«Росатом» Ирандағы Бушер атом электр станциясындағы құрылыс жұмыстарын тоқтатты. Бұл туралы корпорация басшысы Алексей Лихачев мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.
Айтуынша, шешімге Таяу Шығыстағы қақтығыстар себеп болған.
«Әрине, Ирандағы нысанда жұмыс тоқтатылды. Біз қызметкерлеріміздің елді мекендерден шықпауын және құрылысқа қатысты ашық алаңдарда сирек болуын қатаң бақылаймыз», – деді Лихачев.
Ол әскери қақтығыстарға байланысты жағдайды болжау қиын екенін, бірақ жаңа энергоблоктарды іске қосуға күш салатындарын атап өтті.
«Біз Иран халқы мен үкіметі алдындағы жауапкершілігімізді жақсы түсінеміз»,-деді басшы.
Лихачев Иран атом өнеркәсібінің басшылығымен байланыс үзілгенін жеткізді. Айтуынша, қазіргі таңда Бушер АЭС-іне қауіп бар.
«Станцияның физикалық қорғаныс сызығынан бірнеше километр қашықтықта жарылыстар естіледі. Олар станцияға бағытталмаған, әскери нысандарға бағытталған, бірақ қауіп айқын түрде артуда»,- деді ол.
Лихачев АЭС тұтастығының бұзылуы үлкен аумақтардың ластануына әкелуі мүмкін екенін айтты.