Рудный қаласында 900 орынға арналған мемлекеттік тілде оқытатын мектеп ашылды

53
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JttjLl4GtsHSUTOnxQxEKomEVjiweZPOrhWJKUcF.jpg

2026 жылғы 5 ақпанда Рудный қаласында 900 орынға арналған мемлекеттік тілде оқытатын №8 жалпы білім беретін жаңа мектеп ашылды. Осы айтулы күнді оқушылар және олардың ата-аналары асыға күткен болатын.  

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтау сөзінде: «Осы мектептің ашылуы ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен, сондай-ақ қазақ халқының ұлы ағартушысы, біздің жерлесіміз Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылған "Келешек мектептері" Ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде өңір қалалары мен аудандарында 4500 орындық 6 мектеп ашылды. Біздің өңіріміз Мемлекет басшысының тапсырмасын орындады. Ендігі мақсат – осы мектептің әлеуетін тиімді пайдаланып, балаларға сапалы білім беру және ел дамуына үлес қосатын азамат етіп тәрбиелеу. Жаңа мектеп құтты болсын! Баршаңызға сәттілік, мектеп ұжымына жемісті еңбек пен толағай табыстар тілеймін!», – деді.

Рудный қаласының Құрметті азаматы, педагогикалық еңбек ардагері Ғабдолла Ахметжанов мектептің ашылуына жиналған қауымды құттықтап, өз батасын берді.
 

Бірінші сынып оқушысының әжесі Рашила Каленова жаңа мектеп өз оқушыларының екінші үйі болатынына сенімді. «Мектепте балаларымыздың жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндіктер жасалған. Мұнда білім алған оқушылар Қазақстанның патриоттары, белсенді және саналы азаматтары болып өседі деген сенімдемін», - деді.

Жаңа мектепте оқушылардың қабілеттерін ашуға барлық жағдайлар жасалған. Кіші, орта және жоғары буын үшін жеке блоктар қарастырылған. Химия, биология, физика, информатика, робототехника пәндік кабинеттері, сондай-ақ STEAM-зертхана оқушылардың зерттеу мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді. 

 Оқу кабинеттері компьютерлік жабдықтармен, интерактивті тақталармен, шет тілдер кабинеттері - лингафондармен жарақталған.  Мектепте қажетті құралдарымен 3 спорт залы, хореография залы, жайлы асхана бар. Еңбекке баулу шеберханаларында станоктар және тігін жабдықтары қойылған.

 Аулада оқушыларды жан-жақты дамыту үшін қозғалыс ойындарға және демалуға арналған алаңдар орнатылған.

Мектеп директоры Қымбат Бірманова мектеп ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға бейімделгенін атап өтті: мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін лифт, пандустар жұмыс істейді, арнайы санитарлық бөлмелер жабдықталған, инклюзияны қолдау кабинеті қызметін бастады. 

6 сынып оқушысы Ажар Рүстемова өз қуанышымен бөлісті: «Мектептің кітапханасы өте үлкен екен! Кітап қоры бізге оқуда қажет және қосымша еліміздің тарихи, мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік береді. Ыңғайлы және жайлы коворкинг аймақтар мен өнер студиясын көріп таңқалып отырмын, осы жерде болашақта  іске асыратын шығармашылық жоспарларымыз өте көп!»

Мектеп Қостанай облысы бойынша Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының өңірлік үйлестірушісі қызметін атқарып, осы салада халықаралық тәжірибе алмасу бойынша белсенді жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. 

Кеншілер қаласы үшін мектепте 62 жаңа жұмыс орнының ашылуы маңызды. Оның 34-і педагогтер, оларға сапалы білім беру және оқушылардың зияткерлік, спорттық және шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін жасалған қолайлы жағдайларды толығымен пайдалану міндеті қойылып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық жоба аясында 4500 орындық 6 мектеп ашылды:  Арқалық қаласында (300 орын), Қостанай ауданының Заречный ауылында (900 орын), екі мектеп Қостанай қаласында (1200 және  900 орын), Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылында (300 орын) және Рудный қаласында (900 орын)

Комментарии
Другие материалы