Қырым баласы. Түркі тұтастығының тұтқасы

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/AEuSdrJn5dR8Ye3tzuIsDt1YqmTI9aCFPWmzGmfC.png

Бүгін, 20 нарыз Түркі әлемінің көрнекті қайраткері, ағартушы, реформатор Ысмайыл Ғаспралының туғанына 175 жыл толып отыр, деп хабарлайды "Адырна".

Ол 1851 жылы 21 наурызда Қырымдағы Бақшасарай маңындағы Ауджикой ауылында дүниеге келген. Балалық шағы түркі-қырым мәдениетінің орталығы саналған Бақшасарайда өтіп, алғашқы білімін медреседе, кейін орыс оқу орындарында жалғастырған.

Жасынан білімге құштар болған Ғаспралы Мәскеу мен Воронеждегі әскери оқу орындарында білім алды. Алайда Ресейдің түркі халықтарына қатысты саясатын қабылдай алмай, оқуын тастап, елге оралады. Кейін Бақшасарайдағы Зінжірлі медресесінде ұстаздық қызмет атқарып, білім беру жүйесін жаңғыртуға кірісті.

Ғаспралы мұсылмандық білім беруді жаңарту идеясын ұсынып, діни оқу орындарына математика, география, тарих, жаратылыстану пәндерін енгізуді қолдады. Ол «усул-жәдид» деп аталған жаңа оқыту әдісінің негізін қалап, түркі халықтарының жазуын біріздендіруді мақсат етті. Ағартушы ұлттық тәрбиені мектептен бастау қажеттігін де үнемі насихаттады.

Ол тек педагог қана емес, қоғам қайраткері әрі публицист ретінде де танылды. Ресей империясының отаршылдық саясатын сынап, мұсылман халықтарының рухани дамуына жол ашуды талап етті. «Тәржіман» газеті арқылы түркі жұртын білімге, бірлікке үндеді.

1878 жылы Бақшасарай қаласының әкімі қызметіне тағайындалған Ғаспралы халық игілігі үшін мектептер мен әлеуметтік нысандар салуға атсалысты. Соған қарамастан, оның ағартушылық идеялары түрлі кедергілерге ұшырап отырды.

Ысмайыл Ғаспралы 1914 жылы 11 қыркүйекте қайтыс болды. Оның қазасы күллі түркі әлемі үшін орны толмас қайғы болды. Қазақ зиялылары да оны жоғары бағалап, Міржақып Дулатұлы оны «Ресей мұсылмандарының ұстазы» деп атады.

Бүгінде Ысмайыл Ғаспралының мұрасы – түркі халықтарының рухани жаңғыруы мен ағартушылық жолындағы маңызды тарихи кезеңнің айғағы болып қала береді.

Комментарии
Другие материалы