АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы бұған дейін енгізілген бірқатар санкциялардың мерзімін тағы бір жылға ұзартты. Бұл санкциялар Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылығына байланысты қабылданған, деп хабарлайды “Адырна”.
Report агенттігінің хабарлауынша, тиісті құжат АҚШ-тың Федералдық тізімінде жарияланған.
Құжатта Трамптың: «Мен 13660-шы жарлықпен енгізілген ұлттық төтенше жағдай режимін тағы бір жылға ұзартамын», – деген сөзі келтірілген.
Аталған режим 2014, 2018 және 2022 жылдары АҚШ президенттері қабылдаған жарлықтар негізінде енгізілген Ресейге қарсы санкцияларды ұзартуды көздейді. Құжатта атап өтілгендей, Трамп бұл шектеу шаралары «2026 жылғы 6 наурыздан кейін де күшінде қалуы тиіс» деп санайды.
«Осы жарлықтарда айтылған әрекеттер мен саясат АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саясатына әлі де ерекше әрі төтенше қауіп төндіруде», – делінген Ақ үй әкімшілігі басшысының мәлімдемесінде.
Еске салсақ, АҚШ 2014 жылдың наурыз айында Ресейдің Украинаға қарсы әрекеттеріне байланысты санкциялар енгізе бастаған еді. Алғашында сөз Қырымның заңсыз аннексиясына қатысты болды. Кейіннен, Трамптың алғашқы президенттік кезеңінде және Джо Байден әкімшілігі тұсында санкциялар тізімі бірнеше рет кеңейтілді.
Санкциялар аясында бірқатар ресейлік банктер мен компаниялар, ірі кәсіпкерлер және жоғары лауазымды тұлғалар шектеулерге ілікті.