Биікшіл жаны биікте жатып жай тапты

234
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/v10jVtRreomZMvCNKGjXRTnYR5rv74imPSyHqMV8.jpg

Ақселеу аға қайтыс болғанда Кәдірбек ағадан (Сегізбаев)  жазып алып едім. Мақаланың тақырыбын "Биікшіл жаны биікте жатып жай тапты" деп қойыппын. Сол мақаланың  мына бір тұсын бөліскім келіп отыр.

"Ақаңның бала кезгi өмiр тарихы белгiлi. Ақселеу туған күнi әкесi соғысқа аттаныпты. Шешесi толғатып жатқан кезде әкесiн соғысқа алып кеткен ғой. Бес-алты шақырымға барғаннан кейiн, артынан “сүйiншi” сұрап, бiреу шауып келiптi. “Әйелiң босанды” дегендi естiген соң, шыдап тұра ала ма? Содан “мен барып келе қояйыншы” деп, жаңағының атына мiне салып, шауып отырып үйiне келiптi. Құндақтағы баласының бетiнен бiр иiскептi. “Шашы аппақ, селеу сияқты екен” деп қайта шауып кетiптi. “Ақселеу” деп қойған екен.

Сонда әкесi Сейдiмбек баласы Сланға: “Шырағым-ай, бекер оралдың-ау” деген екен. Айтқанындай келесi жылы қара қағаз келiптi. Содан Ақселеудi әкесiнiң ағасы асырап алады. Өзiнiң баласындай қылып өсiрген ғой. Бала кезiнде жетiмдiгiн бiреуден естiп қалып, қиялиланып мектепке бармай, “Қайтсем, өзiмнiң туған шешемдi тауып алам” деп, шешесiн iздеп кетедi. Шешесi басқа бiр ағайындарына әмеңгерлiкпен күйеуге шығып кеткен. Ол бауырына басқан әкесi мен шешесiндей болмайды. Оларға қайтып келуге бет жоқ. Содан бұзақы бала болып, вагон мен вагонның үстiнде секiрiп жүргенiн айтатын едi.

Бiр күнi “Осыны мен жазсам қайтедi” деп едiм, “жаза алсаң, жаз” дедi. Бұрын жыл сайын дәстүрлi әдеби конкурс өтетiн. Мемлекеттiк баспа комитетi, Қазақстан комсомолы орталық комитетi, Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыратын. “Жап-жасыл әлем” деген повесть жазып, сол 1981 жылғы жабық конкурста бiрiншi жүлде алып едiм. Ол ендi Ақаңның бала кездегi өмiр тарихы сияқты дүние. Кейiн асырап алған әке-шешесi тауып алыпты. Аңырап келiп: “Қу соғыс-ай, не көрсетпедiң?” деп, бүкiл вокзалдағы жұртты жылатып, Ақаңды қайта бауырына басыпты. Мiне, балалық шағын осындай қиындықпен өткiзген болатын".

Гүлзина Бектасова

Комментарии
Другие материалы