шығармасы – «Менің атым Қожа» сахналанды. Қызыл лентаны құрметті қонақ Татьяна Белоусова қиып, жас өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, №90 мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математикалық лицей – Алматы қаласындағы ең танымал оқу орындарының бірі. Бүгінде мектепте 1256 оқушы білім алады.

Комментарии
Другие материалы