Алматыда су үнемдеу талаптарын орындамаған көлік жуу орындарының қызметі уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Информбюроға сілтеп.
Қолданылған суды қайта пайдалануға арналған құрылғы орнатпаған кәсіпкерлерге «Алматы Су» мекемесі ауыз суды беруді доғарып, қала бойынша 40-қа жуық нысан жабылған.
Қалада 500-ден астам көлік жуу бекеті жұмыс істейді. Су кодексінің талаптары күшейгеннен кейін ауыз суды пайдаланатын кәсіпкерлерге кір суды тазалап, қайта қолдануға мүмкіндік беретін арнайы жүйе орнату міндеттелген. Алайда ережені сақтамаған нысандарға қатаң шаралар қолданылып, су беру уақытша тоқтатылған.
Көлік жуу орындарының қызметкерлері жаңа талаптың қаржылық шығыны жоғары екенін айтып отыр. Десе де кәсібін сақтап қалу үшін көпшілігі су тазарту қондырғыларын орната бастаған.
Жаңа жүйе арқылы қолданылған су бірнеше кезеңнен өтіп тазартылады. Алдымен кір су қазандықта ауыр қалдықтардан арылтылады, кейін сүзгілерден өтіп, арнайы бөшкеге жиналады. Одан соң суға химиялық қоспалар қосылып, қайта пайдалануға жіберіледі. Кәсіпкерлер бұл қоспалардың көлікке зияны жоқ екенін айтады. Дегенмен қызмет бағасының өсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Алматы Су» мекемесінің мәліметінше, 500-ден астам кәсіпкерге ескерту беріліп, талапты орындауға уақыт қарастырылған. Алайда бүгінгі күнге дейін құрылғы орнатпаған 40-қа жуық нысан әлі де сусыз отыр.